Сүйінші! Жерлестеріміз жеңіспен оралды. Өңіріміздегі мектептердің 14 бірдей оқушысы Болгарияның астанасы София қаласында математика пәнінен өткен халықаралық олимпиадада топ жарды. Осылайша білім саласының қоржыны 3 алтын, 4 күміс, 7 қола медальмен толығып отыр. Озат оқушыларды теміржол вокзалында ата-аналары мен ұстаздары және облыстық білім басқармасының басшылығы күтіп алды.
Дариға Мырзалы, №65 мектеп-гимназияның оқушысы: «Мен өте қуаныштымын! Мұндай жеңісті күткен жоқпын. 2 ай бойы дайындалдым, жарыста сауалдар қиын болды, бірақ дұрыс жауап бердім. Алдағы мақсатым — өзге де деңгейі биік байқаулардан бас жүлдені жеңіп алу, ел болашағына үлес қосу.»
Басқарма тарапы енді жеңімпаз шәкірттерге алдағы білім бәсекелерінде түрлі жеңілдіктер жасалатынын мәлімдеді. Айта кетейік, жерлестеріміз халықаралық жарысқа биыл 3-ші рет қатысып отыр.
Негізі, байқаудың облыстық іріктеу шарасына 450 оқушы қатысып, 19-ы осы «Черно Ризец Храбр» халықаралық олимпиадасына аттанған. Жолдамаға көбінесе 4-9-сынып аралығындағы шәкірттер ие болған.