Үмітін үзбегендер

Мағзұм Елебаев

Жетпіс жыл өтсе де майдан даласынан хабарсыз кеткен туысын іздеген азаматтар қатары толастар емес. Солардың бірі – Амантай Мағзұмұлы. Ол майдан даласынан оралмаған әкесі Мағзұм Елебаевты іздейді. Айтуынша, әкесі Мағзұм майданға аттанған уақытта 15 күндік шақалақ болған.

Мағзұм Елебаев
Мағзұм Елебаев

Мағзұм Елебаев – 1902 жылы Бәйдібек ауданында (бұрынғы Шаян ауданы) туған. Жастайынан еңбекке араласады. 1927 жылға дейін жалдамалы жұмысшы болып істеген. Одан кейін Шаян ауданы, «Глиновск» ауылдық кеңесінің төрағасы, 13 жыл бойы аудандық атқару комитетінің меңгерушісі болған. Ал 1943 жылдың сәуір айында өз еркімен соғысқа аттаныпты. «Қай майданда ұрысқа қатысқанын, қай жерде көз жұмғанын білмеймін. Тіпті, хабар-ошар болған-болмағанын, қара қағаз келген-келмегенінен де хабарсызбын. Қолда бары жұмыс кезінде түскен жалғыз суреті ғана», – дейді Амантай ақсақал.

Әкесі жайында қандай да бір мәлімет іздеген Амантай ақсақал жасы 70-ті алқымдаса да үмітін үзген емес. Әкесін көрген білген, бірге майдандас болған ақсақалдар суретінен танып, ол жайында қандай да болса бір мәлімет айтып жатса жақсы болар еді, – дейді.

– Әкем жайлы мәлімет іздеп бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Бірақ нақты дерек таба алмадым. Тек бертін келе облыстық әкімдіктің мұрындық болуымен шыққан «Боздақтар» естелік кітабынан әкемнің аты-жөнін көрдім. Бірақ онда аты-жөні Ілебаев М деп көрсетіліпті. Кітапта оның қатардағы жауынгер болғаны, 1944 жылдың желтоқсан айында із-түссіз жоғалғандығы ғана жазылыпты, – дейді ақсақал. Сондай-ақ, әкесінің аты-жөні Даңқ мемориалына да қашалып жазылғанын айтады. Алайда тасқа қашалып жазылған құрметтен гөрі, әкесінің сүйегі табылып, туған топыраққа табысталса қарияның нағыз арманы орындалар еді.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №10, 11.03.2015