Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Қазығұрт ауданы әкімінің 2014 жылы атқарған жұмыстары туралы есебін тыңдады. Болатбек Қыстауовтың айтуынша, аудан бюджеті 2014 жылы 13 550,17 млн. теңгені құрап, 127,7 пайызға артқан. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 107,5 пайызды құрап, 5273,9 млн. теңгенің өнімі өндірілген.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны 5959 бірлікке жетіп, алдыңғы жылдың тиісті кезеңімен салыстарғанда 104,4 пайызға өсіп отыр. Бұл салада 11196 адам жұмыспен қамтылып, өндірілген өнім көлемі 27822 млн. теңгеге жеткен. Негізгі капиталға тартылған бюджеттік емес инвестиция 3096,8 млн. теңгеге жетіп, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 1129,5 млн. теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылды.
Былтыр ауыл шаруашылығы саласында 21303 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102,9 пайызды құрады. Аудан диқандары 69832 тонна астық, 8946 тонна мақсары, 37600 тонна көкөніс, 12536 тонна бақша, 19550 тонна картоп, 4900 тонна жеміс-жидек, 900 тонна жүзім және 15500 тонна ет, 52200 тонна сүт, 7295 млн. дана жұмыртқа өндірген. Нәтижесінде астық өндіруде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, облыста өткізілген «Алтын күз-2014» мерекесінде 1-орынды иеленіп, облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен «Алтын медаль» сертификатын иеленді. Бұған қоса дихандар мақсары дақылынан өнім алу мен терең қопсыту технологиясын ендіруде 3-орынды иеленді.
Аудан дихандарының өндірген көкөніс, бақша, картоп, жүзім, ет, шұжық өнімдерін облыстық және Астана, Алматы, Мәскеуа қалаларының жәрмеңкелерінде сатылды. Жылыжай көлемі 73,2 гектарға жеткізілді, осы жылыжайлардан 4100 тонна қызанақ, 3600 тонна қияр өндіріліп, Алматы, Астана және Шымкент қалаларының тұрғындарына сатылды. Тамшылатып суару әдісі 363,6 гектар жерге ендіріліп, барлығы 1543,2 гектарға жеткізілді. 2760 гектар суармалы жерлерді ұлғайту тапсырмасы толығымен орындалған.
Қазығұрт елдімекеніне қарасты шағынаудандарға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының және 16 пәтерлі 2 қабатты коммуналды тұрғын үйлер құрылыстарына қажетті жобалық-сметалық құжаттары, халық саны 5 мыңға дейінгі 6 елдімекенге егжей-тегжей жоспарын әзірлеуге қаржы қаралып, игерілді.
6 елдімекеннің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуге 24,2 млн. теңге және 2 елдімекеннің халқы пайдаланып жатқан ауыз суды санитарлық талаптарға сәйкестендіру үшін мембранды су тазартқыш қондырғысын орнатуға 38,7 млн. теңге жұмсалды. Аудан көлеміндегі 64 елдімекеннің 11-і табиғи газбен қамтылып, 17,2 пайызды құрап отыр. Былтыр 31 елдімекендегі өтпелі нысандарда құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Есепті кезеңде 6 мектеп пен жатақхана салынып, 1 балабақша пайдалануға берілді. «Балапан» бағдарламасы бойынша қамту көрсеткіші 77,2 пайызды құраған. 2014 жылы 230,6 млн. теңге бөлініп, 7 медицина нысаны салынды.
Аудан әкімінің жылдық есебін тыңдаған АсқарМырзахметов 2 мектеп құрылысының өндірістік кестеден кешеуілдеуін қадағаламаған лауазым иелерінің жауапкершілігін қарауды және құрылысы жүріп жатқан нысандарда бақылауды күшейтуді тапсырды. Индустриалды даму бағдарламасы аясында ауданда атқарылуы тиіс міндеттердің өз мерзімінде орындалуын қадағалауды жүктеп, ауылдық округтер кесіндісінде әзірленген рейтингте негізгі көрсеткіштер бойынша төменгі орындарды иеленген ауыл әкімдерінің жауапкершілігін қарауды тапсырды.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі