Бүгін төрт жыл бойына тоқтап тұрған «Oxy Textile» жіп иіру фабрикасының жұмысы жанданды. Мақта-матадан жіп иіру зауытын сауықтыруға «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қаржылай көмектесті. Бастапқы кезеңде барлық дайын өнімдер экспортқа жолданады дейді кәсіпорын басшылығы.
Жұмысшылар «қолтырауын» атап кеткен мына қопсытқыш қондырғы алдымен шикізатты өңдеп, түту машинасына жібереді. Тазартылған мақтадан орама және тарақтап шығару әдісімен жіп иіріледі. Дайын өнімдер алдымен шетелге жөнелтіледі.
Айта кетейік, 2011 жылы телекөпір кезінде зауыттың тұсауы кесілген еді. Жобаның жарқ еткен жарнамасы сол тұста тегістеу цехына қарапайым жұмысшы болып орналасқан Лаура Қарыбаеваның да көз алдында. Өндіріс тоқырауға ұшыраған тұста мен де екі қолға бір күрек таппай, үйде отырып қалдым дейді. Қайтадан білек сыбана өз ісіне кіріскен кейіпкеріміздің күдіктен үміті басым.
Кәсіпорынның экспорт түгілі импортты қамтып, қарық қылмай бірер жыл жұмыс істеп тоқырауға ұшыраған кезеңі біздің де назарымыздан тыс қалмаған-ды. Шикізат тапшылығы қолды байлап, қаржы айналымы күрмеуге келмей зауыт табаны күректей төрт жыл бойына тоқтап тұрды.
Тоқырауға ұшыраған кәсіпорындарды сауықтыру бағдарламасының аясында енді зауытқа 5 жыл бойына қаржылық көмек көрсетіліп отыратын болды. Жылына 6 мың тонна өнім шығаратын кәсіпорын бүгінде тоқсаннан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=4QToEsojuhE[/youtube]
Толық өндіріс қуатына көшкенде 270 жұмыс күшін қамтымақ. Зауыт басшылығы каржылық қолдаудың арқасында зауыт мүлкі де түгел, шикізат көлемі келесі күзгі мақта терім кезеңіне дейін жеткілікті деп сендіреді.