Жылдар бойы жыр болған қорғасын зауыты қалдықтарын жою мәселесі әлі күнге өз шешімін таппай келеді. Ғалымдар қоршаған ортаға залалы мол бұл үйінділердің зиянын жойып, тіпті оларды өндірісте қолдануға болады деп отыр. Ал жергілікті билік өкілдерінің көздеп отырғаны не?

Қоршаған ортаға зиянды қалдықтар талай жиынның тақырыбына арқау болып келеді. Естеріңізде болар, осыдан 2 жыл бұрын облысқа іс-сапармен келген сол кездегі қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров та экологиялық түйткілге нүкте қоятын нақты шешім қабылдауды тапсырған болатын. Алайда зауыт қалдықтары әлі күнге қала аумағында тау боп үйіліп тұр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=AMsX8huaMZI[/youtube]

Жалпы салмағы 2 млн. тоннадан асатын қалдықтың зияны айналасындағы елдімекендермен қатар қала аумағына да тиеді. Ауаны ластағаны өз алдына, жерді де құнарсыздандырады. Экология департаментінің зертханасында әр тоқсан сайын құрамы бұзылған топырақтан сынамалар алынады. Оның құрамындағы қорғасынның мөлшері қалыптағы мөлшерден бірнеше есе артық дейді мамандар.

«Қара тауды» халыққа зиянын тигізбейтін етіп, тіпті. үйіндіден көл-көсір пайда табуға болады. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ғалымдары қалдықты жабайы шөптермен көмкеріп, зиянын жоюдың жолын ұсынып отыр. Таңдалып алынған шөптердің тұқымын арнайы контейнерде өсіріп, қалдықтың үстіне шашса, ол көбейе келе бетін толық жабады. Жап-жасыл боп жайқалған кілемшеден бағалы заттарды аршып алуға да ыңғайлы.

Қалдықтарды қайта өңдеу арқылы құрылыс материалдарына қолдануға болады. Облыс басшылығының бастамасымен коммуналдық меншіктегі үйінділердің құрамы зерттеліп, цемент өндірісінде және темір-бетон бұйымдарын жасауда жарамдылығы анықталды. Қалдықтар тіпті жол құрлысында да әжетке жаратуға болады.

Қорғасын зауытының қалдықтары республика көлемінде талқыға салынғалы қашан. Үйінділерді қала сыртына көшіру мәселесі бірнеше рет көтерілгенімен, жүзеге аса қоймады. Жергілікті биліктің ендігі шешімі экологиялық түйткілге соңғы нүктесін қояды деген деген үміт басым.