Қазақтың қатепті қара нары

Жұмабек Тәшеновтың туғанына 100 жыл толуына орайғы толғаныс

(Жалғасы. Басы өткен нөмірде)

Мәриям апай дастархан жайған. Төртбақ жуантық ер кісі отыр.

Жұмабек ағаң. Сәбит ерекше жақсы көріп еді, Жұмекеңді-деді Мәриям апай.

– Тәшенов? – дей жаздап барып қалдым. – Шымкенттен келіп отыр ғой, ағай?

– Иә, Шымкенттен. Әңгімесін тыңдасын деп әдейі шақырттым, қарағым.

Көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған Жұмабек Тәшеновті мен осылай, жазушы Сәбит Мұқановтың шаңырағында көріп, кездесіп, әңгімелесіп едім. Күнделік ақтарып әңгімесін емен отырып бір еркін жеткізермін әлі. Әл-әзір сабыр сақтай тұрайық…

Жұмабек Тәшеновтың туғанына 100 жыл толуына орайғы толғаныс
Жұмабек Тәшеновтың туғанына 100 жыл толуына орайғы толғаныс

…«Дәм айдаса қалма…»-деген. Шымкентте тұрармын, қызмет істермін деп сірә да ойлаған емен. Тағдыр айдап туған жерде бес жыл қызмет еттім. Сонда Жұмабек Тәшеновтің үйімен көрші тұрдық. Әйел, бала-шағасымен жолығып әңгімелестім. Әрине, бұл кезде Жұмекең бақилық. Жеңгейдің «Ағаң өзіне келгенде өкіметтен ештеңе сұрамайтын еді ғой. Шымкентте дұрыс үйді Брежневке тлифондап алғанмын» – деген үні құлағымда. Леонид Ильичтің өзі Қазақстанға телефондап: «Жұмабек Ахметовичке әлі күнге бір дұрыс пәтер берілмегені не қылғаны?…»-депті.

Шымкентте дұрыс үй? Дұрыс үй – мемлекет тарапынан жасалған жағдай! Жұмекең Қазақ ССР Министрлер Советі председателі қызметінен қазақтың жерін қорғаймын деп бір сәтте сыпырылып түсіп, Оңтүстік Қазақстанға облыстық атқару комитетінің бәленбайыншы орынбасары етіп жіберілген. Ол өзі де күткен жағдай болуы керек. Күйінішке берілмей, білек сыбана кірісіпті қызметіне. Бірақ, қайдан? Саптыаяққа қымыз құйып, сабынан қарауыл қаратып қойған… Одан «Қаракөл елтірісі зауыты директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары» қызметіне сырғытылғын. Қызметтес болған жандармен әңгімелесіп жүремін. Жұмыс істетпеген. Ал, ол болса қызметті әріптестерінен тартып алып атқарады екен. Шеттеткен. Соған қарамай, жас кадрларды жанын салып тәрбиелейді екен, жарықтық. Шәкірттері көп. Көптің аузында әлі күнге жалқы, жадау күй кешкен қазақ саяси өмірінің хас батыры, тоталитарлық жүйе кезеңінің тар құрсауында ұлт мүддесі үшін тұрысқан, жаңа заманның МӨДЕСІ – ЖҰМАБЕК АХМЕТҰЛЫ ТӘШЕНОВ!

Расында Жұмабек Тәшенов империяның отаршылдық саясаты тұмшалаған заманда бұлттан күнге жол ашқан ардағымыз, ұлы Абай айта беретін «единица» ғой. «Өңшең ноль» (Абай) өңкиіп аузына су толтырып алып отырғанда «единица» болмаса жағдай қалай болар еді? Тәшенов болмаса не боламыз сол жолы? Бүгін ойласаң жаның түршігеді. Сондай адамды да қадірлей алмадық-ау деп өкінесің.

Азамат Алашұлы аңдамадың,

Қымбатты арзан менен таңдамадың.

Түтікпен жаманыңды үріп-үріп,

Жақсыңды жаудай қылып олжаладың – деген Әбубәкір Кердерінің өлең жолдарының есіме түсіп отырғаны.

Тәшеновке кеше кеңестік кезеңде жағдай жасай алмадық. Отбасы Алматыға қоныс аударып, көшіп кеткелі бірсыпыра уақыт. Енді, ең болмаса тәуелсіздік алған бүгінгі күні Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кісі бойы биік, еңселі ескерткіші қойылса жараспас па еді?! Бұдан он, тіпті жиырма жыл бұрын айтқан ұсынысымды бүгін тағы бір қайталауға тура келіп тұр… Бұрын радиодан айтып едім, бүгін баспасөзге жазып отырмын! Қазақ жерін басқыншы отаршылардан қорғап қалған Жұмабек Тәшенов қазақ халқы аман тұрғанда Жер-Ананың құшағында ғана емес, ЕЛ-АНАНЫҢ да құшағында жасауға тиісті ұлы тұлға! Қазақтың катепті қара нары, жаңа дәуірдің МӨДЕ-сі…

Құлбек ЕРГӨБЕК,
профессор

«Оңтүстік Рабат», №11, 18.03.2015