Кәмшат Йигит – қазақ қызы. Түркия тарихында тұңғыш рет судья болып тағайындалған қандасымыз. Түркия Республикасындағы Биледжик қалалық бітістіру сотының судьясы. Оңтүстік өлкесінде туып-өскен ол жақында еңбек демалысын алып, жерлестерімен бірге Наурыз мерекесін қарсы алды. Осы сәтті пайдаланып біз онымен жолығып, сұхбаттасып та үлгердік.
– Кәмшат, туған-жерге қош келіпсіз. Демалысыңыз қалай өтіп жатыр? Қазақстанға қаншалықты жиі келіп тұрасыз?
– Ұлыстың Ұлы күнін өз елімде атап өтуге бел будым. Демалыс өте керемет өтіп жатыр. Елді кәдімгідей сағынып қалыппын. Ағайын-туыспен қауышып, бір жасап қалдым. Сағыныш мауқымымды басып жатқан жайым бар (күліп). Себебі жаңа қызметке тағайындалғанға дейін сынақтан өту мерзімі ұзақ болғандықтан елге соңғы рет осыдан екі жыл бұрын келдім. Шымкент кәдімгідей өзгеріпті. Көркейген.
– Жаңа қызмет демекші, шыны керек, судьялық қызметке тағайындалғаныңызда бәріміз қуандық. Қазақ қыздарының арасынан өзге елде жүріп сондай жауапкершілігі мол істі мойнына алу, елдің сеніміне кіру оңай емес, әрине.
– Иә, мен судья болғанымда алғаш рет Қазақстанның Түркия еліндегі Елшісі Жансейіт Түймебаев ағамыз хабарласып, арнайы құттықтады. Ол кісі де Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Одан өзге хат жазып, қуанышыма ортақтасқандар да табылды. Әрине, оларға алғыс айтамын. Сондай-ақ, ғаламтор желісінде пікір жазғандар да болды. Түрік халқының сенім артқаны мен үшін де үлкен жауапкершілік. Сенімді ақтауға барынша тырысамын.
– Оқырмандарымызды қандасымыздың өмірі, бүгінгі тіршілігі қызықтырады…
– Мен Шымкент қаласында туып-өскен қарапайым ғана қазақтың қызымын. Жалпы орта мектепті бітірген соң Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық универститетіне құжаттарымды тапсырып, мемлекеттік грант иегері атандым. Бұл 2002 жылдар болатын. Кейін Астананың климаты денсаулығыма әсер етіп, Алматыдағы жоғары оқу орнына ауыстым. Сол жақта білім алып жүріп, оқытушылардың ұсынысы бойынша білімімді әрмен қарай жалғастыруға бел будым. Жолым болып 2006 жылы Түркиядағы Анкара университетіне оқуға түстім. Кейін өмірлік серігімді жолықтырып, тұрмысқа шықтым. 2010 жылы Түркия Республикасының азаматтығын алып, маған сенім артқан екінші отаным түрік еліне де адал еңбек етпек оймен мамандығым бойынша қызмет етуді мақсат еттім.
– Бұл шешіміңізді туыстарыңыз қалай қабылдады?
– Шынымды айтсам, алғашында мен үшін де мұндай шешімді қабылдау оңайға соқпады. Оның үстіне мен қазақи тәрбие алып өскен адаммын. Анам – қазақ елінің нағыз патриоты. Бала күнімізден мемлекеттік тілді құрметтеуді, салт-дәстүрден хабардар болып, ұлттық құндылықтарды бірінші кезекке қою керектігін әбден құлағымызға құйып өсірген. Туып-өскен елімнен жыраққа тұрмысқа шығу бұйырған екен. «Қыз мұраты – кету» деген бар емес пе?! Ата-анам баталарын берді.
Менің түсінігімде кез келген адам баласы үшін қайда жүрсең де жүрегің «туған елім» деп соғып тұрғаннан артық ештеңе керек емес. Бәлкім мен қазір өзге елге қызмет етіп жатқан шығармын, бұйыртса екі елдің достық байланысының әрмен қарай нығаюына өз үлесімді қосатыныма сенемін.
– Жолдасыңызбен қалай таныстыңыз?
– Жоғарыда атап өткенімдей 2006 жылы Анкара университетіне оқуға түстім. Жолдасым да сол білім ордасына құжаттарын тапсырған екен. Сол кезде кездейсоқ танысып қалдық. Алайда шет тілін білу деңгейі төменірек болғандықтан оған өзге білім ордасына оқуға түсуге тура келді. Соған қарамастан арада байланыс орнап, достарша араласып тұрдық. Кейін сезім пайда болды. Шүкір, бүгінде ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Жолдасым да құқық қорғау саласының адамы. Адина және Аружан есімді екі қызымыз бар. Түрік ағайындар қазақ қызын жатсынып жатқан жоқ.
– Қыздарыңызға қазақша есім беріпсіздер. Жолдасыңыз қарсылық танытқан жоқ па?
– Жоқ, қайта керісінше, ұлты түрік бола тұра ол кісі «Сен өзге елде жүрсің. Туған-жеріңе деген сағынышыңның барын білемін. Қыздарымызға қазақша есім қояйық» деп өзі ұсыныс білдірді. Бұл да тәрбиенің, қыз баласына деген құрметтің белгісі болса керек. Негізінде түрік халқы бала есімінің мағынасына қатты мән береді. Бұл оның мінез-құлқына, болмысына әсер етеді деген түсінік қалыптасқан.
– Жиендеріміздің қазақшасы қалай?
– Қазақ тілін біледі, оқи алады. Түрік пен қазақ тілдері өте ұқсас қой. Қыздарыма бұл тілді меңгеру аса қиындық туғызып жатқан жоқ. Тілді үйрену үшін бірінші кезекте орта әсер ететіні белгілі. Сол себептен үйде олармен қазақша сөйлесуге тырысамын.
– Өзге елге сіңісіп кету қиын болған жоқ па?
– Мен шешімді өз еркіммен қабылдадым. Оқуға түскен соң бір жылдан кейін тұрмысқа шықтым. Жолдасым қорғаушым да, қолдаушым да бола білді. Ол маған дейін заң саласына қызметке орналасқан. Әлі күнге дейін білмеген тұсымды үйретіп, ақылшым әрі кеңесшім болып отыр.
– Енді қызметіңіз турасында сұрасақ. Жауапкершілігі мол бұл қызметке қалай қабылдандыңыз? Жалпы Түркияда судьяларға қойылатын басты талап қандай?
– Оқуды бітірген соң Әділет министрлігінде аудармашы болып еңбек еттім. Түркия Қазақстан сияқты емес, тек мемлекеттік тіл қолданылады. Ағылшынша білетін адам көп емес. Сондықтан көп тілді меңгергендерге сұраныс көп. Мен қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілін меңгергенмін. Жолдасымның қызметіне байланысты 1 жыл Германияда тұрдық. Неміс тілін де білемін. Өзім заң саласын оқыдым, шетелдік компанияларға қызмет көрсететін адвокаттық кеңсемді ашып алуыма да болатын еді. Бірақ мен елге қызмет еткім келді. Қазір Биледжик қаласында тұрып жатырмыз. Тәжірибем аз. 2-3 жылда өз саламды толық меңгерген соң Стамбул секілді ірі қалаға қызметімді ауыстыру жоспарымда бар. Басты парызым – адал қызмет ету.
Қазақстанды қайдам, Түркияда судьяларға қойылатын талап жоғары. Биледжик қалалық бітістіру сотына қызметке орналаспас бұрын 16 ай сынақ мерзімінен өттім. Жазбаша сынақ тапсырып, 70-тен жоғары балл жинағандарды сұхбаттасуға шақырды. Комиссия мүшелерінің бірі құқықтық біліміңді тексерсе, екіншісі әдебиет, мәдениет саласы бойынша, келесі бірі шет тілін меңгеру деңгейіңе қатысты сұрақтар қояды. Соның бәрінен сүрінбей өтуге тиіссің.
Түркияда судья немесе прокурорлар таныс арқылы қалаған ауданына қызметке бара алмайды. Оларды туып-өскен ортасынан алшақ қалаға қызметке тағайындайды. Бұл жемқорлықтың алдын алу үшін туындаған қажеттілік.
– Ал халықтың сенімі қандай деңгейде?
– Халық құқық қорғау саласы қызметкерлерінен аяқ тартады. Оларға бағынады әрі сенім артады. Түрік жұртшылығы үшін прокурор не судья әділдікті орнататын маман иелері.
– Екі елдің де құқықтық саласын білесіз. Заңдардан да хабардарсыз. Айырмашылығы туралы айта кетіңізші…
– Мен Қазақстанда білім алғаныммен одан бері талай жыл өтті. Заңдарға өзгерістер енді. Бізде «wap» жүйесі қолданысқа енген. Бұл дегеніміз қандай іс болмасын судья шешімінің әрбір сөзі осы жүйеге енеді. Мұнан соң шешімді өзгерту мүмкін емес. Бәрі бақыланып отырады. Егер судья өзгеріс енгізетін болса, жауапкершілікке тартылады. Ал Қазақстанда әлі де қағазбастылық басым. Меніңше бұл жүйені де Қазақстанға енгізсе, елдің құқық қорғау саласына деген сенімі артар ма еді?! Бұл менің жеке пікірім ғана.
Қазақстанның бүгіні мен кешегісі жер мен көктей. Қазір қоғамның менталитеті, көзқарасы өзгерген. Ел дамып жатыр. Шет жақта жүрсем де туған елімнің дамып жатқанына қуаныштымын. Әрине, Түркия мен Қазақстанды салыстыруға келмейді. Қазақстанның егеменді ел болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ал, Түркия тәуелсіздігінің 80 жылдық тарихы бар мемлекет. Дамыған. Ол елде де алғашқы жылдары Қазақстандағы сияқты проблемалар болған. Дегенмен қандай заң болса да, бірінші кезекте азаматтың санасына бермесе қиын. Заң оны орындау үшін қабылданатынын ұмытпаған жөн.
– Туған жерге көшіп келу жоспарыңызда жоқ па?
– Біздің қазақта тұрмысқа шыққан қыз жолдасының елінде тұруы қажет. Күйеу баланың қайын жұртында тұруы үлкен сын. Түркия — менің жолдасымның туған елі. Мен сонда тұруға міндеттімін. Бірақ тек түрік жұртшылығы емес, Қазақстан үшін де қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайынмын.
– Кәмшат, ата-анаңыз, бауырларыңыз туралы айта кетсеңіз…
– Менің өмірде үлгі алатын адамым – анам. Анамның түсінігі бойынша қыз баласы үйде отырмай, білім алып, жан-жақты дамуы керек. Ана тәрбиесі – елдің тәрбиесі. Ол кісі егер сен өзің білімсіз, тәрбиесіз болсаң, балаға дұрыс тәрбие бере алмайсың дегенді әлі күнге дейін айтып отырады. Анам экономист, ағам бизнес саласында еңбек етеді. Әкем қазір жұмыссыз. Менен кейінгі сіңілім медицина саласының маманы. Отбасым Шымкентте тұрады.
– Ендеше, қызметіңізге сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгемелескен – Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №12, 25.03.2015