Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
– Тәуелсіздік жылдарында біз 700-ден астам мектеп және сонша аурухана салдық. Қазір жүріп жатқан құрылысты аяқтайық. Бірақ, бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса жаңа нысандарды салуды тоқтату керек. Бұл жұмыстар дағдарыс аяқталған соң жалғастырылатын болады. Халықаралық экономикадағы қазіргі жағымсыз ахуал — 2007-2009 жылдардағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдары. Әлеуметтік көмек, көпбалалылар мен тұрмысы төмендерге арналған жәрдемақы бақуатты адамдарға берілмеуі керек. Басты міндет – дағдарыстан қарапайым адамдардың жапа шекпеуін қамтамасыз ету. Мемлекет — сауын сиыр емес.
Жақында Елбасы Н.Назарбаев әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізген кеңесінде дағдарысқа байланысты бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларына қоса жаңа нысандарды тоқтату керек екенін айтқан болатын.
Енді оймақ пішсең де, ойлап пішетін кез келді. Тапсырмаға сәйкес республиканың барлық аймағындағы құрылыс жұмыстары қайта қаралып жатыр. Олардың қатарында біздің облыс та бар. Халқы тығыз орналасқан өңірде «қай нысан құрылысы тоқтатылады?», «қаржыны үнемдеу жағдайын ойлап жүргенде қарапайым халық жапа шекпей ме?» дейтін заңды сауалдар туындауы мүмкін. Өйткені кей шалғай аймақтағы халықтың әлі де әлеуметтік проблемалары толығымен шешілмеген. Сонымен, облыста биыл қай нысанның құрылысы жалғасады? Қайсысы тоқтайды?
2015 жылы облыста 243 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның 151-і 2014 жылдан өткен нысандар. Биыл 157 жобаның құрылыс жұмыстары аяқталады.
Мән-жай-ды білу үшін облыстық құрылыс басқармасына хабарластық. Басқарма басшысының айтуынша бүгінде нысандардың құрылысын жүргізу жұмыстары қайта қаралап жатыр екен. Осы уақытқа дейін жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, қаржы бөлініп қойған нысандар жалғасын таба бермек. Басталған жұмыс толығымен аяқталуы тиіс. Оны басқарма жіті бақылап отырады. Мәлімет ретінде айта кетейік, былтыр облыс бойынша 306 жобаның құрылысын бастау жоспарланыпты. Оның 122-сіне облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс берсе, 184-інің құрылысына тапсырыс беруші жергілікті атқарушы орган болған. Қалғаны республикалық бюджет есебінен қаралған. Жос-пар бойынша жұмысы басталған нысандардың 158-ін 2014 жылы аяқтау көзделіп, 155-і пайдалануға берілген. 3-еуінің құрылысы кешіктірілуіне байланысты биыл пайдалануға беріледі.Ермек Қыдыров, ОҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
– 2014 жыл біздің облыс үшін жаман жыл болмады. Жос-парлар орындалды. Биыл да біраз жұмыстардың жобалары бар. Алайда жақында Елбасымыз дағдарысқа байланыс-ты бірқатар жобалардың, соның ішінде құрылысы жаңадан басталуы тиіс нысандардың жұмысы тоқтайтынын айтты. Осыған орай облыстың құрылыс саласындағы ахуалын саралап, құжаттар дайындап жатырмыз. Қай нысанға қаржы бөлінетіні, қайсысына бөлінбейтіні әзірге белгісіз. Үкімет біздің ұсынысты қарайды. Наурыз айында жағдай белгілі болады. Ал бүгінгі күнге дейін қаржы бөлінген құрылыстар жалғасын таба бермек.
Біздің міндет – жұмыстардың кестеден кешікпей аяқталуы.
Айтпақшы…
Облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен Шымкентте биыл тағы жаңа 6 нысан пайдалануға берілуі керек. Олардың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Ал қаржы… Қаржының қай қазынадан бөлінетінін құрылыс басқармасындағылар кесіп айта алмауда. Бірақ, тапсырма орындалуы тиіс. Демек, құрылысқа қажетті ақша табылады деген сөз.
Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №5, 04.02.2015