Жуырда Шымкент қаласында «ОҚО Азаматтық альянсы» үкіметтік емес ұйымдар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі» өтті. Жәрмеңкенің жеңімпаздары мен жүлдегерлері өз жобаларын жүзеге асыруға қажетті қаржыны алу үшін 2015 жылы мемлекеттік тапсырыс алуға қатысады. Осы ретте біз жәрмеңкеде жеңімпаз атанған «Эко-Атамекен» қоғамдық бірлестігінің өкілі Қайрат Зайнишевпен сұхбаттасқан едік.
– Жеңіс құтты болсын! Жобалар туралы кеңірек айтып бере аласыз ба?
– Біз жәрмеңкеге екі жоба ұсындық. Біріншісі – «Жеткіншектерді еңбекке баулу – жарқын болашақ кепілі» болса, екіншісі – «Интернеттің тиімділігін пайдалана отырып, қоғаммен байланыс орнату» деп аталады.
Бірінші жоба, аты айтып тұрғандай, жеткіншектерді еңбекке баулуға арналған. Біздің «Эко-Атамекен» қоғамдық бірлестігіміз «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығымен тығыз байланыс орнатқан. Өткен жылы республикалық корпоративтік қордан грант ұтып алып, сол «Қаратау» қорығының жанынан тұқымбақ ашқанбыз. Ұсынған жобамызда осы ашылған тұқымбақтағы жеміс-жидек ағаштарының көшеттерін балалардың өзен бойына отырғызуы қарастырылған. Көшеттерді өз қолымен отырғызған бала жас өскіннің тамыр алып өскенін көріп, табиғатқа жанашырлықпен қарайды. Ол ағашты кесіп тастамайды, сындырмайды. Қамқор болады. Ластамайды. Қадірін түсінеді. Бұл жобаның өзектілігі сол, балалардың отырғызған көшеттері жайқала өсіп, жеміс бергеннен кейін жеміс-жидектерін жинап, сатылымға шығару. Сатылымнан түскен қаржыны жобаның ары қарайы дамуына жұмсау. Балаларға сыйақы беру.
Екінші жобаның мақсаты – ауылдық жерлерде интернеттің тиімділігін пайдалана отырып, қоғаммен байланыс орнату. Кентау қаласына қарасты 4 ауыл бар. Осы ауыл жұртшылығына интернеттің тиімділігін түсіндіруді көздеп отырмыз. Интернетті тек қана хат алмасу, музыка тыңдау мен кино көруге ғана емес, өз кәсіптерін жарнамалауға пайдалануды үйрету, жұмыссыз жастардың өзге облыс-қалалардан интернет арқылы тұрақты жұмыс табуына көмектесу, ауылдағы өзекті мәселелерді әлеуметтік желілер арқылы тарату, хабардар ету, жаңалықтарды дер кезінде оқып-білуге тарту да мақсаттарымызға кіреді. Жәрмеңкеде осы мәселелердің тиімділігін қорғап, түсіндіріп бердік.
– Жобалардың жүзеге асырылу мерзімі қанша уақытқа созылады?
– Жоба алдағы уақытта қолдау тауып, қаражат бөлініп жатса, онда «Жеткіншектерді еңбекке баулу – жарқын болашақ кепілі» жобасы бір жарым ай ішінде атқарылады. Белгіленген мерзімі сондай. Ал, «Интернеттің тиімділігін пайдалана отырып, қоғаммен байланыс орнату» жобасы он күнге созылады.
Бұл қос жобаның да артықшылығы – жоба уақыты аяқталғаннан кейін де біздің жасаған істеріміз жалғасын таба береді. Яғни, халық өзі үйренгенін кәдеге жаратады. Тиімді жолын үйренеді. Жұмысын жандандырады.
– Қос жобаның әрқайсысына қанша теңге сұралып отыр?
– «Жеткіншектерді еңбекке баулу – жарқын болашақ кепілі» жобасына 154 мың теңге төңірегінде, ал «Интернеттің тиімділігін пайдалана отырып, қоғаммен байланыс орнату» жобасына 254 мың теңге сұралды.
– Бұл қаржы көлемі жәрмеңкеде қорғалған басқа жобалардан әлдеқайда аз. Бұған не себеп?
– Біз алғашқыда осылай бастадық. Алдымен жобамыздың тиімділігін, нәтижесін көрсетейік. Ары қарай жақсы нәтижеге жетіп, жемісін беріп жатса, онда ауқымын кеңейтеміз. Мысалыға «Жеткіншектерді еңбекке баулу – жарқын болашақ кепілі» жобасында бастапқыда 15 оқушымен жұмыс істейміз. Олармен жұмыс істеудің тиімділігін көрсетсек, онда алдағы уақытта 30-60 оқушыны тартамыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Жәнібек НҰРЫШ
«Оңтүстік Рабат», №51, 17.12.2014