«Мұстафа Шоқайдың үйінде тұрдым»

Әлім Алмат – тірі тарих. Себебі бір ғасырға жуық көрген-білгені бар қазыналы қарт. Өз сөзімен айтсақ, жүрген жолы өте ұзақ әрі ой-шұңқыры көп. Ол – 1941 жылы Отан қорғау үшін екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған еді. Алайда сол жылы немістердің тұтқынына түседі. Бірнеше рет алқымнан алған ажалдан аман қалып, бостандыққа шыққан соң қайтуға мүмкіндік болса да туған жерге оралмады. Оған себеп сол кездегі Сталиннің «бізде тұтқын жоқ, сатқын бар» деген саясаты еді. Майдан шебіне Ғалымжан Әбдісәләмов болып аттанған жігіт Әлім Алмат деген есіммен Еуропада жаңа өмірін бастады. 97 жастағы қария қазір Түркияның азаматы, Ыстамбұл қаласының тұрғыны. Жас кезінде Ахмет Байтұрсыновпен жүздесіп, Францияда Мұстафа Шоқайдың шаңырағында бірнеше жыл тұрған.

05-012

– Әлім ата, өмір-тарихыңызды өз аузыңыздан естісек деп келдік.

– Мен 1917 жылы туылғанмын. Бірақ, құжатта 1920 жыл деп жазылған. Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Аққұм ауылының тумасымын. Шын аты–жөнім Ғалымжан Әбдісәләмов. 7-сыныпқа дейін сонда білім алдым. Одан соң мені ағам Ташкентке алып барды. Онда музыка мектебінде оқыдым. Бұл 1931 жыл болатын. Ташкентте әкем жағынан түп нағашым Темірбек Жүргенов бар еді. Өзбекстанның халық-ағарту комиссары қызметін атқарды. Ташкентке барғанымда математика мамандығын игерем деп ойлаған едім. Нағашым: «қазақта математик көп, музыканттар жоқ, сен музыкант бол» — деді. Алғашқыда сол нағашым Темірбек Жүргеновтің үйінде жаттым. Оқуға түскеннен кейін музыка мектебінің жатақханасына шықтым. Сол кезде нағашымның үйінде әйелі, інісі және бір-екі қызметшілер бар еді. Жеке үйде тұратын. 1933 жылы Т.Жүргенов Л.Мирзоянның шақыруымен Қазақстанға дәл сондай қызметке ауысты. Музыка мектебінде екі жыл оқыдым. Т.Жүргенов Алматыға ауысқан соң мен де оқуымды сол қалада жалғастырдым. 1939 жылы музыка мектебін бітірдім. Осы жылы Алматыдан әскер қатарына шақырылдым. Уақытымыз келіп, бізді мал тиейтін вагонмен әскерге алып кетті. Сосын соғыс басталып, әрі қарай майданға аттандық. Соғыстың алғашқы күні-ақ біз немістердің тұтқынына түстік.

– Тұтқынға қалай түстіңіз және қанша ай отырдыңыз? 

– Түнгі сағат екі-үштің кезі еді. Кенеттен немістер бізді қоршап алды. Біздің бөлімше шекарадан он шақырымдай жерде орналасқан болатын. Немістердің қолына осылай түстік… Тұтқында қайбір жағдай болады дейсің, күніне бір рет 300 грамм нан мен картошка беретін. Біз 25 кісі едік. Бұл 1941 жылдың шілде айы. Сосын бізді алпыс шақырымдай жердегі лагерьге алып барды. Онда 80 мың адам тар жерде отырдық. Осылайша тұтқында 18 ай жаттық.

– Жау қолынан қалай аман шықтыңыз? Әлде біреу көмектесті ме?

– Лагерьдегі жағдай өте қиын еді. Фашистер бізді ермекке өлтіре салатын. Өзім білетін тарихта адамды дәл немістердей қорлаған халық жоқ. Бірнеше эпизодтардан мысалдар келтірейін. Немістер темекі шегіп тұрып, жартысын біздің алдымызға тастай салады. Тұтқындағылар жүгіріп барып оны таласып алып тартатын. Сол кезде олар «өй, мәдениетсіз орыс, сен неге темекіні жерден аласың» деп оған 75 мәрте дүре соғатын. Бойында әлі, қуаты жоқ әлгі тұтқын талып қалатын. Сол кезде үстіне бір шелек суық су құя салады. Әлгі тұтқын қайтадан басын көтеретін. Бірақ ұзаққа бармайтын, ұзағанда 5-10 минуттан кейін өліп қалушы еді. Шамамен осындай түрлі себептермен күніне 90-100 тұтқын өлетін. Оны біз кезекпен апарып көметінбіз. Сәл әлсіреген адамдарды да «бәрібір өліп қалады» деп өліктермен тірідей көмгізетін. Біздің ондағы бар жұмысымыз осы өлген не өлгелі жатқан тұтқындарды көму ғана болды. Мен отырған лагерьде өзімнен басқа қазақ болған жоқ. Қамауда болғанда ауру жұқтырып, он үш күн бойы ес-түссіз жаттым. Бір есімді жиғанда қасымдағылардың әңгімесін естіп қалдым. Мен енді есімді жимайтын болсам, күзетшілер пойыздан лақтырып кетпекші екен. Сол күні әзер есімді жидым. Құр сүлдем қалған мені тұтқында қара жұмысқа жарамайтын болғасын неміс офицеріне көмекші ретінде жіберді. Арада бірнеше ай өтіп, ол кісі менің өнер адамы екенімді аңғарды. Жақсы кісі екен, үй шаруашылығынан босатып, Берлиндегі өнер академиясына түсуіме жағдай жасады. Тіл білмесем де сынақтан сүрінбей өтіп, тұтқында жүрсем де өнерге деген құштарлығым басылмады. Қосымша жұмыс істей бастадым.

