Көксайлықтар: «Біз адам сияқты өмір сүргіміз келеді!»

323

Көпір маңында орналасқан баспаналардың іргетасы жібіп, құларға шақ тұр. Бұл жөнінде көксайлықтар көптен бері күткен жиында жайып салды. Қордаланған көкейтесті мәселелерін айтқан ағайынның уәжін Еңбекші ауданының әкімі және құқық қорғау органының қызметкерлері тыңдады.

Көксайлықтар қордаланған мәселесін айтатын уақытты аз күткен жоқ. Сондықтан болар, кездесуге келген халықтың қарасы қалың. Тіпті, атқамінерлермен өткен мектептің акт залындағы жиынға тұрғындар сыймай қалды. Ал кіргендері алдымен жол мәселесін көтерді. Қаратөбе тасжолының тұрғындары аумаққа өткен жылы ғана мектеп салынғанын айтады. Бірақ білім ошағына оқушылардың жетуі мұңға айналған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=9YHGkQZlFdI[/youtube]

Рыскүл Жүнісова, тұрғын: «Балаларымыз мектепке барарда қатты қиналады. Жол — лай-батпақ, толарсақтан кешіп жүреді соны. Одан кейін көшелерде жарық жоқ, таңертең қап-қараңғы кезде балаларымызды өзіміз апарып-әкелеміз, аяғымыз ластанып кетеді. Проблеманы жергілікті билік шешім берсе екен дейміз».

Еңбекші ауданы әкімдігінің өкілдері бұл мәселемен таныс. Мектеп жуырда ғана аудан еншісіне берілген аумақта орналасқан. Атауы жоқ көшенің мәселесі әзірге шешілмейді екен.

Көксайлықтар

Қуатжан Жұматаев, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы: «Расында да бұл көшеде әлі ат жоқ, сондықтан әлі жөндеу жұмыстарын бастамадық. Көше бойымен газ және су құбырлары жүретін болса, біз салған жолдың бұзылуына тура келеді, сондықтан сәл күтіп болып, жолды жөндеген дұрыс».

831

833

Көксайлықтардың айтуынша, олар инфрақұрылымнан мақұрым қалған, көгілдір отын әлі күнге тартылмай келеді. Есесіне тұрғындарға төлем түбіртегі келген. Бұл мазаққа көнбеген ағайын жергілікті билікке шағымданып отыр.

Бұдан бөлек жиында шағынаудандағы көпірдің түбінде орналасқан үйлердің тұрғындары баспаналарының іргетасы суға жібіп, құларға шақ тұрғанын да айтты. Жағдаймен егжей-тегжейлі танысқан шенеуніктер айтылған әрбір арыз-шағым жіті қадағаланатынын жеткізді.