Сарыағаш оқиғасы: себебі мен салдары

ОҚО Сарыағаш ауданының Ынтымақ ауылында болған кісі өлімі жайын негізге ала отырып, кешегі аптада әлеуметтік желіде айтылмаған әңгіме қалмады. Жағдайдың бұлайша ушығып кетуіне не себеп? Ресми органдар мәлімдегендей бұл бар болғаны екі азаматтың тұрмыстық жағдайда келісе алмауынан туындаған оқиға ма? Солай болатын болса, неге ұлтаралық қақтығысқа ұласа жаздады?

06-004

Әрине, басы ашық сауалдар өте көп. Дегенмен, көпшілік ең алдымен елден алғашқы күндері барынша ақпаратты жасыруға тырысқан, тіпті интернет пен ұялы байланыс желісін өшіруге дейін барған билікті кінәлауда. «Ақты ақ, қараны қара деп дер кезінде мәлімдегенде бұлайша дүрлікпес пе еді» дейді көбі. (Қазақ «ауруын жасырған өледі» дегенді текке айтпаса керек-ті. Ауру деңдеген шақты күтпестен оның алдын алу, дер кезінде әрекет ету мәселесінде неге үнемі кешіге береміз?)

Біраз уақыт бұрын Төлеби ауданы Мәдени ауылы мен Сайрам ауданы Қарамұрт ауылының жастары арасында болған жағдай құқыққорғау органдары мен жергілікті билікке сабақ болатындай-ақ емес пе еді…

Жә, бірді айтып, бірге кеткеніміз болмасын. Болар іс болды. Ендігі әрекет қалай болмақ?

Алдымен Сарыағашта не болғанын ресми органдар берген мәлімет арқылы баяндайық.

Екі ауылдың арасындағы түсініспеушілікке 1985 жылы туған Бақытжан Артықовтың өлімі себеп болған. Полиция Артықовтың өліміне Бостандық ауылының тұрғыны, 1976 жылы туған Н.Нарметовты күдікті деп тауып, сол күні оған іздеу жариялаған еді.

Бақытжан Артықовты жерлеген күні аудан басшылығы келіп, жұрттан «жанжал тудырмауды» өтінген.

«Деректер бойынша, кісі өліміне Н.Нарметовтың Б.Артықовтың жылыжайын жалға алуына байланысты туындаған дау себеп болған» дейді ішкі істер департаменті.

Полиция Артықовтың өлімі мен одан кейін туындаған әрекеттер ерекше бақылауға алынғанын айтады.

Алайда елдің ашуын тудырған мәселе Н. Нарметовтың мәйітті жасыруға тырысқаны. Күдікті жақтың, осы бір қанды оқиғаны көрген, куәгер болған азаматтардың қыңқ етпегені, құқыққорғау органдарына дер кезінде хабарламағаны болып отыр. Рас, қылмыс жасады деген күдікті Н.Нарметов бүгінде қолға түскен. Қамауда отыр. «Жазасын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алады» дейді құқыққорғаушылар. Осыған сенейік. Зайырлы мемлекетте өмір сүріп, құқықтық мемлекет құрып отырғанымызды ұмытпаған абзал. Қылмыскер қолмен жасағанын мойнымен көтеруі керек. Бұл жерде қылмыскердің ұлтына қарап емес, жасаған қылмысына қарай жазасын алуы керектігін тағы да баса айтқымыз бар.

Дүйсен АРТЫҚОВ, марқұм Бақытжанның әкесі:
– Бұзақылық болды дейтіндей, менің ұлым көшенің баласы емес. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген. Соңымнан ерген ұрпағым, жалғыз ұлым еді. Осы оқиғадан кейін облыс басшысының өзі келді. Мен ол кісіге талаптарымды айттым. Ол орындалды. Бұзақылар ұсталып, сот отырысы ашық болсын деп талап қойдым. Мұндай қылмысты тек бір адам жасамайды. Бүкіл облыс, ел қазақ ұлының осындай күйге түскеніне наразы болғаны белгілі. Кінәлі ұсталды. Енді әділ жазасын алса деймін.

Жеңiсбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы:
– Бұл тұрмыстық жағдай негiзiнде болған жай деп есептеймiн. Екi азаматтың келiспеушiлiгiнен туындаған. Мұндай оқиғаны қылмыстық негiзде қарау керек. Кейбiр әлеуметтiк желiлерде ақпарат берушiлер, жекелеген азаматтар басқаша бағытта түсiндiрмек болып, түбiрiн ұлтаралық қатынасқа апарып тiреуге тырысып жатыр. Дұрыс емес.
Мұндай қылмыстық жағдайда қылмыскер өзiнiң тиiстi жазасын алуы керек. Екi азаматтың арасында болған келiспеушiлiктен, араздықтан туындаған қайғылы оқиға заңмен шешiлуi тиiс.
Қылмыс жасаған азамат ұсталды. Ендiгi мәселенiң бәрi заң жүзiнде шешiлетiн болады. Бiз осыны дұрыс түсiнуiмiз керек.

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, облыстық «Ырыс алды-ынтымақ» қоғамдық форумының хатшысы:
– Мұнда ұлтаралық жағдай, ұлтаралық қикілжің жоқ. Бұл екі адамның арасындағы кикілжің. Сондықтан мәселені ушықтырудың қажеті жоқ.
Данышпан қазақтың ұлы ақыны Абай «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»деді. Сондықтан біздің Қазақстанымызда татулық мәңгі сақталуы керек. Сонда ғана біз «Мәңгілік ел» бола аламыз.

Қаралы әулетті ашындырған мәселе отызға енді толар ұлдың жалғыздығы екені де ақиқат. «Қанша батыр болса да жауға қойма жалғызды» дейтін қазақ жалғызын қорғап, аман сақтауға тырысқан. «Әр қазақ менің жалғызым» дейтін елдің ұландарын дүрліктірген де осы жағдай екені жасырып болмас шындық.

Бірақ… Парасатты болғанымыз керек. Ел мен жер қазақтікі дейтін болсақ, осы жердегі тыныштық та тек қазаққа керек. Ұрпағымыздың өсіп-өнуі, бейбітшілікте өмір сүрмегі қажет. Мәңгілік ел болуға ұмтылғандағы мақсат-мүддеміздің орындалуын көздейік. Оның үстіне, жан-жағымызда жанжалдасып жатқан жұрт аз емес. Дүрбелеңге толы дүниеде тыныштығымыз бен бейбіт тіршілігімізге қызғана да қызыға қарап отырған ел қаншама. Оларға дәл осындай үй ішіндегі кикілжің қажет екенін несіне жасырамыз. Шырпы лақтырып, сырттан шырт түкіріп қарап отырмасына кім кепіл?!

Байбалам салмай, байыпты болуға, ашынған елге басу айта отырып, әсіресе, құқыққорғау органдарының мән берер мәселесі аз еместігін де алға тартқымыз бар. «Бүкіл қазақ халқынан кешірім сұраймыз!» деп Ынтымақ ауылындағы тәжік ұлты бас қосып, жиын өткізген. «Алдыңа келіп, иілсе басын кеспе, әкеңнің құны болса да кешірім ет» деген ұлттың ұрпағымыз. Бірақ… Сол жиында «есірткі шегіп алып жасалған іс» дегенді кінәлі тарап айтып қалған. Олай болса, біздің елде есірткі пайдалану, сату, өсіру ауыр қылмыс болып саналатынын, оған тағайындалар жаза да оңай еместігін ескерсек, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген тәмсіл тектен текке айтылмасы белгілі. Бұған тиісті сала мамандары жіті назар аударуы тиіс.

Екінші бір айтпағымыз, ешбір елде баламасы жоқ дейтін біздегі Қазақстан халқы ассамблеясының жұмылғанда жұдырық болар, ел бірлігі мен тыныштығын күйттегендігін байқатар тұсы осындай ауыл арасындағы кикілжіңді басу мен айыпты жақты ашық әшкерелеуде жатса керек. «Дәм-тұзын беріп отырған ұлтқа деген рахметіміз бен ризашылығымыз бұлай болмаса керек-ті» дегенді ең алдымен ассамблея айтса. Қазақстандағы бейбітшілік пен ынтымақтастық ассамблеяға да керектігін сезінсе, тентегін тия білсе, одан қай қоғамға зиян?!

06-003

Қоғамдағы ассамблеяның рөлі арағайындық қана емес, мемлекеттік тілді білу, мемлекеттің басты құндылықтарын сыйлау, өмір сүріп отырған мемелекеттің иесі қазақтың әдебі мен дәстүрін, ғұрпын құрметтеуді өскелең ұрпаққа сіңірту болса керек-ті.

Ал елдің азаматтарына айтарымыз, «ашу-дұшпан, ақыл дос. Ақылыңа ақыл қос». Дана бабаларымыздың өсиетін ұстансақ ұтылмасымыз анық.

Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ.

«Оңтүстік Рабат», №6, 11.02.2015