Бүгін Самал шағынауданындағы 50-ге тарта үйді су алып кетті. Қошқараев көшесінің тұрғындары ағын сумен арпалысып, таңертеңнен әбігерге түсті. Толарсақтан су кешкен халық Қошқар ата өзенін кесетін көпірге суағар жүйесін сапасыз орнатқан мердігерлер мен коммуналдық сала қызметкерлерін кіналап отыр.
Бірнеше рет осындай оқиғаға тап болған жергілікті халықтың сөзіне қарағанда, құбырға тұрмыстық қалдықтар толып қалғандықтан, су деңгейі көтеріліп, осы маңайдағы үйлерге тасиды.
Бағдәулет Қалдарбековтың жауын-шашын десе жаны қалмайды. Себеб, ол осымен екінші рет осындай оқиғаға тап болып отыр. Таңертеңнен ауласынан асып, үйін алып жатқан сумен күресіп әлек. Резіңке етігімен толарсақтан су кешіп жүр. Қора-қопсысы құлап, баспанасы бүлініп жатса, жауаптыларды жағалауға дайын.
Ылдилап аққан су үй-үйді алып, тұрғындарды әп-сәтте әбігерге салды. Халық қолдарынан келгенше баспаналарын сақтап қалудың қамында жүр. Жауаптылар көпір саларда иригациялық жүйе ескерілгенде мұндай жайсыздыққа тап болмаса едік деп ашынады.
Су басу қаупімен бірнеше рет бетпе-бет келген тұрғындар жауаптыларға бірнеше рет хабарласқан. Алайда халықтың жайнайқайына атүсті қарағандардар арық-атызды тазалаудан әрі аса алмапты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=8JynuNn6ZVY[/youtube]
Тұрғындардың шағымымен оқиға орнына жеткен жедел топ көпір астындағы құбырды тұрмыстық қалдықтармен қоса қопарып тастады. Көз алдымызда су деңгейі төмендей түсті. Айта кетейік, көпірді кеңейту үшін мамандар бұл жерде былтыр құрылыс жұмыстарын жүргізген. Алайда, қатынас реттелгенмен, иригациялық жүйе ескерілмей қалыпты.
Осылайша, тұрмыстық қалдықтар су жүйелерін жауып тастап, суды арнасынан асырған. Ағын суға қоқыс тастайтын тұрғындардың салғырттығы бұл жолы да сабақ болса игі.
Су тасқынынан Әлімбетов көшесіндегі үйлер де зардап шекті. Толассыз жауған жаңбырдан соң Шаңашек каналы арнасынан шығып, бірнеше тұрғын үйді су басып қалды. Соның салдарынан жолдың қабаты мен үйлердің қабырғалары құлаған.
Тұрғындардың айтуынша, олар өз күштерімен дүние-мүліктерін құтқарып қалыпты. Құтқарушылардан көмек келмеген көрінеді. Тек таңертеңгісін ғана мұнда «ЛТД Тұрмыс» серіктестігінің жұмысшылары келіп, каналды қоқыстан тазалаған. Содан соң су өз арнасына түскен.
Мамандар каналдар мен арықтарды тазалауға тек арнайы мекеме қызметкерлері ғана жауап бермейді дейді. Үйлерге жақын орналасқан жүйелерді таза ұстап, ластамауға тұрғындар да мүдделі болғанда ғана проблеманың алдын алуға болады.