«Оңтүстікте жасалған» акциясы жалғасуда. Бұл жолы жергілікті тауар өндірушілерге «Әсел» базарының құрылтайшылары қолдау көрсетпек. Базардағы 85 сауда орны және 11 қойма саудагерлерге арзандатылған бағада беріледі. Кәсіпкер жалға алған сауда орны үшін ең арзан ақы төлейді.
Қаланың ортасындағы «Әсел» базарында барлық жағдай жасалған. Осыны ескерген қала басшылығы кезінде сауда орнынан муниципалды базар жасамақ ниетте болған. Алайда жоспар жүзеге аспады, оның себебі басшылыққа ғана аян. Десе де базар құрылтайшылары отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге ниетті. Ол үшін кәсіпкерлерге сауда орнын арзандатылған бағада жалға беруге әзір. Осы мақсатта 85 дүңгіршек пен 11 қойма дайын тұр. Тек жоба қатаң қадағаланып, басталған іс аяғына дейін жеткізілсе деген тілегі бар.
Анарбек Нұржанов, «Әсел»сауда кешенінің құрылтайшысы: «Басталған жоба аяқсыз қалмаса болды. Ол үшін кәсіпкерлік палата арнайы штаб құрып, осында атқарылып жатқан жұмысты қадағалап отыруы керек. Күндегісін күнде қадағаласа, өзімізде жасалған тауарға сұраныс та артады.»
Отандық тауарлардың дәл осы базарда сатылуына барлық жағдай жасалған. Делдалсыз тікелей сатуды облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып отыр. Базар басшылығымен арнайы кездескен кәсіпкерлер бұл ұсынысты қуана қабылдады.
Жасұлан Жүсіпбеков, «Түркістан СПК» ЖШС өкілі: «Бұл — жақсы ұсыныс. Жалға алған орның арзан болса, ол да әжептеуір қолқабыс. Мұны кез келген кәсіпкер растайды. Біз мұнда жұмыс жасауға дайынбыз.»
Облыстық кәсіпкерлер палатасының бақылауымен жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін сату жүйесі нақтыланған. Бүгінгі таңда Қазақстанда жасалған өнімдер үлкенді-кішілі сауда орындарында және дистрибьютерлік компаниялар арқылы сыртқы нарыққа шығып жатыр. Ең басты мақсатымыз — кәсіпкерлер экономикалық дағдарыстың салқынын сезінбей, ісін дөңгелетуде кездесетін кедергілерді алдын алу дейді мамандар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=EsHjxhht5Qo[/youtube]
«Әсел» базарында жүзеге асатын қанатқағар жобаға кез келген кәсіпкер қатыса алады. Жергілікті кәсіпкерлер үшін 20 шаршы метрлік дүңгіршек бір айға небары 5000 теңгеге, ал 3 шаршы метрлік сауда орны 1500 теңгеге жалға беріледі. Жеті мың теңгеге 40 шаршы метрлік дүңгіршекті таңдап жүріп аласыз. Ал коммуналдық шығындарды жалға алушының өзі төлейді.