Біздің өлкеде жан-дүниесі қазақ деп соғып, Шардараны жер жаннаты деп санайтын, спорт десе ішкен асын жерге қойып, шағалалы өңірден шыққан әрбір спортшының табысына баладай қуанатын, салауатты өмір салтын насихаттауға әрдайым атсалысып жүретін азамат бар. Ол Көксу ауылдық округінде тұратын ардагер ұстаз Владимир Михайлович Боровик ағамыз.
Оңтүстік өңірдегі әрбір әулиелі жердің атын атап, түсін түстеп шыққанда өзіңнің Ұзын ата кесенесінен әрі ұзап шықпағаныңа ұяласың. Шежіреден сыр шертіп, қазақтың небір мақал-мәтелін майын тамыза әңгімелегенде ол кісі таза қазаққа айналып, өзің өзге ұлт өкілі сияқты болып қаласың. Жуырда ғана осы ағамен сұхбат құрдық.
– Келе жатқан Наурыз мерекесі құтты болсын! Сізді Владимир Михайлович демей-ақ, Бәке десем бола ма?
– Ақ мол болсын! Әрине болады. Беймарал…
– Алдымен өзіңіздің ата жұртыңыз туралы айтыңызшы. Бұл өңірге қашан қоныс аударып келдіңіздер?
– Боровиктер әулеті 1931 жылы Украинадан осы өңірге көшіп келген екен. Атамыз Тимофей репрессияның қырына ілігіп, 5 бала, 1 қызымен келген. Өздері крестьян шаруа. Менің әкем Михайл сол кезде 11 жасар бала болған. Атамның қолы шебер ұста кісі болды. Өмірінің соңына дейін бұрынғы «Восход» совхозындағы МТС-те істеді. Марқұмның сүйегі Сейіттөбеде жатыр. Ал, әкем Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан оралған соң 42 жыл бойы біздің Көксу ауылындағы С.Ерубаев орта мектебінде есепші болып жұмыс істеді. Ол кісі өмірден 2001 жылы озды. Анам Валентина да Украинадан қоныс аударып келген. Әкелері репресияға ұшыраған соң анамның анасы Елизавета екеуі 1941 жылы осында жер аударылған. 1947 жылы әкем мен шешем екеуі көңіл жарастырып отау құрыпты. Нағашы әжем Елизавета Константиновна көзі ашық, оқыған кісі болды. Біз негізінен сол кісінің тәрбиесінде өстік. Әжеміз келгеннен «Көксу» совхозының үлкен бау-бақшасы бар еді, сол жеміс шаруашылығында бригадир болып қызмет істеді. 84 жасында қайтыс болды. 1937 жылы ашылған «Көксу» кеңшарында негізінен грек, молдаван, қарашай, украин азаматтары келіп қоныстанды. Ал, анам Валенина 47 жыл бойына кеңшардың есеп-қисап саласында еңбек етті. Соның ішінде 25 жыл кеңшардың бас есепшісінің орынбасары болды. Қазір зейнет жасында, қолымызда тұрады. Тыл ардагері қатарында.
– Сонда сіздің әулет есепке жүйрік әулет болды ғой. Ал, өздеріңіз қанша ағайынды болдыңыздар?
– Ата-анамнан бір ұл, яғни мен, және үш қыз болды. Өкінішке орай үлкен әпкем Анна 21 жасында өмірден өтіп кетті.
– Сізді спортшы әрі спорт жанашыры ретінде жақсы білеміз. Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?
– Әлбетте, өзің айтып тұрғаныңдай спортшы болуды армандадым. Көксудың балаларымен тай-құлындай тебісіп, С.Ерубаев мектебінде 8-сыныпты бітірдім. 8 жылдық мектептен кейін бізді Шымкентке мектеп-интернатқа жіберді. Ол жақта орын болмай Келестің Бешқұбыр деген ауылындағы мектептің интернатына орналастық. С.Сейфуллин атындағы мектепте 10-сыныпты бітірдік. Ол жердегі достармен де араласып тұрамыз. Осыдан көп жылдар болып қалды, 40 жылдық кездесуіміз өтті. Кезінде бірге оқыған неміс достарымыз Германиядан келді. Сөйтіп жастық шақты еске алып мәре-сәре болыстық. Осы мектепті бітірген соң Шымкент педагогикалық институтының спорт факультетіне құжат тапсырдым. Алайда, жолым болмай оқуға түсе алмадым. Ауылға қайтып баруды намыс көріп жүргенімде бастауыш мектептерге мұғалім жетіспей, сол үшін 1 жылдық курс бар дегенді естіп, соны бітірдім. Кейін ақыры институттың тарих факультетіне оқуға түстім. Оған дейін ауылда 1 жыл бастауыш мұғалімі болып жұмыс істедім. Институтта оқып жүріп әскери борышымды өтеп кедім. Кейін оқуымды жанұялық жағдайларға байланысты сыртқы бөлімге ауыстырдым. 1971 жылдан бастап, «Қаз ССР-інің 50 жылдығы», қазіргі Т.Айбергенов атындағы мектепке мұғалім болып орналастым. Тарих, қоғамтану пәндерінен сабақ бере жүріп, спортпен айналыстым. Мектеп оқушыларын түрлі жарыстарға апаратынбыз. Әлі есімде, сол кезде 9 сыныпта оқитын жерлесіміз, бүгінде су комитетін басқарып отырған Ислам Әбішев, 8 сыныпта оқитын аудандық қаржы бөлімінің бастығы Наханша Қалмұратов, әйгілі сазгер Лесбек Амановтардың спорттық майкаларына нөмір жазып беретінмін.
