Шымкентте қырық жылдан астам уақыт iшкi iстер саласында жемiстi қызмет атқарған Құлахмет Дүйсенбекұлы Халменовке ескерткіш тақта орнатылды. Еңбекке жолына 16 жасынан араласа бастаған ардагер облыстық ішкі істер органдары мен ішкі әскерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Ол қос ғасырдың құқық қорғау саласында болған өзгеріс пен сан қилы оқиғаларды көзбен көріп, бастан өткерген тәртіп сақшысы еді. Құлахмет Дүйсенбекұлы жайлы өткен шақта сөз айту үйреншікті жайт емес. 88 жасында дүниеден озған генералды туыстары мен шәкірттері, ізбасарлары мен көз көрген үзеңгілестері еске алды.
Кезіндегі Шымкент облысының ішкі істер басқармасы Қалменовтың шағында қазіргі Әл Фараби полиция бөлімінің ғимаратында жұмыс жасаған. Ескерткіш тақтасының осында ілінуі де сондықтан.
Молдияр Оразалиев, отставкадағы генерал-майор: «Лейтенанттан бастап аға лейтенант, ар жағында капитан, майор шендерінің барлығы осы генерал Қалменовтің қолымен берілген. Сондықтан ол кісінің жүрісі, тұрысы, адалдығы, қайсарлығы — барлығы бізге үлгі боларлық. Ағамызды жақсы көретін едік. Ол — қайсар, тәртіп десе жанын беретін азамат еді.»
Генерал 20 жылдан астам уақыт Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ішкі істер басқармасының бастығы болды. Кеңестік милиция сардары сол кезеңдегі санаулы генералдардың бірі еді. Ол үшін генерал болу тек погонымен ерекшеленбейтін, ар мен ұятты бірінші кезекке қоятын азамат болуды парызы санап өтті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=tui9HQaLd0w[/youtube]
Өнегелі өмір сүру салты мен өзіндік ұстанымы болған тұлға күні бүгінге отбасында да, қоғамда да үлгі болып қалып отыр. Оны өмірлік серігі кітабында да жазды.
Күмісжан Сүгірбаева, Құлахмет Халменовтың жары: «Милиция қызметкерлерінің жары болған — өте қиын. Өйткені қарақшыларды тұтқындауға кеткенде сенің жаның иненің ұшында тұрады. Аман есен келе ме екен, келмес пе екен деп тұрасың. Сондықтан мен тәртіп сақшыларының әйелдері де қаһарман деп ойлаймын.»