– Ұлықпан аға, жақында Алла алдындағы бес парыздың бірін орындап, кіші қажылыққа барып келіпсіз. Ниетіңіз қабыл болсын!
– Рахмет! Осы тілшілерге таңым бар. Кімнің қайда жүргенін біліп отырады (күліп). Иә, жақында облыстағы бірқатар азаматтармен бірге кіші қажылыққа барып қайттым. Қажылық сапардан ерекше әсер алдым. Адамның рухани жан дүниесін байытатын ол сапар туралы ұзақ әңгімелеуге болады, әрине. Бірақ бір мақаланың шеңберіне сыйғыза алмаспыз.
– Сабыр Рахымов атындағы әскери-мектеп интернаты туралы сөз қозғалғанда бірден өзіңіз еске түсесіз. Себебі, осы оқу орнының дамуына, еліміздегі алдыңғы қатарлы әскери мектеп болып қалыптасуына қосқан үлесіңіз, сіңірген еңбегіңіз зор. Оң өзгерістерді сіздің басқаруыңызбен байланыстыратындар көп. Мектеп ұжымы зейнеткерлік жасқа шығарып салғалы жұртшылық назарына көп түсе бермейтін болдыңыз…
– Иә, аталмыш мектептің менің еңбек жолымда алар орны ерекше. Жас ұрпақтың ел қорғаны болар батыр, отансүйгіш, білімді де адал, денсаулығы мықты азамат болып қалыптасуы жолында аянбай еңбек еттік. Бүгінде мақтан тұтар шәкірттеріміздің көп болуы сол еңбектің жемісі дер едім. Қазақтың біртуар батыр ұлы Сабыр Рахымовтың есімі мектепке берілуіне де осы басшылық қызметте жүріп ықпал еттім. Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымов атындағы әскери-мектеп интернатына 2000 жылы келдім. 13 жыл қатарынан басшылық қызмет еттік. Зейнеткерлік, яғни 63 жасқа толғанымда келісімшартты тағы бір жылға созды. 64 жасымда ұжым құрмет-қошеметін көрсетіп, салтанатты түрде демалысқа шығарып салды. Әрине, жас келгенімен «шаршадым» дейтіндей жағдайда емес едік, дегенмен барлық нәрсе өз уақытымен. Бізден кейінгі буын да ұжым басқарып, жастар тәрбиесіне өзіндік үлесін, жаңашылдығын қосуы тиіс. Сол кезде министрліктің келісімімен бір жас жігіт басшы болып келді. Әскери мектептің жалпы білім беру мекемелеріне қарағанда тәртібі, талабы басқа, өзіндік ерекшеліктері бар. Осы жәйтті және жаңа директордың бұл салада тәжірибесіздігін ескерген болуы керек, басшылық маған өтініш жасап, кеңесшілік қызметті ұсынды. Келісім бердім. Дегенмен, басшылыққа келген ол жігіт мектепте небары алты ай ғана қызмет істеді.
– Ұзақ жылдар білім саласында қызмет еттіңіз. Яғни, бұл саланы жақсы білесіз. Осы ретте мына бір жайтты сұрағым келіп отыр. Жақында облыстың білім саласы мен жастар саясаты біріктірілді. Қос басқарманың қосылуына қалай қарайсыз?
– Барлық құрылымдық өзгерістер жан-жақты сарапталып, есептеліп, барлық мәселе ескеріліп барып енгізілетіні анық. Бұл жолғы өзгерістердің де өзіндік себебі бары мәлім. Экономикалық, я болмаса басқарудың тиімділік тұрғысында өзгеріс жасау қажеттілігі туындаған болар. Мұндай құрылымдық өзгерістер бұрындары да болған. Менің жалпы еңбек өтілім 43 жыл. Оның 5 жылы комсомолда, 33 жылы білім саласындағы бірінші басшылық қызметте өтті. Ауыл мектебінің директорлығынан бастап аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, білім басқармасының басшысы қызметін атқардым. Арыс ауданы әкімінің орынбасары болған 4 жылда да білімнен алыстамадым. Сол жылдары жаппай қысқарту жүрді. Міне, сол кезде әкімнің орынбасары болып жүріп білім, денсаулық, мәдениет басқармасының бастығы қызметтерін қоса атқардым. Әрине, бірнеше қызметті атқарудың өзіндік қиындықтары да болады. Қызметтік міндеттері өзіңе жақын салаларды басқаруда қинала қоймассың, ал мамандығыңа сай келмейтін сала болса ше?! Бұл да ескерілуі тиіс. Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар. Құрылымдық өзгерістер жағдайында біріктірілген басқармаларды басқару сол салаларды жетік білетін, қарым-қабілеті мен білім-біліктілігі жететін маманға жүктелгені жөн. Жұмыстың жандануы басшының қабілетіне тікелей байланысты. Бүгінгі құрылымдық өзгеріс те уақытша болуы мүмкін. Ертеңгі жағдай басқару жүйесіндегі міндеттердің басқаша қалыптасуын талап етуі ғажап емес.
– Қазақтың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің туысы екеніңізді білеміз. Көзін көрдіңіз, тәрбиесін алдыңыз. Ол кісінің ел білмейтін қасиеттерін айта кетіңізші…
– Иә, осындай ірі тұлғаның тәрбиесін алу тағдырдың маған жазған сыйы дер едім. Жұмекең жөнінде айтудан жалыққан емеспін, өйткені оның өмір жолы, елге сіңірген еңбегі, азаматтық болмысы, ұлтжандылығы ұрпаққа өнеге. Бүгінгі жастар, ертеңгі ұрпақ осындай тұлғалардан үлгі алып, сондай болмаққа ұмтылып өссе нұр үстіне нұр. Жұмекеңнің қасында болып, тәрбиесін алуыма туысқандығымыздың септігі тигені рас. Жұмабек Тәшеновтың еңбек жолы, қызметі өздеріңізге мәлім, әдебиетке де, өнерге де жақын еді. Абайдың қара сөздерін, қазақтың ауыз әдебиетін, жыр-дастандарды жатқа білетін. Сөзге шешен, партияның жиналыс-тарында мінберге шығып сөйлегенде елді өзіне қарата білген жан. Ғұламалардың сөзін баяндамаларында келтіріп отыратын, есте сақтау қабілеті ерекше болатын. Жұмекең, сондай-ақ бос сөзге жоқ адам. Қолынан келсе жасайды, келмесе, ашып айтады. Жоғары оқу орнында оқып жүргенімде үйіне жиі баратынмын. Әдебиетке қатысты сұрақтар қояды. Онымен әңгімелесіп отырғанда құдды бір емтихан тапсырып жатқандай әсерде болатынмын. Осылайша Жұмабек Тәшенов маған еңбекқор, зерделі, ізденімпаз, әдебиетке құштар болуды үйретті. Оның елге деген сүйіспеншілігінің өзі бөлек әңгіме. Өздеріңіз білесіздер, қазақтың жерін қызметке айырбастамайтынын сол кездегі одақты басқарған Н.Хрущевке ашық айтып, жер мәселесіне қатысты саясатына қарсы шыққан. Н.Хрущевке қарсы шығу жүрек жұтқан адамның ісі. Қазақтың жерін бермегені үшін қызметінен қуылды. Осындай қайсар да тік мінезінің салдарынан өмірден көп таяқ жеген адам. Тәшеновті «Тәшенов» еткен де сол тік мінезі.
– Биыл Жұмабек Тәшеновтың 100 жылдығы. Бұл датаға орай мемлекеттік деңгейде іс-шаралар өткізу бекітілді ме?
– Дана қазақ атам заманда-ақ: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген екен. Жұмабек Тәшенов артына мәңгі өшпестей із қалдырған тұлға. Дегенмен, Жұмекең әлі күнге дейін өз бағасын ала алмай келеді. Осыдан 4 жыл бұрын Астанадағы республикалық ұлттық кітапханада «Бүгінгі патриоттық тәрбие. Ондағы Жұмабек Тәшеновтің орны» деген тақырыпта үлкен жиын өтті. Оған аты елге мәлім зиялы қауым, аға буын өкілдері, студент жастар қатысты. Жұмекеңнің өмірі, еңбектері туралы баяндамалар жасалды. Мен де мінберге шығып, мемлекет және қоғам қайраткері туралы әңгімеледім. Сол жиынның қорытындысы бойынша қарар қабылданып, Астанадағы Конгресс Холлдың атын «Жұмабек Тәшенов атындағы сарай» етіп өзгерту, алдына Жұмекеңнің ескерткішін орнату жөнінде ұсыныс жазылды. Одан өзге ол кісінің 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы да ұсыныс жасалынды. Мәдениет министрлігіне хат жолданды. Содан бері бірнеше министр ауысты. Өкінішке қарай, сол жиында айтылған ұсыныстар жүзеге аспады. Меніңше, бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтамауы тиіс. Оның еңбектерін, азаматтық ұстанымдарын, батыл шешімдерін бүгінгі ұрпақ терең танып, үлгі тұтуы қажет. Ұлтын сүйген тұлғаның артында іздеушісі болмаса есімі ұмытыла бастауы мүмкін.
– Cонда Тәшеновтей азаматты жоқтаушылардың табылмағаны ма?
– Біріншіден, Тәшеновті іздейтін халқы бар. Екіншіден, ұрпағы, туыстары ұмытқан жоқ, 4 ұл, 1 қыз өсірді. Ұлдың үлкені бүгінде 73 жасқа келді. Ол да менімен бірге Тәшеновтің құрметіне өткен жиындарға қатысып жүр. Оның екі баласы Америкада тұрады. Жалпы, Жұмабек Тәшеновтің еңбегі ескерілмей қалған жоқ. Түрлі деңгейде іс-шаралар өткізілді. Көше атауы беріліп, ескерткіш орнатылды. Дегенмен, дана Абайдан қалған «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сөз осындайда түседі еске. Қазақ халқының маңдайына жазған ұлы тұлғалар көп емес. Тіпті, көп болғанын қалаймыз. Бірақ сол халыққа ортақ тұлғаларымызды дәріптеуде немесе ұрпаққа танытуға келгенде ұсақтыққа жол беретініміз жаман. Бірін жоғары көтеріп, келесі бірін одан асырмауға тырысатын пенделігіміз де жоқ емес. Сорақысы сол тұлғалардың тегін түгендеп, «меншіктеп» алатындар пайда болған. Солардың елді бөлетін күбірі жас ұрпаққа жұға ма деп қауіптенесің.
Күні кеше Д.Қонаевтың туған күніне орай өткізілген іс-шара барысында ескерткішінің басына облыстың ақсақалдары жиналып, құран бағыштады. Сол шараға мен де қатыстым. Сонда жасы менен үлкен, кезінде жоғары қызмет атқарған бір азаматымыз руға қатысты сөз айтып, маған мысқылдағандай болды. Міне, көрдіңіз бе, қазаққа «жабысып» қалған жаман әдет осы рушылдық. Руға, жүзге бөліну қазақтың ең осал тұсы. Руыңды, тегіңді білуің керек, бірақ оның да өз жөні, айтылатын өз жері бар емес пе?! Қызметте, саясатта және басқа жағдайларда оны беталды қолдануға, тіпті сұрауға болмайды деп есептеймін. Адам баласын оның азаматтық болмысына, біліміне, парасат-пайымына, жалпы адами қасиетіне қарай бағалау қажет. Қазақ халқына, мемлекетімізге еңбегі сіңген азаматтар бәріміздің өнеге тұтатын, мақтан ететін ортақ тұлғалар. Олар әлгі пасық ойлы рушылдардың деңгейінен әлдеқайда биік тұр. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер бірлік, татулық деп ұрандаудан әріге бармайды. Оның орнына ұлы тұлғаларымызды ұрпаққа танытатындай әрекет жасаса, әлдеқайда пайдалы болар еді. Ақын Сабыр Адай «Әр қазақ менің жалғызым» деп қалың қазақты дүр сілкіндірді емес пе?! Керемет сөз! Қазаққа нағыз керек сөз. Елбасы да халықты үнемі бірлікке, ынтымаққа шақырып келеді. Сондықтан, бірлігімізге сызат түспесін деп тілеймін. Кешегі батыр бабаларымыз да, ұлы тұлғаларымыз да елді біріктіру, өркениетті мемлекет ету бағытында еңбек етті. Мұның бәрін айтып отырғаным, Жұмабек Тәшеновтың іздеушісі – қазақ дейтін халқы бар. Яғни, оның есімі ұмытылмайды.
Шымкенттен Тәшеновтің құрметіне ескерткіш орнату үшін біраз жүгіргеніміз рас. Ескерткіш орнататын жерді белгілеп, рұқсат алу үшін 6 жылдай уақыт кетті. Қаланың бұрынғы әкімі Арман Жетпісбаевқа Жұмекеңнің еңбегі туралы баяндай келе, «ұлы тұлғаның құрметіне ескерткіш орнату үшін аядай ғана жер беруіңізді сұраймын» деп хат жазғанмын. Ол кезде қалалық мәслихаттың хатшысы Жангелді Мақашев деген азамат еді. Кейін жер беріліп, ескерткіш орнатылды. Ұлтжанды тұлғаны ұлықтау бағытындағы жұмыстар жалғасын табады деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №4, 28.01.2014