«Отшашудың салдарынан көз жарақатын алған», «Петарда атамын деп қолын күйдірген». Жаңа жыл қарсаңында осындай себептермен ауруханаға түсетіндер көп. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің басым көпшілігі балалар. Ақ халаттылардың айтуынша, бұған балақайлардың от шашуды дұрыс қолданбауы себеп болып отыр. Бұған бала-шағамен аулада, көп қабатты үйлердің балкондары мен лоджаларына жиналып алып, отшашу «атуды» берік дәстүрге айналдырып алған ата-аналардың да кінәсі бар.

52-002

Себебі, ата-ана балаға фейрверктің қаншалықты денсаулыққа қауіпті екенін түсіндіріп, тыйым салудың орына оны өз еріктерімен сатып алып, қолына ұстатады. Нәтижесінде оң-солын танып үлгермеген балақайлар қайғылы жағдайға душар болып, аурухана төсегіне таңылады. Ал, ата-аналардың бұған өз уәждері бар. Олар жарылғыш заттардың сатылымы­на толықтай тыйым сала алмай отырған құзырлы органдағыларға айып тағады. Құзырлы органдағылар болса, жарылғыш пиротехникалардың түрлерін қолдануға тыйым салынғанын алға тартып отыр. Тіпті, бұл жөнінде өткен апта барысында өңірдің төтенше жағдайлар қызметкерлері мен мектеп директорларының қатысуымен өткен арнайы жиында да айтылған. Десек те фейрверктерге қаншалықты тыйым салынғанымен халық арасында оған деген сұраныс төмендер емес.

Құрбанкүл Ақылбекова, зейнеткер:

– Жаңа жылдан бастап кез келген мейрамдарда Қытайдың немесе басқа елдің пиротехникаларын пайдалануды доғару керек. Бұл үшін Үкімет батыл шешім қабылдап, нақты шараларды белгілегені жөн. Әйтпесе, біздің балаларымыздың денсаулығы, яғни болашағы бұлыңғыр болатыны даусыз. 

Сондықтан да отшашуды пайдаланғанда мейлінше абай болып, мына қарапайым ережелерді есте сақтаңыз:

– жарылғыш затты қалтада алып жүруге;

– жаймалардан, көшеден пиротехника­лық бұйымдарды сатып алуға;

– адамға қарай атуға;

– аяқ астына лақтыруға;

– бетке жақын ұстауға болмайды!

Жыл сайынғы мереке қарсаңында әр ауданның аудандық инспек­торлары тапсырмаға сәйкес білім ордаларына барып түсіндірме сабақтарын, пиротехникалардан күйіп қалудың алдын алу шараларын жүргізеді екен.

52-001

Ал, мектеп бас­шылары болса, өзіміз де тәрбие сағаттарын өткіземіз дейді. Шынын айту керек, отшашудың зияны жайында дәрігерлер де айтудай-ақ айтып жатыр. Жыл сайын жаңа жыл мерекесі қарсаңында офтальмолог дәрігерлер мектептерде түсіндіру жұмыстарын өткізіп, отшашудың көзге қаншалықты зиянды екенін түсіндіреді. Бұл туралы БАҚ-та да айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылуда. Алайда, оған назар аударып, нәтиже шығарып жатқан тұрғындар жоқ. Оның айғағы, жыл сайын фейрверк- тен қолы, көзі күйіп, ауруханаға таңылатын науқастар көп. Олардың дені кәмелет жасқа толмаған мектеп оқушылары. Осы ретте жарылғыш заттардың қаншалықты қауіпті екенін мұғалімдер мен сала мамандары түсіндірсе де, мұны балаға ата-анасынан артық ұғындыратын жан жоқ екенін айтқымыз келеді. Ал, қайғылы жағдайға душар болған жағдайда, уақыт созбай дәрігерге көріну керек. Себебі, үйде отырып шоқ түскен көзге тамшы тамызып, теріге емдік май жағуға болмайды. Мұндай күйіктерді тек дәрігерлер ғана емдеуі керек. Ол-ол ма, отшашудың ересектер үшін де зиянды екенін естен шығармаған абзал.

Асхат ӨСЕРБАЕВ, облыстық балалар ауруханасының дәрігері:

– Жылда жаңа жыл мерекесі қарсаңында біздің ауруханаға түсетін балақайлардың саны әдеттегіге қарағанда көп болады. Көбісі отшашумен ойнаймын деп күйіп түседі. Олар жарақатына қарап емделуге жіберіледі. Көзі жарақат алғандар офтальмологиялық бөлімшеге, беті, қолы, аяғы күйгендер күйік бөлімшесіне жатқызылады. Егер жарақаты ауыр болмаса ем-домын жасап, үйлеріне қайтарамыз.

– Пиротехникалардан шыққан жағымсыз ыс ауаға тарайды. Сол улы жағымсыз иіс алуан түрлі тыныс ауруларының тарауына себепші. Сондықтан да жаңа жылдың ертеңінде талай адамның басы ауырып, тыныс жолдары тарылып, жедел жәрдем қызметін шақыратындар көп. Ал, жасөспірім балалар әлгіндей жағымсыз иіске тіпті де шыдай алмайды, – дейді дәрігерлер.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», егер балаларымыздың амандығын, денінің саулығын ойласақ, онда әр отбасына қуаныштан гөрі қайғы, қауіп әкелетін пиротехника атаулыдан іргемізді аулақ салғанымыз дұрыс.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №52, 24.12.2014