Шымкенттен түйме шығарылады. Ол түйме еліміздің барлық тігін фабрикасын қамтуға қауқарлы. 2007 жылдан бастап түйме шығаруды шағын цехтан бастаған «KazPlast» компаниясы өндірісін жаңғыртты.
Отандық кәсіпорынға қолдауды «Даму»қоры көрсетіп отыр. Осылайша айына 5 мың дана түйме шығаратын өндіріс орныны қарқында жұмыс тәртібіне көшкен.
«KazPlast» компаниясы шығаратын түйме өндірісі автоматты түрде басқарылады. Әр түрлі пішіндегі түймелерді бояу — Махмуд Акзамхановтың міндеті. Түйме өндірісінің қыр-сырын меңгерген маман зауыт өнімінің сапасымен мақтанады.
Бұған дейін тек әскери киімдерге түйме жасап келген өндіріс орны инновациялық технологияны пайдаланбақ. Енді итальяндық түйме шығарудың құрал-жабдығын алып, түймелердің түрін көбейту ниетте. Осылайша Қазақстан ғана емес, Өзбекстан, Ресей, Белорусь елдеріне өнімін тарату жоспарлары бар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=p2LXanRf19Q[/youtube]
Ақылбек Алматов, «KazPlast» компаниясы директорының орынбасары: «Бүгінде Қазақстан нарығын қамтып отырмыз. Енді бір айда жаңа технология бойынша түйме шығарамыз. Себебі түйме өндірісінің ескі әдісі бойынша сұраныс азаюы мүмкін. Компания үнемі даму жолында болу керек. Сол кезде ғана тұтынушылар саны ұлғайып, халықаралық нарықта бәсекелестікке қабілетті бола аламыз».
Қазақстанда алғашқылардың бірі болып түйме өндірісін қолға алған компанияның жоспарын қолдап, қаржылық көмек көрсеткен — «Даму» қоры. Қор өз кепілдемесі арқылы банктен құрал-жабдықты алуға 45,175 миллион теңге несие алған. Сол қаржыға сатып алынған құрылғы арқылы жейделерге, көйлектерге, тондарға және арнайы киімдерге жаңа түйме жасауға мол мүмкіндік бар.
Айта өтейік, зауыт өнімі қалта көтерерлік бағада шығарылады. Түйме пішіні мен диаметріне байланысты саудаланады. Ең арзан түйме 1 теңге 80 тиын болса, қымбаты 4-5 теңгеге жуық. Ал өндіріске қажетті шикізат көрші Ресейден тасымалданады.