Оңтүстіктің полиция қызметкерлері заңсыз айналымда болған 5 келіден астам героин тәркіледі. Тәртіп сақшылары мұнша есірткінің «қара» нарықтағы құны 25 миллион теңгеге жетеді деп отыр.
Облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Шымкент қаласындағы Навои көшесінде есірткі затын сақтады деген күдікпен 1974 жылы туған жергілікті азамат ұсталды.
Полиция қызметкерлері жүргізген тінту жұмыстары барысында күдіктінің үстіне киген күртешесінен полиэтилен пакетіне салынған, сырты сары түсті скотчпен оралған үш орама табылды. Оның ішінен ақ-сұр түсті, ұнтақ тәрізді зат табылып, тәркіленіп алынды.
Сот-криминалистикалық сараптамасы нәтижесінде тәркіленген заттың героин екені анықталды. Жалпы салмағы — 3 келі 200 грамм.
Одан кейін 40 жастағы жұмыссыз азаматша қолға түсті. Оның үйін тінту барысында салмағы полиэтилен қалтаға оралған, салмағы 2 келі героин табылды.
Ал үшінші болып аса үлкен мөлшерде заңсыз затты өзімен алып келе жатқан азамат қолға түскен. Тінту барысында оның күртешісінен полиэтилен пакетке оралған, жалпы салмағы 3 келі болатын героин табылды. Ұсталғандар уақытша қамау абақтысында отыр.