Оңтүстік Қазақстанның полиция қызметкерлері 2015 жылдың басынан бері жергілікті тұрғындардан 750-ден астам травматикалық қару қабылдады.
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап өңірімізде тұрғындар тарапынан өз еркімен газды және жарақат салатын қаруларын сыйақыға өткізу бойынша акция өткізілуде. Бұл акция Қазақстан Республикасы үкіметінің 2014 жылдың 24 қазанындағы қаулысы бойынша жарақат салатын, оқпен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды сақтауға және алып жүруге ішкі істер органдарының тиісті рұқсаты бар жеке тұлғалардың қаруды ерікті түрде өтеулі негізде тапсыру қағидаларына сәйкес жүргізілуде.
Осы уақыт аралығында өткізілген акция кезінде, жылдың басынан бастап, ОҚО ішкі істер органдарына тұрғындардан қаруды тапсыру туралы 717 арыз түсіп, одан бөлек 754 травматикалық қаруды тұрғындар өз еріктерімен тапсырған. Өткізілген қаруға криминалистикалық сараптама жүргізіліп болған соң қорытындыға қарап оның санаты анықталады.
Қарудың техникалық жағдайы үш бөлімнен тұрады:
1-санатқа жататын қаруларға бағасының 90% пайызы төленеді
2-санатқа жататын қаруларға өз құнының 70% пайызы төленеді
3-санатқа жататын қаруларға бағасынан 50% пайызы төленеді
Қазіргі таңда ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы тарапынан облыс аумағында өз еріктерімен травматикалық қаруын өткізген 155 тұлғаға 8,5 миллионнан астам теңге төленді.
Осы орайда полиция қызметкерлері травматикалық қаруды сақтауға және алып жүруге ішкі істер органдарының тиісті рұқсаты бар жеке тұлғаларға 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін өз еріктерімен қаруларын өткізудің қажет екенін, қаруларын өткізбеген тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.