Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды халық алдында есеп беріп, өткен жылды қорытындылады. Шаһар басшысының есеп беру кездесуіне облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен мемлекеттік органдардың өкілдері, зиялылар, ардагерлер, мұғалімдер, қала тұрғындары қатысты.
Құрылысы қарқынды, халық саны тез өсіп келе жатқан еліміздегі үшінші шаһардың қазіргі тыныс-тіршілігі жөнінде мазмұнды баяндама жасаған Дархан Сатыбалды 2014 жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы Шымкент қаласында өнеркәсіп өнімінің көлемі 262,9 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 4,6 пайызға өскен. Атап өтерлігі, бұл көрсеткіш облыс бойынша өнім көлемінің 40,5 пайыз үлесін құрайды. Сондай-ақ, еңбек өнімділігі 2013 жылмен салыстырғанда 2 пайызға өскен.
— 2014 жылы Шымкентте ауқымды жұмыстар атқарылды, — деп атап өтті Дархан Сатыбалды. — Әсіресе, құрылыс саласын ерекше атап өтуге болады. Аймақ басшысы Асқар Исабекұлының тікелей қолдауымен қаламызда көптеген әлеуметтік нысандар мен зәулім ғимараттар пайдалануға берілді. Өткен жылы қала экономикасына 166,7 миллиард теңге көлемінде инвестициялар тартылып, бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 29,6 пайызға артты. Сонымен қатар қаламыздағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 17,3 пайызға өсіп, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 257,6 миллиард теңгеге жетті. Сәйкесінше, бюджетке кәсіпкерлік саласынан түсетін кірістер 10 776 млн. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 19,7 пайызға өсті.
Екі жарым сағатқа жалғасқан кездесуде қала әкіміне тұрғындар тарапынан тұрғын үй мәселесі, жол инфрақұрылымын дамыту және азық-түлік бағасына қатысты бірқатар сауалдар қойылды. Қала әкімі өз кезегінде тұрғындардың сауалына тыңғылықты жауап берді. Ал қосымша қарауды, қаржыландыруды талап ететін ауызша және жазбаша сауалдар бақылауға алынып, алдағы уақытта сұрақтардың бәріне нақты жауап беріледі.
Жиын барысында сөз тізгінін алған облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шымкенттегі атқарылған жұмыстарға тоқталып, қала басшысының жұмысына оң бағасын берді.
– Елбасымыз Шымкентті еліміздегі үшінші қала деп бағалады. Осы бағытта қалада жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жөнінде бүгін қала әкімінің баяндамасында толық айтылды. Ерекше атап өтерлік жайт, бүгінгі таңда Шымкент әуежайының маңында сауда-логистикалық орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Жалпы, облысымызда өнім жеткілікті түрде шығарылады. Бірақ, сол өнімдерді тұтынушыларға уақытында өткізіп, оларға делдалсыз жеткізу маңызды. Сауда-логистикалық орталықтың тиімділігі осында. Жоспарға сәйкес, бұған 1,5 миллиард теңге бөлінді. Аталмыш орталық облыстағы барлық аудандармен тікелей байланыста болады. Биыл бұл жұмыстардың нәтижесін көре бастаймыз, – деді Асқар Мырзахметов.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TBLpW3SxqNY[/youtube]
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, Шымкентте алдағы уақытта 4 жаңа индустриялдық орталық ашу көзделіп отыр. Бұл орайда аталған жоба негізінде арнайы жер телімі бөлінген. Сондай-ақ, жиында Асқар Исабекұлы Шымкент қаласының инфрақұрылымын дамытуға қатысты өз пікірін білдіріп, шаһардың тазалығы мен көркін сақтауда нәтижелі жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты.
– Қала бұрынғыға қарағанда әлдеқайда тазарған. Бірақ, әлі де мәселелер бар. Әсіресе, қала ішіндегі қоқыс жәшіктері мен контейнерлердің санын көбейткен жөн. Әрине, бірден ештеңе шешілмейді. Қаланың келбетін одан әрі сақтау, тазалыққа жіті мән беру жағы бәріміз үшін өте маңызды болуы керек. Жалпы, Шымкентте қай салада болмасын, көңілге қонымды көрсеткіштер байқалады. Мәселен, қазір қалада жол сапасы жақсарып келе жатыр. Бұл бағытта бюджеттен қомақты қаражат қарастырылуда. Бір ғана жол инфрақұрылымын дамытуға биыл 6,5 миллиард теңге бөлініп отыр, – деді облыс әкімі.
Дереккөз: Сәбит Тастанбек.