Жетім жігіт «момындығынан» пәтерден қағылды

370
Қанат Сегізбаев үй кезегіне ақпан айында тұрғанмын дейді

Жетім балалар жеңілдікпен берілетін пәтерден қағылды. Себебі Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының басшылығы заңды белден басқан. Біздің редакцияға Қанат Сегізбаев есімді азамат осылай деп шағымданып келді. Айтуынша, баспаналы болу үшін алғашқылардың бірі болып құжат тапсырған, бірақ пәтер кезегінің тәртібі сақталмағандықтан, далада қалыпты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=cwzcB3Cv0pg[/youtube]

Қанат Сегізбаевтың баспана әлегімен сабылып жүргеніне жыл толды. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ. Сөзіне сенсек, ата-анасының соңында ағайынды үшеу қалған. Бауырларының жәйін ойлаған азамат бүгінде амалсыз пәтер жалдап тұрады. Айына 40 мың теңге пәтерақы төлейді.

Қанат Сегізбаев
Қанат Сегізбаев

Қанат Сегізбаев, «Сен осы айдың аяғына дейін, яғни 2014 жылдың соңына дейін пәтер аласың деп айтқан болатын «Жұмыспен қамту» орталығының басшылығы. Бірақ пәтер маған әлі берілген жоқ. Өзім қазіргі уақытта жұмыссызбын, інім де, әпкем де жұмыссыз.»

Осылайша берілген уәде орындалмапты. Жас жігіт кезекке алғашқылардың бірі болып тұрғанымен, әлі күнге дейін үйсіз жүр. Өзінен кейін кезекке тұрған құрдастары баспаналы болғанын айтады.

Осындай әділетсіздікке тап болған жетім жігіт құқығын қорғайтын заңгер де жалдапты. Себебі қалалық жұмыспен қамту орталығының басшылығы заңды белден басты деп отыр.

Құттыбай Керімқұлов, заңгер: «Прокуратураға арыздандық, Әл Фараби аудандық прокуратураға да арызды апардық. Олар тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде «Заңбұзушылықтарға жол берілген» деп жауап берді бізге. Яғни ұсыныс осы қызметкерлерге шара қолдану үшін әкімшілікке жіберілген. Бірақ Сегізбаев Қанат пәтер алады немесе алмайды деп әлі ешқандай жауап келген жоқ. Қазір бізге белгілі болғаны, мекеменің директоры Нәзипа Төлегенқызы жұмыстан босатылды.»

Қанат Сегізбаев үй кезегіне ақпан айында тұрғанмын дейді
Қанат Сегізбаев үй кезегіне ақпан айында тұрғанмын дейді

Заңгердің сөзін қалалық жұмыспен қамту ораталығы басшысының орынбасары да растады. Айша Қамбарбекова жетім балаларға тағайындалған пәтер бағдарламасында комиссияның хатшысы болған. Айтуынша, кезек тәртібінің сақталмауына жетім қалған жастардың өздері кінәлі.

Айша Қамбарбекова, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы: «Көп азаматтар үй ала алмағаннан кейін шағымданған. Ол арыз министрлікке, басқа органдарға түскеннен кейін «Ойбай, солар тыныш болсын, солар тыныш болсын» деп, кезекке де қарамай, соларға беріп жібердік. Бәлеқорлар алды да, момындар қалып қойды. Енді соның бірі арызданыпты, сол бойынша іс қаралды.»

Қалалық жұмыспен қамту орталығы директоры міндетін атқарып отырған маман биыл жетімдерге баспана берілмейтінін мәлімдеді. Себебі тағайындалатын баспана таусылған және мемлекеттік бағдарлама биыл үкіметтен қолдау таппапты. Ал «момындардың» сапынан табылып, баспанадан қағылған Қанат Сегізбаев енді арызды Астанаға жазамын деп бекініп отыр.