Жаңартылған кодекс халыққа түсіндірілуде

528

Жұртты дүрліктірген жаңа норманың жаңалығы көп. Жетінші қаңтардан бастап күшіне енген әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің қатаңдатылған ережелерін түсіндіру жұмыстары басталып та кетті. Жалпы, 920 баптан тұратын кодекске 80 пайызға жуық толықтыру енгізілген. Соның кейбіріне тоқтала кетсек.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Zm-7aOTg72o[/youtube]

Енді тіркеуі жоқ баспанада 3 айдан ұзақ тұрған азаматтарға айыппұл салынады. Қоғамдық орында темекі шеккендер жауапқа тартылады. Полицияға түскен кез-келген шағым бойынша бірден қылмыстық іс қозғалады.

Бұрынғы 970 баптық кодекс 920-ға қысқарды. 89 бап алынып тасталса, 31 бап жаңадан енгізілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ерекше бөлімінен 44 бабы толығымен қылмыстық кодекске теріс қылық ретінде тіркелді.

Өзі тұрып жатқан үйінде тіркелмегендер жауапқа тартылады деген жаңа талап бүкіл жұртты дүрліктірді. Әсіресе, туысқанының үйіне тіркеліп, өздері пәтер жалдап тұратын қарапайым халыққа қиын болды. Кодекстің жаңа бабы бойынша сізді тіркеуден шығарып тастамаған туысыңыз да, пәтерін жалға беріп, бірақ сізді тіркеуге тұрғызбаған қожайын да жауапқа тартылады. Қазір Шымкенттегі барлық учаскелік полицейлер өз аумағындағы үйлерді аралап, әр тұрғынға түсінік беріп жатыр.

Бүгін есігі қағылған үйлердің басым бөлігінде пәтер жалдаушылар тұрады екен. Ал олар тіркеу тауқыметін жасырмайды. Дегенмен заңды орындаудан бас тартпайтындарын да айтады.

Ескерту алған ағайынның біразына хаттама толтырылды. Егер үш айдың ішінде тіркеуге тұрмаса, айыппұл салынады. Оның нақты соммасы да белгілі — 5 айлық есептік көрсеткіш. Яғниз, 1982 теңгеден есептейтін болсақ, 9 910 теңге.

Сапархан Апашов, Шымкент қалалық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы: «Он күннен үш айға дейінгі мерзімде тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеуге тұрмаған азаматтарға алдымен ескерту беріледі. Үш айдан соң да тіркеуге тұрмаса, бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Қайталап жалғастыра берсе, он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.»

Жаңа талап бойынша ретсіз саудаға да орын жоқ. Белгіленбеген орындарда сауда жасаған азаматтарға бұрын ескерту берілген болса, енді айыппұл бірден салынады. Көше көркін қашырғандар 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Егер қайталаса, айыппұл екі еселенеді. Бұл қатаңдатылған шара саудагерлердің қалтасын қағатыны жасырын емес.

Ал қоғамдық орында мүлде темекі шегуге болмайды. Сондай-ақ, мейрамханалар мен кафелерде темекіге тыйым салынды.

Жаңа әкімшілік құқық бұзушылық кодекс бойынша айыппұлдарды төлеуге жеңілдік жасалған. Тәртіп бұзған тұлғаға әкімшілік хаттамамен бірге түбіртек беріледі. Түбіртек анықтамалық түсіндіруші рөлін атқарады. Онда айыппұлдың мөлшері, оны төлеу тәртібі және банк реквизиттері көрсетіледі. Сондай-ақ, айыппұлды төлеуге жеңілдік те қарастырылған.

Әділхан Пірімқұлов, Шымкент қалалық ІІБ әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы: «Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін тұстар да қарастырылған. Айыппұлды жеті күн ішінде төлесе, 50 пайыздық жеңілдік бар.»

Тағы бір жаңалық — алақан жайып, тиын-тебен сұраған қайыр сұраушылар мен балгерлерге және тәнін саудалаған жезөкшелерге айыппұл салынады. Садақа сұрап күн көріп отырғандар 10 мың теңге айып төлейді. Бірақ жаңа заң бойынша тек мазаны алғандар ғана осындай жазаға тартылмақ.

Бір айта кетерлігі, мемлекеттің заңнамаларын қадағалайтын қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық және әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодекстердің бір мезетте тұтастай жаңартылуы ешбір елдің тәжірибесінде болмапты.