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың азамат қатысып, оның 600 мыңға жуығы оралмаған.

– «Мұстафа Шоқайдың үйінде тұрдым. Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновты көрдім» депсіз?

– Ол рас. Ахаң туралы айтатын болсам. Ол кісіні соғысқа аттанбай тұрып, студент кезімде 1936 жылдары Алматыда көрдім. Көшеде келе жатқан жерінен танып жанына барып, сәлем бердім. Түрмеге бір барып келген кезі еді. «Балам, қалайсың, сабағың қалай, оқуың дұрыс па?» деп жөн сұрап, ағалық ақылын айтты. Бұл кездесуім алғашқы әрі соңғы болды. Бұдан кейін көп ұзамай ату жазасына кесілді.

Ал, Мұстафа Шоқай ағама келсек, мен ол кісіні көргенім жоқ. Онымен кездесудің еш сәті түспеді. Тек сыртынан еститін едім. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін 1946 жылы Франциядағы жары Мәриям Шоқайға арнайы хат жаздым. Өзімнің жағдайымды түсіндіріп, өнер адамы екенімді, білім жолын жалғастырғым келетінімді айттым. Мәрия Шоқай өзі де өнер адамы ретінде тез түсініп, қолдан келгенше көмек беретінін жеткізді. Осылайша, апам Француз үкіметіне қайтыс болған күйеуімнің жиені деп қазақ баласын алдыруға хат жазады. Сөйтіп көп ұзамай Парижге келдім. Мәрия Шоқай вокзалдан мені өзі қарсы алды. Содан кейін ол менің туған анамдай болды. Қазақтар десе, ішкен асын жерге қоятын аяулы адам еді. Мұстафаны жан жүрегімен жақсы көрді. Алған бетінен қайтпайтындығы, үнемі дұрыс бағытта жүретіндігі, ешнәрсеге сатылмайтындығы Мәрия апайды қатты қызықтырыпты. Мұстафаға қатысты барлық ақпаратты сол кісінің өзінен естідім. Кетерде күйеуінің заттарын маған аманат ретінде тапсырды. Жазған хаттары, жазба машинкасы тағы басқа дүниелерін берді. Бір айтқан сөзі Мұстафаның Түркістан легионына да еш қатысы жоқ. Легион ол өлгеннен кейін ғана құрылды. Мен Мұстафаны өз көзімен көргендердің, сосын Мария Шоқайдың айтуы бойынша ғана білемін. Данышпан ағамыз әйеліне: «Егер Түркістан бостандығын алса, президент болу былай тұрсын, министр болып та істемеймін. Маған ешқандай жоғары лауазымның қажеті жоқ. Жалғыз қалауым – баспасөз жөніндегі қызметкер болсам жетіп жатыр»,- дейді екен.

– Соғыс бітіп, тұтқыннан азат болғаннан кейін неге елге емес, Түркияға келдіңіз?

– Атамекенге оралып, өз ағайын-туыстарымның арасында болғым келді. Бірақ сол кезде Сталиннің қатаң жазасы болды. Сол үшін амалдың жоқтығынан аты-жөнімді ауыстырып Түркияға келіп, жаңа өмір бастадым. Парижден Анадолы жеріне ат басын бұрмай тұрып Түркиямен қатар Америка, Германия, Люксембургтен де жұмыс табылып, арнайы шақырту түсті. Ойлана келе, бауырлас ағайын әрі басқа елмен салыстырғанда атамекенге жақындау деп Түркияны таңдадым. 1950 жылы Ыстамбұлға келіп, скрипкашы болып мемлекеттік симфониялық оркестр-ге жұмысқа орналастым. Отбасын құрдым. Бүгінде Төре есімді ұлымнан екі немерем бар. Қорытындылай келе талай жыл тар жол тайғақ кешіп, қаншама қиындыққа қарсы келдім. 97 жылдық ғұмырымда алған соққым аз емес, оның ең ауыры атамекеннен алыс қалуым. Бастысы бүгінгі бейбіт өміріме шүкіршілік етемін. Ендігі бар арманым артымда қалған ұрпағым біз көрген соғысты көрмесе деп тілеймін.

– Айтқаныңыз келсін! Аман болыңыз аға! Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан – Самат Сүлей

«Оңтүстік Рабат», №5, 04.02.2015