Өзім мұғалім бола жүріп, 25 жыл бойы ауданның волейбол спорты бойынша құрама команда сапында ойнадым. Ооо, сол кездегі жетістіктерімізді қазір сағынышпен еске аламын. Кілең сайдың тасындай сайыпқыран жігіттерді құдай қосқан екен деймін. Бүгінде Грецияда тұратын Василий Хазариди, Алматыда тұратын Асылбек Мелдеханов, Шәуілдірде тұратын Төребек Асылбеков, Шымкентте тұратын Ыбырай Байсынов, өзіміздің Есқуат Ерманов, Әлібек Сейдалиев, спорт мектебінің директоры Абай Сакиев, Бақтыбай Бадырақов, Жандарбек Байларбеков, Оразбай Қойбағаров, Мұсырман Дәуренов секілді жігіттерден құралған шардаралық волейболшылар қаншама кубоктарды жеңіп алмадық десеңші. Облыста өтетін Октябрь Жарылғапов турнирінде ешкімге дес бермей 1981 жылы чемпион болдық. Оған дейін екінші орында қалып жүрдік. Анығында Түркістан мен Шымкент командалары есебін тауып чемпион бола беретін. Қ.Сәтпаев атындағы республикалық турнирде де екінші және үшінші орынды иеленіп қайтқанбыз. Шалғайдағы аудан болған соң бас бәйгені қиғысы келмейтін. Біз сол чемпиондық атақты айқын басымдықпен ғана тартып алғандай болдық. Өзбекстанның Жызақ,Смарқан, Сырдария командаларымен сайысқа түсетінбіз. Ал, Жетісай қаласында өтетін С.Жүзбаев атындағы дәстүрлі жарыстан 10 жыл қатарынан чемпион болдық десек, бүгінде біреу сенеді, біреу сенбейді. Ол да бір дәурен екен ғой, шіркін.
– Сізді фотоальбом жинаудың шебері деп есіттік?
– Ол рас. Әрбір сурет сол уақыттың қас-қағым сәтін сақтап қалған құжат емес пе. Біз соған мән бермейміз. Қай жер болса сол жерде жыртылып жататын фотоларға жаным ауырады. Біздің үйдегі альбомның дәл саны – 102. Барлығын ретімен, өз тәртібімен ұқыптап жасағам. Бір де бір сурет альбом арасында бос жүрген жоқ. Ал, енді соның 30-ы соңғы уақытта жасалған кілең түрлі-түсті фотолармен толтырылған альбом. Балалық шақтағы, әскердегі, спорттағы, турист болып жүрген кездегі дегендей, альбомдарымның әрқайсысының өзі мен үшін құн жетпейтін тарихи дүние болып есептеледі.
– Өзіңіз украин бола тұра, барлық әулиелі жерлерді аралап шығыпсыз. Кесене, мазарларға не себепті қызығасыз?
– Бұған несіне таңғалуға болады? Әрбір адам өзі ғұмыр кешетін өлкенің тарихын білу керек қой. Шардарада теңізден басқа түк жоқ дейтіндер бар. Мен бұған мүлдем қарсымын. Теңіздің түбінде қанша ауылдар қалды. Төребайтұмсық, Ақкент, Жаушықұмтөбе деген орындарды жастар түгіл, орта буын өкілдері біле бермейді. Біз соларды оқушыларға үйретуіміз керек. Оқушы кезде саяхатқа шығушы едік қой. Сол уақыттан бері кез-келген кесене, әулиелерге жайдан-жай бара салмай, оның тарихын білуге тырыстым. Оңтүстік өңірі тарихқа тұнып тұр ғой. Бір Қазығұрттың өзінде қанша әулие бар. Биіктігі 1763 метр болатын Қазығұрт тауының басына шықтым. Жол бойындағы кеме монументі тұрған төбені айтып тұрған жоқпын, кәдімгі таза Қазығұрт тауын айтып отырмын. Сол тау шатқалында Ақбура әулиенің мазарын көрдім. Тұрбат, Жабай ата, Қошқар ата, Ысмайыл ата, Ыстық ата, Ер Дәуіт, Мың шейіт деген әулиелер бір-екі ауданның ішіндегі ғана тарихи орындар. Ленгір жақта Қырық қыз, Орда қойған деген жерлерді көрдім. Оразалы Сәбденов салдырған «Түркібасы» кесенесін араладым. Өзіміздің Ұзын атадан бастап, Арыстан баб, Отырар төбеге 1964 жылдан бері үзбей барамын. Арыстанбаптан шыққасын Гаухар ана деген жер бар. Түркістандағы Яссауи кесенесі, онда жерленген хан орындары, қаладағы көне моншаларды қанша рет аралағаным есімде жоқ. Тайқазан құйылған Қарнақта болдым. Қажымұқан бабамыз жатқан жерді көрдім. Басына тағзым еттім. 1856 жылы Кауфман деген кісінің бұйрығымен салынған Қызыл көпірдің тарихы да жай тарих емес. Бәйдібек Қарашұлының жатқан жері, Домалақ ана, Қос ана кесенелерінде болдым. 20 метр төменде орналасқан жан-жағында бұлағы бар Ақмешіт әулиені көрдім. Созақтағы Баба түкті Шашты әзіз, Қара бура, Баба ата, Ысқақ баб, жұрт бара бермейтін Ноғай ишан, Ата құлақ деген жерлерін көрдім. Қыземшек, Мыңжылқы, Келіншектау, Балдысу, Ақсүмбе, Ақбикеш деген орындардың сырын ұғуға тырыстым. Ордабасының басына шықтым. Сайрамдағы әулиелерге сан жетпейді. «Сайрамда бар сансыз баб» дегенді бекер шығармаған. Мен тек біздің облыстағы әулиелі жерлерді ғана айтып отырмын. Ал, соңғы саяхаттаған жерім Алматыдағы Іле бойындағы Таңбалы тас ескерткіштері. «Көшпенділер» фильмі сол жерде түсірілген екен. Осылардың бәрінің суреті бар менде. Әрбір жас ұлан осы мекендерді біліп, ұғып жүрсе патриотизм деген сол деп ойлаймын. Біз үлкендер жағы жастардың санасына туған жер мен туған тілдің қасиетін өзіміз үлгі көрсете отырып сіңіруіміз керек. Өкінішке орай, бүгінгі көптеген жастарымыз сағыз шайнап отырып, шала дүмбілез «Мария Магдалена, ох-ох-о» деп өлең айтқанына мәз. Мен ұлтым кім болса да осы өңірде туып өскен соң, сол атыраптың тарихи шежіресін білуді өзіме парыз деп санаймын.
– Жаңылыспай, талмай, әулиелі орындарды тізіп шыққаныңызға тәнті болып отырмыз. Қазақстанда ғұмыр кешу басқа да, қазаққа сіңіп кету бір басқа. Біздің салт-дәстүр, ұлттық тағам дегеннің бәрін білетініңізге күмән жоқ.
– Неге білмейміз? Кезінде машинаммен талай мәрте жолдастарымызға қыз алып қаштық. Құдалыққа бардық. Той-жиында, өлім-жітімде біргеміз. Қазақтың етін, өзбектің палауын білмей не көрініпті. Біздің үйден ұлттық асымыз – борщтың дәмін татпаған Көксуда адам жоқ. Есімі елге белгілі жыршы-термеші Әбдіғаппар Айдаровпен қай жерлерге тойлап бармадық. Құдайға шүкір, адал еңбектің арқасында құрметке бөленіп отырмыз. Спорттан бөлек, ұстаз болып жүріп министрліктің «Алғыс хаттарымен» марапатталдым. Кезінде «Аға оқытушы» деген атақ алдым. Ондай атағы барлар мақтанғаным емес, саусақпен санарлық еді. Осындай елде мамыражай ғұмыр кешіп келе жатқаныма өзімді бақытты сезінемін. Мен бастауышты бітірген бір сыныпты алсам, солар мектепті бітіргенше жетекші болар едім. 1961,68,74,77 жылғы түлектерге алды жеті жылдан сынып жетекшісі болдым. Шәкірттерім «біздің ағай» деп сыйлайды. Марқұм, Әмзе Әбілев директор болып тұрған кезде «жұмыс істейтін адам маған туысқан» дейтін. Осындай азаматтардың асыл қасиеттерін ұмытпаймын.
– Биыл Ассамблеяның 20 жылдығы болып жарияланды. Алда әз-Наурыз мерекесі келеді. Қандай тілек айтасыз?
– Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері тұрады. Саяси тұрақтылықты ұстап отырған Елбасыға рахмет. Басты байлық – татулық, ынтымақ. Дені сау, білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін жоғарыда айтқанымдай үлкендер тәрбиелі болу керек. Әр адамның бойында Отанға деген сүйіспеншілік болу ләзім. Төлеген Айбергеновтің:
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам,
Тағдыр да мені бай қылмас, – дейтін жыр жолдары бар. Сол туған өлкемізді түлетуге шамамыз келгенінше атсалысуымыз керек. «Ниет болса мүмкіндік табылады» дейді ғой. Құры ниет қылып қоймастан ізгі ойларымызды жүзеге асыра білсек қанеки. Жүсіп Баласағұни деген ойшылдың:
Жақсы ниет – ниет қана қарасаң,
Дұрыс оны іс қылуға жарасаң, — дегенді оқығанмын. Ортақ үйіміз Қазақстанымыздың гүлденіп, көркеюі үшін бірлесе қимылдауға шақырамын. Барша бауырларды, ағайындарды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Әділ ӘБДІРАМАНОВ
Шардара ауданы
«Оңтүстік Рабат», №10, 11.03.2015