Құрметке лайық ардагер

Сайрам ауданына қарасты Ақсукент ауылында Рахман Жаңабаев деген қария ғұмыр кешіп жатыр. Биыл ол кісі тоқсанның екеуіне аяқ басып, Жеңістің 70 жылдығының куәсіне айналмақ. Ет жүрегі «елім» деп елжіреп соғатын ардагердің өмір жолы қызыққа толы болғаны белгілі. Өнегелі ғұмыр кешіп, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жан жөнінде әңгімелеуді жөн көрдік. Сонымен, әңгімеміздің кейіпкері – Рахман ЖАҢАБАЕВ. Өзбекстан Республикасы, Науаи облысы, Кенимех ауданының тумасы. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері.

04-001

Еңбек жолын Кенимех ауданындағы Киров колхозында есепші болып бастаған. Ол әскер қатарына алынғанға дейін осы мамандықты меңгеріп, өмірлік тәжірибе жинақтап үлгерді.

1942 жылдың қыркүйегінде өз еркімен майданға аттанды. 2-Украина майданында, Ростов, Сталинград, Таганрог, Запорожье, Молдова, Болгария, Румыния, Венгрия жерлерін жаудан тазартуға қатысқан. 1945 жылдың сәуір айында Будапешт қаласында аяғынан жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Сөйтіп, Рахман ата жеңіс күнін жаралылармен бірге госпитальде қарсы алды.

1946 жылы елге аман-есен оралған соң баяғы жұмысты қайта қолға алып, шаруашылықтың экономикалық өсіп дамуына дамылсыз еңбек етеді. Қалтқысыз жұмысының арқасында өз ортасында сыйлы болды. 1986 жылы зейнетке шығып, ұл-қыздарына үлгі-өнеге болған қария туған жерден шалғайда жүріп, елге деген сағынышы күннен-күнге үдей түсті. Қазақ топырағына алғаш рет 2011 жылы аяқ басты. Көкейде жүрген арманы орындалып, қуаныш көзайымына айналды. Құдай қосқан қосағы Сара апа дүниеден озғанда қабырғасын қайыстырған қайғыға қамықпаған қария ұрпағына тірек болды. Бүгінде Ақсукент ауылында ғұмыр кешіп жатқан бақытты отбасының мәуелі бәйтерегі. Ұлы Құрал мен келіні Тамара қарияның көңіліне, қас-қабағына қарайды, оның батасын алуға ұмтылады.

– Соғысқа орден үшін емес, елдің амандығы үшін аттандық. Ертеңгі ұрпағымыздың жарқын болашағы ойландырды. Ең бастысы, бұратана атанбай, бостандықта ғұмыр кешсек деген арман-тілек басым болды. Енді осы еңбегімізді келер ұрпақ түсініп, қадірлей білгені жөн. Бүгінгі жарқын өмірді әрмен қарай жалғастырса, соның өзі біз үшін баға жетпес бақыт – деді өз сөзінде қамкөңіл қария терең күрсініп.

Жақында аудан басшысы ардагерге Қайнарбұлақ ауылдық округінен пәтер кілтін тапсырған болатын. Әлбетте, күні кеше ғана атамекенді аңсап, шалғай жерді артқа тастап келген қарияға көрсетілген құрмет бұл. Осылайша, ардагердің отбасы қуанышқа кенеліп, туған жерден бақытын тапты.

Лаура САПАРБЕКОВА

«Оңтүстік Рабат», №4, 28.01.2015