А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының мекенжайы ауысты. Анығырақ айтсақ, кітапхана жаңа ғимаратқа көшіп жатыр. Ұжым бұған дейін жалдамалы ғимаратта оқырмандарына қызмет етіп келсе, енді өздеріне тиесілі нысанға жайғасты.
А.С.Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының ұжымы Тәуке хан және Республика даңғылдарының қиылысындағы көпке белгілі ғимаратты 15 жыл уақыттан бері жалға алып келген. Ол үшін жылына 20 миллион теңгеден астам төленіпті.
Енді ұжым жаңа ғимаратқа көшіп жатыр. Көшу шаруасына кітапхана қызметкерлері жұмылдырылған. Олар нысандағы кітаптардың барлығын бір жетінің ішінде жеткізуі тиіс. Сондықтан таңертеңнен қас қарайғанға дейін осында. Кітапханада бас-аяғы — 300 мың кітапқоры бар. Оның 50 мыңы — көркем әдебиет, ал қалған бөлігі — салалық кітаптар мен мерзімді басылымдар.
Шәрбану Динасилова, А.С.Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры: «Жалдамалы ғимараттың ең қиындығы — біз ол жерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайтынбыз. Одан кейінгі екінші мәселе — кітапхананы өз ойымыздағыдай безендіре алмай келдік. Енді өз жеке ғимаратымыз бар, қуаныштымыз, жөндеу мен безендіру жұмыстары еркін жүргізіледі деген үміттеміз».
Кітапхана енді бұрынғы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы болған ғимаратқа көшіп жатыр. 38 жыл бұрын бой көтерген нысан алғашында сауда нүктелерінің біріне ыңғайластырып салынған көрінеді. Ал облыстық мәдениет басқармасының басшылығы оқырман үшін енді мұнда бар жағдай жасалады деп сендіріп отыр.
Күлия Айдарбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Оқырман кітапты дұрыс оқуы үшін жақсы жарық берілетін жағдай жасалып жатыр. Ғимарат, ең бастысы, жылы, түрлі сөрелер әзірленуде. Ғимарат кітапханаға арнайы салынбағанымен, нысанда барлық жағдайды реттеп-үйлестіруге болады. Бір сөзбен айтқанда жап-жақсы кітапхана болмақ».
Жаңа нысанда оқу залы, абонемент, мерзімді басылымдар, шетел әдебиеттері мен интернет класс сынды бөлімдер 1 наурыздан бастап қызмет көрсетеді. Оған дейін ұжым көшіп, сақадай сай болуы тиіс.