Түркістан қаласы ел игілігі жолындағы тағы бір жаңа ғимаратпен толықты. Бүгін «Түркістан аумақтық мүгедек балаларды оңалту орталығының» қосымша ғимараты пайдалануға берілді. Аталған шараға Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов пен Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев қатысып, мүмкіндігі шектеулі балғындарды қосымша жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ бой көтеріп жатқан қалалық балалар ауруханасының құрылыс барысымен де танысты.
Ерлан Айтаханов, облыс әкімінің орынбасары: «Елбасының білімге деген қамқорлығының нәтижесінде бүгінде жаңа мектептер бой көтеріп, олардың материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Соның ішінде өздеріңіз қызмет ететін балаларды оңалту орталығы ғимаратының қайта жаңғыртылуы баршамызды қуантарлық жайт. Тек білім беру ісі емес, балалардың қоғамға бейімделуіне бар ғұмырын арнаған сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймын.»
Аталған ғимарат 2002 жылы ардагерлер үйіне арналып салынған болса, 2008 жылы Түркістан аумақтық мүгедек балаларды оңалту орталығы болып ашылған. 30 орынға арналған бұл мекемеге облысымыздың 5 ауданынан балалар келіп тәрбиеленеді. Осы бағытта орталық қызметіне сұраныс артып, 2012 жылдан бері балалардың сыйымдылығын арттыру бойынша қосымша ғимарат қажеттігі жөнінде мәселе көтерілген еді.
Соның нәтижесінде 2014 жылдың сәуір айында басталған жаңа ғимарат құрылысы бітіп, пайдалануға беріліп отыр. Облыстық бюджеттің есебінен 118 млн. теңгеге салынған ғимарат 30 балаға арналған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту үшін барлық жағдайлар қарастырылған.
Бұған дейін жыл сайын 396 баланы оңалтуға қызмет көрсетіп келген орталықтың ендігі мүмкіндігі екі еселенбек. Себебі, бастапқы ғимараттағы 30 орынға тағы да 30 орындық жаңа ғимарат қосылып отыр. Яғни бұдан былай мұнда 40 жатын орын және 20 орын күндізгі бөлім ретінде қызмет көрсететін болады.
Түркістан аумақтық мүгедек балаларды оңалту орталығы ай сайын 30 бала қабылдай алады. Мұнда «Тірек-қимыл қозғалысының кемшілігі бар» диагнозы қойылған 7-18 жас аралығындағы балалар ем алады.
Дереккөз: Түркістан қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі