Облыстық прокуратураның мәліметінше сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның көріністерін болдырмау бағытында атқарылған белсенді шаралардың нәтижесінде тәртіптік жауапқа 78 лауазым иесі тартылыпты. Тиісінше 9 қылмыстық іс қозғалған.
Мәселен, Шардара суқоймасындағы бөгет құрылысын салу кезінде қызметтік жалғандық жасағаны үшін «Қазсушар» РМК ОҚО филиалының директоры И.Мадияровқа қатысты сот үкімі шығыпты. Мемлекетке келтірілген 22 млн теңге шығын толығымен өндірілген. Қазір аталған объектіні қаржыландыру тоқтатылса керек.
Жалған кәсіпкерлікке қарсы іс-қимыл бағытында біршама нәтижелер бар көрінеді. Соттармен жалған кәсіпорындардың мемлекеттік тіркеуін бұзу туралы 37 талап-арыздар қанағаттандырылып, олардың бюджет алдындағы қарыздары 24,2 млрд теңгені құраған.
Діни экстремизм мен терроризм бағыты бойынша да жұмыстар жанданып келеді. Жыл басынан бері жедел іздестіру қызметі субъектілерімен экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл бағытында 7 қылмыстық іс қозғалған. Оның 2-еуі террористік және экстремистік қызметті қаржыландыру дерегі бойынша қозғалып, кінәлілер сотталыпты.
Дәурен Әбдіраманов
«Оңтүстік Рабат», №5, 04.02.2015