Соғыс жылдарында аянбай еңбек етіп, қиыншылықты көп көрген тыл ардагерінің бірі — Махиш Джалайыров. Алты жасында әке-шешеден айрылып, тағдырдың қатал сынына ұшыраған бала Махиш туыстарының үйін паналайды. Бақытты балалық шақтың дәмін татып үлгермеген ол 13 жасқа келгенде соғыс басталады. Содан арада жетпіс жыл өтсе де қарттың жадында әлі күнге дейін бейнетті де қиын күндер ұмытылмастай сақталған.
Бұғанасы қатып, буыны жетілмеген бала көппен бірге еңбекке араласады. Ерте тұрып, бидай тасып, мақта егеді. Туған жері — Сайрам ауданы, Калинин колхозында соғысқа аттанған туған-туыстың аман келуін тілеп, күні-түні аянбай еңбек етеді. Кейінгі жылдары Шымкенттегі қорғасын зауытында 30 жылдан аса уақыт жұмыс атқарып, зейнеткерлікке шығады.
Қарияның ең құнды дүниесі — өзі арнаған альбомы. Көзінің қарашығындай сақтайтын кішкентай ғана заттың өзі үшін алар орны ерекше. Өйткені онда жастық шағы, соғыс жылдары мен жұмысынан сыр шертетін суреттер сақталған.
Қорғасын зауытында жұмыс атқарып, көзіне зақым тиген қарттың қос жанары көрмейді. Алайда тыл ардагері елімізде, әлемде болып жатқан барлық жаңалықтардан хабардар. Радиосын қосып, күнделікті ақпарлармен танысып отырады. Кейде жастық шағында шырқаған сүйікті әндерін ыңылдап отыратыны бар.
17 немере, 18 шөбере сүйіп, тыныш заманда өмір сүріп жатқан атаның өткенге оралып, сұрапыл жылдарды еске түсіргісі жоқ. Десек те ұрпағына бүгінгі бейбіт өмірдің оңай келмегенін үнемі айтып отырады. Ұлы Жеңістің 60 және 65 жылдығына орай кеудесіне таққан орденін де мақтан тұтады.
Әлемнің жарығын көре алмайтын атаның өмірге өкпесі жоқ. Денсаулығы, тамаққа тәбеті де жақсы. Ең бастысы — 88 жастағы тыл ардагері әлі күнге дейін дене жаттығуларын әдетке айналдырған.
Олардың әрбір ісі біз үшін үлгі-өнеге болса, әр сөзі -тарих. Ал қарияның тек бір ғана тілегі бар — соғыс және тыл ардагерлерінің ерен еңбегі мен ерлігінің арқасында қол жеткізген тыныш өмір енді ұзағынан болса дейді.