ҰБТ сертификаты қажет емес

«Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде Малайзия университеттерінің көрмесі өтті. Көрмеге Малайзияның алты университеті қатысты.

Алтаудың дені – жекеменшік жоғары оқу орындары. Малайзия мемлекетінің білім беру жүйесі Ұлыбританияның білім беру жүйесімен сәйкес. Сондықтан жоғары оқу орындарына 12 жылдық оқуды бітіргені туралы куәлікпен қабылданады. Қазақстанның орта білім беру жүйесі 11 жылдық болғандықтан, Малайзияға оқуға түсуді діттеген қазақстандық талапкерлер алдымен университеталды дайындықтан өтеді.

09-007

Малайзияда оқу – ақылы. Жылдық оқу құны 4,5 – 10 мың АҚШ доллары арасында. Оқу үлгерімі жақсы студенттерге оқу ақысынан 50% жеңілдік жасалуы мүмкін. Бакалавриаттан бөлек, магистратура мен докторантураға оқытады. Ғылыми-тәжірибелік тағылымдамадан өту бар.

Оқу тілі – ағылшын тілі. Ағылшын тілін білмейтін талапкерлерге тіл үйрету курс-тары қарастырылған. Көрмені ұйымдастырушылардың сөзінше, Малайзияда жоғары оқу орнына қабылданудың Қазақстаннан өзгешелігі ондағы университеттерге түсу үшін мамандыққа қатысты ешбір сынақ болмайды. Ағылшын тілін білу деңгейін растайтын куәлігі болмаса, онда сынақ тапсырады. Егер, шығармашылық мамандық болса, онда сол шығармашылық түрінен тест тапсыруы мүмкін. Яғни, ҰБТ сертификаты қажет емес.

Фарингиз Победова, студент: 

– Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде педагогикалық биология мамандығы бойынша 3-курста оқимын. Диплом алған соң, Малайзия университеттерінің бірінде магистратурада оқуды қалаймын. Көрмеге қатысушы университеттердің барлығы дерлік бизнес, маркетинг және технология салаларының мамандықтарын ұсынады. Өзім осы бизнес саласы бойынша мамандықтардың бірінде оқығым келеді. Малайзияда оқу қымбат екен. Мен сұраған мамандықтардың оқу ақысы 10 мың АҚШ долларынан басталады. Сондықтан алдымен сұрастырып, біліп, одан кейін таңдау жасаймын.

2007-2008 жылдары қазақстандық талапкерлер тарапынан қаржы, заң және халықаралық құқық мамандықтарына сұраныс жоғары болған. Соңғы екі жылда ақпараттық технология, инженерлік мамандықтарын таңдағандар артқан.

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат», №9, 04.03.2015