Отырар ауданының әкімі есеп берді

669

Отырар ауданында өткен жылы бюджеттің кіріс бөлігі 6 млрд. теңгеден асқан. Өнеркәсіп саласында 29 млрд. теңгеге жуық өнім өндірілген. Бұл туралы аудан әкімі Салыхан Полатов облыс әкімдігінде өткен есепті мәжілісте баяндады.

000

ҮИИД бағдарламасы аясында жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру жоспарланып, оның нәтижесінде 101 тұрақты, 283 маусымды жұмыс орындары ашылмақ. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 8,9 млрд. теңгені құрады.

Есепті кезеңде пайдаланылмай бос жатқан 5000 гектар жер қайта айналымға қосылған. Сондай-ақ 16 канал механикалық тазаланып, 2 канал жөнделді. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 1389 бас ірі қара мал алынып, жоспар артығымен орындалған.

2014 жылы құрылыс, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автокөлік жолдарына бюджеттен 7 млрд. 832 млн. теңгенің инвестициясы тартылған. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін 7400 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тапсырма 142 пайызға орындалған.

Ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға төмендеп, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасына 271 адам тартылды. Аудандағы денсаулық сақтау мекемелері есепті жылы 3 тіс дәрігерімен, дәрігер-кардиологпен және 2 дәрігер-терапевтпен толықты. Облыстық бюджет есебінен Үштам, Қарақоңыр елдімекендерінде медициналық пункттердің, Арыс ауылында бір ауысымда 25 адам қабылдайтын ауылдық дәрігерлік емхана пайдалануға берілді.

«Балапан» бағдарламасы аясында 2455 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, бағдарламаның орындалуы 78 пайызды құрады. Аудан әкімінің хабарламасынан кейін берілген тапсырмалар мен атқарылған жұмыстарды талдаған облыс әкімі А.Мырзахметов бюджет есебінен салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын қатаң қадағалауды жүктеп, тұрғындар саны 5 мыңға дейінгі 6 елдімекеннің жобалық-схемасын биыл аяқтауды тапсырды.

Индустрияландыру картасы мен ауыл шаруашылығы саласындағы межелі көрсеткіштердің тиісті деңгейде орындалуын қамтамасыз етпегені үшін жауаптыларға шара көруді жүктеді. Аудан аумағында термалды су көздері көптеп кездесетініне көңіл бөлген өңір басшысы осы су көздерін тиімді пайдалану мақсатында олардың емдік қасиеттерін анықтау мен шағын шипажай кешендерін салу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Облыстық басқарма басшыларына өз салалары бойынша ауыл әкімдерінің жұмысын саралап, бағалауды жүктеді.

Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі