Шымкентте облыстық тауар өндірушілердің форумы өтті. Шара аясында ұйымдастырылған көрмеде 120-дан астам жергілікті кәсіпорын өкілдері өз тауарларын ұсынды. Жергілікті билік өкілдері мен кәсіпкерлер өнімді өткізудегі түйткілдерді талқылады.
Өзімізде өндірілген өнімдердің барлығы осында. Азық-түлік тауарлары, киім-кешек, құрылыс заттары, өндірістік заттардың көрмесін көруге келген көпшіліктің қарасы да қалың. Экспо құрылысына ат салысып жүрген ірі құрылыс компания өкілдері де арнайы шақырылды.
Мәселен, табиғи газбен және қатты, сұйық отынмен жұмыс істейтін жылыту қазандықтарының жергілікті кәсіпорында өндірілетінін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Жарнаманың жеткіліксіздігінен болар, отандық тауарлар тұтынушыларға аса танымал емес. Сондықтан отандық бизнеске жол ашу үшін алдымен отандық тауарға деген жергілікті тұтынушының көзқарасын қалыптастырып алу қажет дейді кәсіпкерлер.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=xoYnq1bM_ic[/youtube]
Бұл түйткілді кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының өкілдері «Өндіріс.кз» порталы арқылы шешеміз деп отыр. Шара аясында жаңа жарнамалық қызмет түрінің тұсауы кесілді. Мұнда жергілікті бизнес өкілдері өз тауарлары мен қызмет түрлерін тегін жарнамалай алады. Өңірдің бүкіл тауар өндірушілері осы порталға енгізілген.
Жергілікті тауарларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған форумда отандық тауардың өтімділігін арттырудың да өзекті мәселе екені айтылды. Осы мақсатта облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы ортақ жоспар құрып отыр. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған форумда ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер арасында бірнеше меморондум қабылданды.