Айман Телходжаева – суретші. Портрет жанрының шебері. 1976 жылы дүниеге келген. Бірінші сыныпта оқып жүргенде Шымкенттегі балалар көркемсурет мектебіне анасы жетектеп алып барған. Сосын Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет колледжінде білімін жалғастырған. Жақында біз оның шеберханасында қонақта болдық.
Сурет салуға деген қызығушылығымды ең алғаш анам байқаған. 7 жасымнан бастап сурет саламын. Колледжді тәмамдаған соң тұрмысқа шықтым. Тәуелсіздікке қол жетіп, елдің еңсесі енді көтеріле бастаған тұс еді. Сурет салып, оны сатып өмір сүру мүмкін болмай қалды. Сосын бәрін ысырып қойып, қолөнермен, зергерлікпен айналысып кеттім. Киізден түрлі бұйымдар жасадым. Жүрек қалауым болмағасын өз-өзіме көңілім толмайтын. Металмен жұмыс істейтіндіктен мінезің қатты болу керек екен. Ал менің мінезім жұмсақ. Араға он жыл салып, суретшілікке қайта оралдым.
Қазір көбіне портрет саламын. Өйткені сұраныс көп. Табиғаттың суреттерін Қытайдан арзан бағаға алып келіп, сатып жатыр. Көшірмелер көбейіп кетті. Кәсіби суретшілерге жылына он шақты тапсырыс бола ма, болмай ма, білмеймін. Ал портрет салдыртуға жиі тапсырыс береді. Туған күн, той, басқа да мерекелерде жақындарына, дос-тарына сыйлайды. Портрет салу оңай емес. Онда кейіпкеріңнің табиғатын, мінезін, ішкі дүниесін аша білуің керек. Сонда ғана шынайы шығады. Ал кейіпкер бұл күні өмірде жоқ, танымал тұлға болса, оның өмір сүрген заманын зерттеуге тура келеді. Көзқарасын, таным-түйсігін беру үшін көп ізденесің. Бұрын орыстар, өзбектер көп салдыратын, соңғы кездері қазақтар да көптеп тапсырыс бере бастады.
Бір портретті 2-3 сағатта саламын
Жер бетінде қанша жұмыр басты пенде болса, сонша мінез, сонша әлем бар. Бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Портрет жанрына деген махаббатымды осы нәрсе арттырып келеді. Бір портретті 2-3 сағатта, ал қиындарын 2-3 күнде саламын. Апталап, айлап салып, ойланып жүрмеймін. Неғұрлым тез салсам, суретім жақсы шығады. Ал бағалары 5 мың мен 50 мың теңгенің арасы. Топтасқан портреттің бағасы 200 мыңға дейін барды. Ол суретте 20 адамның кескінін бейнеледім. Тапсырыс көп. «Менің әлемім», «ВКонтакте», «Инстаграм» сынды әлеуметтік желілер арқылы тауып алып, Алматы, Астана, тағы басқа қалалардан да хабарласып жататындар бар. Электронды пошта арқылы жіберген суретіне қарап салып, кейін пойыз жолсеріктерінен беріп жіберемін.
Кәсіпкер Қайрат Сапарбаев 2001 жылдары «Кең баба» саябағынан суретшілер үйін ашып берді. 11 жыл сол жерде отырып салдым. Жақсы тәжірибе жинадым. Кейін «Достық» қонақүйіне ауыстым. Бірінші көрмемді де сол жерде өткіздім, суретшілердің галереясын аштық. Қолөнершілерді жинап, жәрмеңке өткіздік.
Бірақ қарбалас өмірден, адамдардан шаршайды екенсің. Тыныштық керек болды. Жаным оңашалықты қалады. Сосын осы пәтерді жалға алып, шеберханамды жасақтадым. Қазір басқа жерде сурет сала алмаймын. Осы аура, осы пәтерде ғана қылқаламым керемет туындыларды дүниеге әкелетін секілді.
«Түркістанды» қайтарып алдым
2009 жылы алты ай жүріп осы суретті салдым. «Түркістан» деп аталады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынып, енді әрлеу жұмыстары басталған кезін бейнелегенмін. Күн батып бара жатқан сәт. Бұл сурет менің тұмарым іспетті. Сатып жібермекші болғанмын. Бірақ осы сурет шеберханамнан алыстаған еді, қолым да, жолым да жүрмей қойды. Сосын қайтарып алдым. Қымбат бағаға сұрап келгендер де болды. Бірақ бермедім. Осы суреттен айырылсам, суретшілік бағытымнан жаңылып, бақытымнан алыстайтындай көрінемін.
Тәжірибең артқан сайын шеберлігін де шыңдалады. Қолың үйренеді. Айнытпай салуға дағдыланасың. Бұрын тапсырыс берушінің алып келген фотосының сапасына байланысты еді. Қазір кез келген сападағы суретті айнытпай көшіріп салып бере аламын. Тіпті ескі газеттің қиындыларын, жырым-жырымы шыққан суреттерді алып келеді. Кішкентайымнан қалам алып, сурет салғанның әсері болар тез саламын.
Өз туыстарымның портретін салмаймын
Бір қызығы, мен туған-туыстарымның, отбасымдағы адамдардың портреттерін сала алмаймын. Осы уақытқа дейін жақын адамдарымның кескін-келбетін қағазға түсірмеппін. Ренжиді, әрине. Оларға табиғаттың, басқа да көріністерді салған суреттерімді сыйға тартамын. Сондай-ақ, сурет салудың қыр-сырын үйренгісі келетін оқушылар, студенттер хабарласып жатады. Ол үшін педагог болып туылу керек сияқты. Шәкірт тәрбиелеу қолымнан келмейді. Сол себепті бас тартамын. Үлкен қызым Жанна сурет салуға біртабан жақын. Қабырғаға да сала береді. Ол арнайы үйірмеге қатысқан жоқ. Өзі қызықты, үйренді. Болашақ мамандығы — психолог. Десе де осы салада айтарлықтай жетістікке қол жеткізетініне сенемін. Бағыт-бағдар бере алатыныма қуанамын.
Шаршасам тауға кетіп қаламын
Шымкентте жақсы портрет салатын суретші қалмады, біреуі өмірден озды, біреуі зейнеткерлікке шықты. Біреуі шетелге көшіп кетті. Соңғы он жылда салған суреттерімнің санынан өзім жаңылысамын. Шаршасам, жалықсам Сайрам-Өгем тауына шығып кетемін. Сол жерден күш-қуат алып қайтамын. Шабытым оянады.
Әрбір портретті салғаннан соң өзіңнің өскеніңді байқайсың. Көрме өткізгеннен кейін де көп нәрсе өзгереді. Жаңа идея-лар келеді. Шымкентте үлкен көрмем – 2012, 2013 жылы, яғни екі рет өтті. Алдағы уақытта Алматы, Астана қалаларында, сосын Еуропа елдерінде жасағым келеді.
Жазып алған – Әйгерім Бегімбет
№3 21. қаңтар 2015 жыл