Жаңа жыл түні туылған балалардың басым бөлігі бүгінгі таңда перзентханадан шығып жатыр. Отбасыларына барып, жаңа жылда жаңа бақыт сыйлауда. Ал ата-аналарының қуанышында шек жоқ.
Ақмарал Тотыбекова 1-қаңтар күні үшінші сәбиін дүниеге әкелген. Осылайша Қазығұрт ауданы, Ақбұлақ елдімекені тұрғындарының саны артып отыр. 2015 жылдың алғашқы күні туылған сәбидің есімі — Руслан.
Ақмарал Тотыбекова: «Осы сәбиімді 2015 жылдың басында дүниеге әкелсем деп қатты армандадым. Арманым орындалды. 31-желтоқсан күні түнде толғағым басталды. Содан таңертең босандым. Баламның жағдайы жақсы, бүгін шығамыз. Отбасыммен қауышып, екі балама інілерін көрсетіп, қуантқым кеп отыр.»
Ақмарал баласын аман-есен босанған №1 облыстық перинаталдық орталықта желтоқсанның 31-нен 1-қаңтарға қараған түні 46 нәресте туылған. Мерекеге қарамастан кезекшілік еткен дәрігерлер өз міндетін абыроймен атқарыпты. Айта өтейік, былтыр бұл перзентханада он мыңға жуық сәби туылған.
Салтанат Аққошқарова, №1 облыстық перинаталдық орталықтың ана мен бала бөлімінің меңгерушісі: «31-желтоқсаннан қаңтардың біріне қараған түні 46 сәби дүниеге келді. Бізге жүкті аналар облысқа қарасты 12 ауданнан келеді. Мереке түні дүниеге келген бала мен қыздың саны тепе-тең. Мұны жақсылыққа балап отырмыз. Ана мен нәрестелердің жағдайы жақсы.»
Ал №4 облыстық перинаталдық орталықта жаңа жылдық мереке күндері 60 бала дүниеге келген. Жеті ұл бала, алты қыз 31-желтоқсаннан 1-қаңтарға қараған түні ата-аналарын қуантқан. Қаңтардың 2-іне — 10 ұл, 8 қыз, 3-қаңтарда — 7 ұл, 7 қыз, ал 4 қаңтарда 6 ұл, 9 қыз дүние есігін ашыпты. Босанған аналар мен сәбилердің денсаулығы дәрігерлердің бақылауында. Орталықта күтім өте жақсы, барлық жағдай жасалған деп отыр аналар.
Айтпақшы, былтыр Оңтүстікте санаулы ғана үшем дүниеге келген еді. Солардың ең кішкентайлары 28-қараша күні туылыпты. Үш бірдей қыздың анасы — Дильдора Шамшиметова. Фатима, Зухра, Аминаның алдында бір қыз, үш ұлы бар екен. Көпбалалы жас ананың ендігі арманы — баспаналы болу.
Дильдора Шамшиметова, жас ана: «Үшемге дейін бір қыз, үш ұлым бар. 27 жасымда көпбалалы ана атанып отырмын. Баланы өзіміз үшін туамыз. Бірақ, мемлекеттен кішкене көмек болса деп ойлаймыз. Үшемдерге үй берілсін деген Қуаныш Айтахановтың сөзі жерде қалмаса екен деп тілеймін.»
Жылқы жылында туу көрсеткіші жағынан оза шапқан Оңтүстіктің аналары биыл да бұл белесті бағындырмақ ниетте. Қой жылының алғашқы күндері-ақ бала санынын артып жатқаны қуантады. Ендігі тілек — ана мен баланың саулығы, әлеуметтік жағдайының көтерілуі.