Ардагерге құрмет! ОҚМУ-дің металлургия факультетінің ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагері Қорғанбай Елеуовқа тарту жасады. Ұстаздар қарт майдангердің үйіне барып, соғыс жылдарындағы естелік әңгімесін тыңдады. Елге аман-есен оралған Қорғанбай Елеуов қорғасын зауытында еңбек етіп, зейнетке шығыпты.
Қорғанбай Елеуов ақсақал тоқсаннан асса да үйіне келген қонақтарды тік тұрып қарсы алды. Қонақтар құр қол емес, естелік сыйлықтарын арқалай келіпті. Қарт майдангер сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертті. Ақ батасын берді, елдің тыныштығын тіледі.
Қарт майдангер үшін өзіне көрсетілген құрметтің барлығы ерек. Биыл Президенттің өзі жолдаған марапатқа да ие болған. 90 жасқа толған ардагер Қазан, Ленинград және Волковск қалаларын жаудан азат еткен. Ерліктерінің естелігіндей болып бүгінде кеудесіндеі төсбелгілері тұр. Соғысқа 17 жасында аттанып, 191-атқыштар дивизиясында Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысқан.
Қорғанбай Елеуов, ҰОС-ның ардагері: «Ол кезде Ленинградты неміс қоршап алып қойған екен. Біз сыртынан оққа орадық, ішінен Кеңес әскерлері атты. 1943 жылы ғой, алғаш рет «Катюша» шыққан. Алты ұзын оқатары бар, мына жақтан сарбаздар оқ салып тұрады, ол бірінен кейін бірін жіберіп атады. Содан кейін барып немістер қашты ғой. Сөйтіп, Ленинградты азат еттік».
Жауынгер 1947 жылы елге оралған соң отбасын құрады. Шымкенттегі қорғасын зауытында 22 жыл еңбек етіп, екі ұл, екі қызын жетілдірген. Газет-журнал жиі оқитын ардагер,ел жаңалықтарымен жіті таныс. Ендігі арманы — жастардың амандығы.
Қорғанбай Елеуов, ҰОС-ның ардагері: «Тілегім — жастар аман болсын. Енді Құдай өмір берсе, ажалымыз келмесе, ұрысқа қатысқан жауынгерлермен бірге жетпіс жылдықты тойлармыз. Арман ғой, бұл, арман».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=I1an28qDKXg[/youtube]
Ардагер үйіне келген әрбір қонақты өзі шығарып салуды да әдетке айналдырған. Кетер алдында естелік суретке түсуді де ұмытпады. Тоқсанның төріне шықса да, төсек тартып қалудан қорықпайды. Саулықтың негізі деп, жаяу жүруді әдетке айналдырған.