«Sand Аrt» атауымен белгілі, құм арқылы жасалатын өнердің бүгінде кең танылған түрі – sand animation, яғни құмдағы анимация. Құмдағы анимация – астынан жарық шамдары жағылған шыны бетінде құмнан түрлі бейнелер салу, құммен салынған бейнелердің қатысуымен тұтас бір оқиғаны көрсету. Арт-терапияда кеңінен қолданылатын құммен сурет салу соңғы үш-төрт жыл көлемінде Шымкент қаласында да дамып келеді. Шымкент қалалық Балалар көркемсурет мектебінде құммен сурет салуға үйретеді. Мұндағы шәкірттердің осы өнерге деген қызығушылығын оятып, баулып жүрген жас ұстаздар бар.
Фархад Достаев, суретші:
– Құммен сурет салуға жанартаудан шыққан құм пайдаланылады. Өйткені, құм неғұрлым ұсақ, таза болса, сурет те соғұрлым анық, әсерлі, шынайы шығады. Қазақстанда жанартаудан шыққан құмды табу қиын. Сондықтан да өзіміз осы Шымкент аумағындағы құмды жуып, тазалап, елеуіштен өткіземіз. Содан кейін осында алып келеміз.
Өнерлі жастар: Фархад Достаев пен Мақсат Қосылхан 2012 жылдан бері осы мектепте ұстаздық етеді. Екеуі Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжінде металл кескіндемесі мамандығы бойынша бір топта оқыған. Кейін бірі Алматыдағы А. Құнанбаев атындағы ҚазҰПУ-ді, екіншісі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша білімдерін жетілдірген.
Көркемсурет мектебінде Фархад «Кескіндеме», ал Мақсат «Сурет» пәнінен оқытады. Бұған қоса құмға сурет салу, 3D сурет салу сынды заманауи өнер түрлерімен таныстырады. Тек мектеп шәкірттеріне ғана емес, аудан-қалалардағы бейнелеу өнері пәні мұғалімдеріне дәріс оқиды.
Сурет салуға қажетті жанартау құмын Ресейден алдыртуға болады екен. Бірақ, мұның шаруасы көп әрі қымбатқа түседі. Құмның орнына кофе ұнтағы да жарай береді. Бірақ, кофе ұнтағының машақаты көп. Өйткені, ол – жабысқақ әрі ылғалға төзімсіз, алақан терлесе, содан-ақ суланып сала береді. Мектеп басшылығының айтуынша, алдағы уақытта құммен сурет салу жеке пән ретінде енгізілсе, онда шетелдерден жанартаудың құмын алдырту жоспарда бар.
Мақсат Қосылхан, суретші:
– Балалар өздерінің ішкі көңіл-күйлерін сурет арқылы жеткізеді. Құмға сурет салудың ерекшелігі –салынған сурет аз уақыттан кейін жойылып кетеді. Іштегі күйзелісті сыртқа шығарып, тынышталуға жақсы. Бір тақтаның айналасына бірнеше бала жиналып, әрқайсысы өз ойындағысын құммен бейнелейді. Балалар көбіне балық, күн, теңіз, қайық және адам бейнелерін салады.
Фархад пен Мақсат құммен сурет салуға арналған тақтаны да өз қолдарымен жасап шыққан. Құммен сурет салуға арналған жабдықтар сататын интернет-дүкендерінде әжептеуір ақша тұратын мұндай тақтаны үй жағдайында да жасауға болады. Ол үшін ағаш жаңқасы мен ағаш талшығы плиткалары (жұртшылық арасында ДСП, ДВП атау-ларымен белгілі), қалыңдығы кемінде 5 мм-лік шыны, жарық шамдары және жарық өткізетін арнайы қағаз қажет.
Көркемсурет мектебіндегі үйірмелерге 420 оқушы қатысады. Аптасына үш рет болатын үйірме сабақтары үшін айына 900 теңге ақы төленеді.
Құммен сурет салуды үйренгеніне үш ай болған Асылжан Нәзірқұл «Табиғаттың, жан-жануарлардың суретін салғанды ұнатамын. Соның ішінде жылқының суретін көп саламын», – дейді.
Тағы бір шәкірт Фурхад Зафаровтың сөзінше, бір суретті салуға 20-30 минут уақыт кетеді. Құммен сурет салғанда қиял дамиды. Сурет салып болған соң бір рахаттанып қалатынын, құмды алақаныңа уыстап ұстағанда қолдарының демалатынын, құмды алақанынан сусылдатып шығарып, шынының бетіне жайып жібергенде күшті әсер беретінін айтады.
Азатбек Тоқтамұратов, шәкірт:
– Атам мен әжем Шымкент қаласынан алыс ауылда тұрады. Оларға жылына тек бір рет, жазғы демалыс кезінде барамын. Ауылымды сағынып жүрмін. Сондықтан да ауылымның, тау-тастың, өзеннің суретін жиі саламын. Үй жануарларын жақсы көремін. Ит, жылқыны көп бейнелеймін. Екеуі де жеті қазынаға жатады.
Құммен сурет салушылардың айтуынша, құмсурет үп еткен желден де, бір тамшы судан да бұзылып сала береді. Сонысымен құнды, өзіне тартады. Бүгінде құммен салынған суреттерді сол мезетінде фотоаппаратқа түсіріп не процесті бастан-аяқ бейнекамераларға жазып алады. Тек осылай ғана сақтап қалуға болады. Үстінен пленка қойып, мейлінше ұзақ мерзімге сақтайтындар бар. Бірақ, бұл тәсіл көп қолданылмайды. Өйткені, құммен салынған сурет өзінің қайталанбайтындығымен ерекше. Құммен салынған бір суретті екінші қайтара тағы дәл сол қалпында салып шығу мүмкін емес. Құмның қасиеті оған көндікпейді.
Фархадтың құммен салған суреттерінің арасынан Абылай ханның портреті мен Қазақ хандығына арналған композиясының шоқтығы биік. Мақсаттың соңғы уақыттағы ірі жұмыстарының қатарында Ә.Қастеевтің, А.Пушкиннің портреттері бар.
Фархад пен Мақсат бұған қоса аэрография өнерін де жетік меңгерген. Бірақ, мектеп жағдайында бейнелеу өнерінің бұл түрі үйретілмейді. Оған аэрография-да пайдаланылатын жабдықтардың балаларды оқытатын көркемсурет мектебі жағдайында қолданылуға қолайсыздығы себеп. Аэрографияда бояуды бүрки отырып металл бетіне түрлі бейнелер салынады. Одан бөлек, үш өлшемді кескіндер, яғни 3D суреттерді де салады. Көлеңкені дұрыс бағытта түсіру арқылы салынатын 3D суреттер салу соңғы жылдары үлкен сұранысқа ие.
Шәкірт тәрбиелеп жүрген жігіттер мектептегі жұмыстарынан бос уақыттарында үйлер мен салтанат сарайларын графикалық безендіру ісімен айналысады. Қаламыздағы бірқатар салтанат сарайларының безендірілуі осы жігіттердің өнерлі қолдарынан шыққан. Осылайша, олар өз қабілеттерін дұрыс пайдалана білгендіктен де қосымша табыс тауып жүр.
Жәнібек НҰРЫШ
Суреттер автордікі
«Оңтүстік Рабат», №8, 25.02.2015