Шымкентте осыдан 35 жыл бұрын Жеңіс мерекесіне орай ескерткіш орнату мәселесі қолға алынды. Абай саябағында тұрғызылған стелланың құрылысын бастау үшін о баста 3 жоба қарастырылған. Облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Асанбай Асқаров сол нұсқалардың ішінен бүгінгі екі тұғырлы биік мемориалды таңдайды. Ерлік пен қажырлылықтың нышаны болған бүгінгі ескерткіштің алғашқы кейпі қандай еді? Оның авторлары кім? Сол жайында білсек.
Шымкенттің орталық көшелерінің бірінде осыдан 35 жыл бұрын бірегей ескерткіш бой көтерді. Расында да бұл — сұрапыл майдан мен жауды жеңуге тылда жүріп атсалысқан еңбеккерлерге тағзым ретінде тұрғызылған стелла. 1980 жылы Ұлы Жеңістің 35 жылдығын ұлықтауға сәулетшілердің түрлі жобалары ұсынылады.
Сол кезде «Жауынгерлік және еңбек даңқы» деп аталған ескерткіш сәулетші Иван Рыжковтың идеясы, суретші Рысқұл Мейірманов және мүсінші Марат Айнековтың қолдауымен жүзеге асты.
Мүтәліп Әбуов, «Южказпроект» ЖШС-нің директоры: «Соғысқа барғандардың барлығы винтовка ұстап жүрді ғой. Автордың айтуынша, стелланың идеясы — екі штыктың бірін-біріне тіреп қоюы. Сәулетшілердің жобасы бойынша стелланың биіктігі 40 метр болуы керек еді. Азаматтық әуе жолының тұсы болғандықтан, ол жақ рұқсат бермей, 6 метрге төмен түсірілді.»
Идея қағазға түскеннен кейін 4 ай ішінде жүзеге асты. Әр кезеңдегі революциялық төңкерістер, Кеңес үкіметінің орнауы, азаматтық және Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы көріністер мысқа бедерленді.
Кешенді ескерткіштің жоғарыда тоғысатын екі стелласының ұзындығы 33 және 31 метрді құрайды. Алғашқыда тот баспайтын құрышпен қапталған тұғырлар кейіннен құрамында платина бар сапалы материалмен көмкеріледі.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=O8hjDdDinD0[/youtube]
Осыдан бес жыл бұрын бұл ескерткіш аумағы күрделі жөндеуден өтіп, ауқымды кешен бой көтерді. Бүгінде екі тұғырлы стелла Даңқ мемориалының басты қақпасы іспетті. Ары қарай өңірден соғысқа кетіп оралмаған, бейбіт күннің қуанышын ұрпағымен бірге бөліскен қарт майдангерлердің есімі жазылған.
Қаһарман ағалардың наградалары бедерленген қабырға тағы бар. 35 жыл бұрын сол уақыттағы облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Асанбай Асқаровтың ұсынысымен бой көтерген ескерткішті облыстың қазіргі басшысы Асқар Исабекұлы бастаған сәулетші, құрылысшылар заманауи, қазіргідей алып кешенге айналдырды.