«Өзге елдің намысын қорғауға келіспеймін»

Ол – қазақтың мақтанышы. Жауынгерлік самбо, ережесіз жекпе-жек, джиу-джит­суды меңгерген кәсіби спортшы. Еліміздің намысын әлемдік додаларда қорғап жүрген 25 жасар Арман Оспанов туралы айтып отырмыз. Жастығына қарамастан бірнеше ірі жарыстарда ел туын көкке желбіретіп, әлемді мойындатып үлгерген спортшы жақында тағы бір чемпиондық атақты қанжығасына байлады.

06-001

– Арман, жеңісіңіз құтты болсын! Күні кеше Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында самбо күресінен «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін» өткен Әлем Кубогында жеңімпаз болып, турнирдің үздік спортшысы атаныпсыз?

– Рахмет. Әрине, Елбасы жүлдесіне ие болу – мен үшін мәртебе. Мен үшін 2014 жыл – жемісті жыл болды. Спорттық карьерамда жетістіктер артып, тәжірибе жинауға мүмкіндік туды. Мұнымен тоқтап қалмауым керек. Қазіргі таңда Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда бапкер әрі спортшы ретінде жаттығу жасап жүрмін.

– Сонда сіздің өзге елдің атынан сынға түсуге бел буғаныңыз туралы ақпарат шындыққа жанаспай ма?

– Жергілікті арналардың біріне берген сұхбатымда «Өзге елдегі мықты промоутерлік компанияларда жүрсем де, елімнің көк туын желбіреткім келеді» деген болатынмын. Мәселен, боксшымыз Геннадий Головкин. Гена да өзге елде жаттыққанымен, біздің елдің атынан сынға түсіп жүр. Әр жеңісінен соң көк туымыз желбірейді. Міне, мен сұхбатта осыны айтқым келген. Ал журналист болса тақырыбын айқайлатып, резонанс жасағысы келіпті. Оны басқа сайттар көшіріп алып, республикаға тарап кетті. Сенесіз бе, осыдан кейін мен туралы түрлі пікірлер айтылғанын естіп жүрмін. Дегенмен, жалған ақпаратты таратқан телеарнадағылар өз қателігін мойындады. Кім не десе де, халықтың көзі тура. Қолдауларын тоқтатқан емес. Осы ретте ерекше атап өтерім, мен ат басындай алтын беріп, тіпті АҚШ-тан зәулім сарай сыйға тартса да өзге елдің намысын қорғауға келіспеймін. Тек мен емес, жүрегі «қазақ» деп соғатын әрбір спортшы мұндай ұсыныстан бас тартады деп сенемін. Өйткені ол барып тұрған намыссыздық.

– Демек пәтеріңіз бар ғой?

– Жұбайым Жансаямен шаңырақ көтергеніме енді 6 жыл болды. Жас отбасымыз. Екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Елдегі өзге отбасылар секілді өмір сүрудеміз. Асып-тасып жатқан түгіміз жоқ. Жалдамалы пәтерде тұрамыз. Бастысы табысым отбасымды асырауға жетеді.

– Ережесіз жекпе-жек, жауынгерлік самбо, джиу-джит­су… Сіз серік еткен бұл спорт түрлері көп айтыла бермейді. Бәлкім олимпиада ойындарының тізіміне енгенде онымен айналысушылар көбейер ме еді. Ал биліктің көзқарасы қалай? 

– Біздің елде Самбо федерациясы жұмыс жасайды. Сәкен Мейірбеков басшылық ететін бұл ұйым спортшыларға барлық жағдайды жасап отыр. Жарыстарға жіберу, киім-кешек, тамақтану, жататын орын, бір сөзбен айтқанда қаржы мәселесі федерация мойнында. Мәдениет және спорт және министрлігі бекіткен белгілі мөлшердегі жалақымыз бар. Одан бөлек жарыстардан келген сайын федерация тарапынан ақшалай сыйақы тағайындалады. Осыдан бірнеше жыл бұрын спорттың мен шұғылданатың түрлеріне көз қырын да салмайтындар болған. Ал қазір назар аударылып келеді.

