Шымкенттегі атыстан екі адам жарақаттанды

327

Шымкентте атыс болып, екі адам жарақаттанды. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Қаңтардың 13-інен 14-не қараған түні Бауыржан Момышұлы даңғылында келе жатқан Тойота көлігін Ниссан көлігі қуып жетеді. Сөйтіп, соңғысының ішіндегілер Тойотаның жүргізушісіне бірнеше рет оқ атқан.

Бұл азамат қашпақ болып, алға қарай суырылып шыққанда Ниссандағылар оны қуып жетіп, тағы да оқ жаудырған. Соның салдарынан 22 жастағы жүргізушісі басынан ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізіледі.

Бұл аздай, қаңғыған оқтан сол көшеде кетіп бара жатқан жас қыз да жарақат алыпты. Ол да қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлерден хабар алған Абай және Қаратау полиция бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына тез арада жетіп, атыс болған жерден шолақ мылтық пен жарақат салатын тапанша оқтарының гильзасын тауып алады.

666

Осы факті бойынша тез арада қолға түсіру жоспары жүзеге асылырып, Ниссан көлігінде болған күдіктілер көп ұзамай тұтқындалды. Олар бесеу болған екен. Барлығы да Шымкент қаласындағы 112-орамның тұрғындары болып шыққан. Жасы үлкені 23-те болса, ең жасы — 19 жасар.

Полиция қызметкерлері күдіктілерден тапанша тауып алды. Ал шолақ мылтық біреуінің үйінің ауласында көмулі жатқан жерінен табылған.

333

Тергеу барысында күдіктілер өз әрекеттерін мойындады. Айтуларынша, жәбірленуші бұлардың бірімен 2014 жылдың сәуір айында төбелесіп қалыпты. Соның кегін енді алмақ болса керек.

Ал ауруханада жатқан жігіт те оңай шағылар жаңғақ емес болып шықты. Тәртіп сақшылары ол өзі мінген Тойота көлігін бірер ай бұрын қарақшылық шабуыл жасап, иесінен тартып алғанын анықтады. Содан кейін көлікті ақ түске қайта бояп алған.

Әзірге жәбірленуші жарақатына байланысты сұрақтарға жауап бере алмайды. Дегенмен, оңалған соң ол да қылмыстық жауапкершілікке тартылады дейді полицейлер.