Екінші дүниежүзілік соғысқа талайдың жалғызы аттанды. Олардың басты армандары елімізге жау шаппасын, тыныштық орнасын болғаны анық. Солардың бірі – Қалдыбек Байжарқынов. Ол 1922 жылы 5 желтоқсан күні ОҚО, Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауыл округіне қарасты Ақбастау ауылында дүниеге келген.
Негізінде Қалдыбек атаның жанұясында үш ұл, үш қыз болған. Бірақ оның төртеуі кішкентай кездерінде шетінеп кетіпті. Өзінен екі жас үлкен әпкесі екеуі ғана тірі қалыпты. Әкесі Байжарқынды 1929 жылдың қазан айында Кеңес үкіметінің белсенділері «құлақ, тап жауы» деп қаматады. Анасы Сындыгүл 1933 жылдың қысында ауырып қайтыс болады. Арада он күн өтер өтпес, жалғыз қамқоршысы нағашы әжесі де өмірден өтеді. Әпкесі Қалдыгүлді туысқандары асырап алады. Сөйтіп он бір жасында жалғыз қалады. Содан бір күн тоқ, бір күн аш болып екі жылдай қиналып өмір сүреді. Арадан екі жыл өткен соң әкесі түрмеден келеді.
– Әкем түрмеден келгеннен кейін аудандағы интернатқа оқуға баруыма мүмкіндік туды. Ол жерге 1936 жылы 5-сынып оқушысы болып қабылдандым. Өйткені анам өмірден өтпес бұрын ауылдағы мектепте Нияз деген ұстаздан тәлім алған болатынмын. Интернатта 8, 9-сынып оқып жүрген кездерімде аудандық, облыстық газеттерге мақалалар жариялап жүрдім. 10-сыныпқа өтер кезімде сұрапыл соғыс басталып кетті. Содан 1941 жылдың қазан айында әскерге шақырылдым. Алғашқы әскери дайындықты Тараз қаласында өткіздім. Ол жерде 105-атты әскер (кавалерия) дивизиясы құрылып жатқан екен. Сол дивизия құрамындағы 262-атты әскер полкінің, артиллерия батареясына зеңбірек расчетының қатардағы жауынгері болып қабылдандым. 1941 жылдың желтоқсан айында Мәскеудің оңтүстігінде орналасқан Ногинск қаласының түбіне келіп шеп құрып, қорғанысқа кірістік. Мені Дегтяров пулеметіне атқыш қылып дайындады. Алайда ол жерде немістермен айтарлықтай үлкен қақтығыстар болмады. 1942 жылдың басында жаңадан шығып жатқан 76 мм «ЗИС-3» зеңбірегіне атушы (наводчик) етіп Иванов облысы, Горхаветский лагеріне жіберді, – дейді Қалдыбек ата.
Айта кетейік, 76 мм «Зис-3» зеңбірегін жерге орнату үшін 50 текше метр жерді қазу керек екен. Салмағы бір тонна. Судовеккор (қос дөңгелекті), Дождь, Шевролед, Вильс деген машиналар алып жүрген. Жартылай автоматты атылады. Бір минутта 3 снаряд шығарады. Әр снарядтың салмағы – 12 кг.
– Ол жерге дивизиядан 30 солдатты іріктеп апарды. Соның 29-ы орыс, жалғыз қазағы мен болдым. Бізді 1942 жылдың мамыр айына дейін дайындады. Оқу біткен соң сынақ алды. Қолымызға екі снаряд берді. Екі оқтың біреуінде сынақ үшін жасалған танкіні көздеу керек. Отыз солдаттың ішінен мен-ақ нысананы дәл көздедім. Сөйтіп кіші сержант деген әскери атақты алып шықтым.
Оқудан кейін бізді Сталинград (қазіргі Волгоград) майданына алып барды. Соғыстың нағыз ауыртпалығы осы жерден басталды. Сталинградты жаудан босатқаннан кейін Ростов қаласын, оңтүстік-шығыс Украинаны, Белоруссияны, Прибалтиканы, Польшаны азат ету шайқастарына қатыстым. Әйгілі Курск доғасындағы Днепр өзенінен өткен айқастарға түгелдей қатыстым. Ең соңында Берлин қаласын алдық. 1945 жылы 6 мамыр күні Эльба өзені бойында АҚШ әскерлерімен кездескеннен кейін ғана соғыс қимылдары тоқтады. 9 мамырды сол Эльба өзені бойында қарсы алдық.
Қалдыбек Байжарқынұлы соғыста көрсеткен ерліктері үшін жоғары бас қолбасшы Сталиннен 22 рет Алғыс хат алған. Сондай-ақ, «Қызыл жұлдыз», ІІІ-дәрежелі «Даңқ», ІІ-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және «Соғыстағы ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» деген медальдармен марапатталды. Ал Жеңістің 40-жылдығында кеудесіне І-дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені тағылды.
Соғыс ардагері Қалдыбек атамыз елге 1947 жылдың наурыз айында оралды. Содан өзінен бір жас кіші Шымыр Күзенбайқызымен шаңырақ көтереді. Бүгінгі күнде жұбайы екеуі 4 ұл, 5 қыздан – 25 немере, 3 шөбере сүйіп отыр.
– Соғыстан келгеннен кейін жеті елдімекеннің Ардагерлер комитеті және колхозда кәсіподақ ұйымының бастығы болдым. Сөйтіп жеті елдімекеннен соғысқа аттанған ардагерлердің тізімін жариялауға белсене атсалыстым. Сонымен қатар, соғыстан оралмай қалған және майданнан қатты жарақаттанып келген ардагерлердің отбасыларына көмек берілуіне мұрындық болдым.
Соғыс жылдарындағы қиыншылықтарды еске ала отырып, «шинельден сырғып аққан су етіктің қонышынан өтіп, табанымызға барып мұз болып қататын. Міне, содан бері 70 жыл өтсе де, аяғым әлі мұздап тұрады. Жылыған күні болған емес» – дейді ардагер.
Әділхан АБАЙҰЛЫ
«Оңтүстік Рабат», №7, 18.02.2015