– Ал жергілікті билік ше?

– Олимпиада чемпиондарына көрсетілетін құрметті меңзеп отырған сияқтысыз. Рас, бізге олар секілді сый көрсетілмейді. Әлі күнге дейін жергілікті атқарушы орган өкілдері құттықтады дей алмаймын. Оның өзіндік себебі де бар шығар. Мәселен, ережесіз жекпе-жек біздің елге енді келіп жатыр. Алдағы уақытта бұл спорт түріне деген қызығушылық артады деген сенімдемін.

Спорттың бұл түрін таңдағаныма еш өкінбеймін. Ережесіз жекпе-жек – ең ауыр спорт түрі. Мұнда тек кәсібилер ғана күш сынасады. Бұл спортпен айналысатындар торда отырған арыстан секілді. Торды ашқанда, бірден қызуқандылықпен қарсыласыңа тап беруің керек.

06-002

– Арман, айтпақшы осыдан екі жыл бұрын ережесіз жекпе-жектен өткен әлем чемпионатындағы жеңісіңіз арқылы бүкіл қазақ бір марқайып қалғаны әлі есімізде. Тіпті көршілес Ресей елінің Президенті В.Путиннің өзі боз кілемге шығып, құрмет көрсетіп, кубок сыйлап еді… 

– Ресейде «Самбо — 70» деген ірі кәсіби клуб бар. Оның негізін В.Путин қалаған. Әлі күнге дейін қолдау көрсетіп тұрады екен. Сол клубтың ұйымдастырумен Сочиде кәсіби ірі халықаралық турнир өткен болатын. Оған көрермен ретінде В.Путинмен бірге біздің Елбасы Н.Назарбаев та қатысты. Ақтық сында ресейлік Алексей Пол­пудниковпен күш сынастым. Әрине, алғашында толқыныс болды. Бірақ, Елбасымыздың қатысуы маған ерекше күш-жігер берді. «Елбасының алдында ұятқа қалмай, айқын жеңіске жетуім керек» деп өз-өзімді іштей қайрадым. Бар ойым қазақтың мықты екенін дәлелдеу болды. Чемпион атанғанымда төбем көкке көтерілді. Міне, арада екі жыл өтсе де сол жеңісімнен кейін Президент Н.Назарбаевтың қуанғаны, мені арнайы келіп құттықтағаны күні кеше болғандай әлі есімде. Бұл жеңістің бүкіл спорттық карьерамда алар орны ерекше.

– Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын «Сұңқар» жобасын елге ұсынып едіңіз. Жоба аясындағы жұмыстармен бөлісе отырсаңыз…

– 2013 жылы «Нұр Отан» партиясының XV-ші съезіне шақырту алдым. Елдің бетке ұстар 50 тұлғасы тізіміне енген мен осы жиында «Сұңқар» жобасын ұсынған болатынмын. Жоба мақсаты – жас жеткіншектердің бойын жаман қасиеттерден аулақ ұстап, пайдалы іспен шұғылдануына мұрындық болу. Сол жылы мектептерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Жоспар аясында жұмыс жүрді. Жазғы күндері демалыс лагерьлерінде бас қостық. Қаржының тапшылығына байланысты ол жоба тоқтап тұр. Егер әкімдік тарапынан қолдау болса, жобаны қайта жандандыруға дайынмын.

– Жас болсаңыз да спорттың біраз түрінен бірнеше рет әлем чемпионы болдыңыз. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберісіз. Енді ғана спортқа бет бұрған жастарға айтарыңыз бар ма?

– «Чемпион болуды армандамайтын спортшы жоқ» деген бар емес пе? Армандар орындалады. Ол үшін еңбек қажет. Өз басым бүгінгі күніме шүкіршілік етемін.

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №6, 11.02.2015