Баспана кезегінде тұрғандар үшін жағымды жаңалық. Сәуір айында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында Шымкентте 1080 пәтер пайдалануға берілмек. «Нұрсәт» шағынауданында бой көтерген 15 көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлер «Қазақстан ипотекалық компаниясы» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы арқылы үлестірілетін болады. Алайда, бұл пәтерлер белгілі бір санаттағы азаматтарға ғана тиесілі болмақ.

11-009

Кімдерге беріледі?

Бұл сұрақ баспанаға мұқтаж кез келген жанды толғандыратыны сөзсіз. Ендеше біле жүріңіз, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ тұрғын үйі» бағдарламасы бойынша берілетін пәтерлер бұған дейін бас-пана кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Олар:

– Көпбалалы отбасылар;

– Толық емес отбасылар;

– Мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар;

– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

– Оралмандар;

– Мемлекеттік, әскери, арнаулы мемлекеттік орган, бюджеттік ұйым қызметкерлері.

Шымкент қалалық тұрғын-үй секторының меңгерушісі Гүлнәр Әшірбаеваның айтуынша бағдарламаға қатысушылар мынадай критерийлер бойынша іріктеліп, төмендегідей кіші топтарға бөлінеді:

Бірінші кіші топ – жергілікті атқарушы органдарда жас отбасы санаты бойынша кезекте тұрғандар. Яғни, кемінде үш жыл некеде тұрған, балалары бар және ерлі-зайыптылардың екеуі де 35 жасқа толмағандар (бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте) мен ажырасқан, жесір/тұл ата-ананың бірі ғана баласын тәрбиелеп отырған толық емес отбасылар;

Екінші кіші топ – 1-кіші топқа кірмейтін, көрсетілген санаттағы ЖАО-да кезекте тұрғандар.

Бір сөзбен айтқанда, бағдарламаның бұл бағыты баспана кезегінде тұрғандар үшін тиімді болмақ. Неге десеңіз, коммуналдық тұрғын үй қорынан салынатын үйді (10,20,30 жыл) күтпей-ақ, дәл қазір аталмыш бағыт бойынша құжат тапсыруға мүмкіндік бар. Ал бұл дегеніміз барлық талаптарға сай келген отбасы сәуір айында баспаналы болуы әбден мүмкін.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: 

– Бүгінгі таңда Шымкентте баспана кезегінде тұрғандардың саны – 14 800-ге жеткен. Олардың басым көпшілігі жас отбасылар. Кезекті жылжытып, халықты баспанамен қамту үшін барлық шаралар қолға алынғанымен, мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмай отыр. Дегенмен, алдағы 5 жылдықта баспанаға мұқтаж жандардың саны біршама азаятынына сенімдімін. Себебі, биылдан бастап кезекте тұрғандар «Қазақстан ипотекалық компаниясы» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы арқылы баспанаға қол жеткізе алады.

Бағдарламаға кімдер қатыса алмайды?

Ескеретін жайт, бағдарламаға:

– Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары;

– Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына теңестiрiлген адамдар;

– Кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

– Мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңiстiгiне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезiнде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқандардың отбасылары;

– І және ІІ-топтағы мүгедектер;

– Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

Жалғыз тұрғын үйi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен авариялық жағдайда деп танылғандар санаты бойынша кезекте тұрғандар қатыса алмайды.

11-008

Талаптары қандай?

Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:

1) Тұратын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұру;

2) Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болуы керек;

3) Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы 5 жылдың ішінде тұрғын үйдің болмауы шарт;

4) Төлем қабілетін растауы қажет.

Төлем қабілеті демекші, егер пәтерді жалға алушының табысы жеткіліксіз болған жағдайда кепіл беруші ретінде ата-анасын, туған-туыстарын тартуға болады.

Жалға беру төлемі және олардың есеп айырысу сомасына қатысты сұрақтар туындаған жағдайда «Қазақстан ипотекалық компания» Ипотекалық ұйымы» АҚ өкілдігіне хабарласу қажет.

Гүлнәр Әшірбаева, Шымкент қалалық тұрғын үй секторының меңгерушісі: 

– Бұған дейін шымкенттіктер «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының 2 бағыты: біріншісі – жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұру, екіншісі – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы салынған үйге қол жеткізген болатын. Енді кезекте тұрғандар «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ АҚ арқылы салынған тұрғын үйлерді жалға ала алады. Бұл бағыт бойынша 2015 жылдың сәуір айында 15 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1080 отбасы үймен қамтамасыз етілмек. Олардың 580-і жас отбасылар.

Айырмашылығы неде?

Бұл бағдарламаның өзге бағдарламалардан басты ерекшелігі бұл үйлер сатып алу құқығымен жалға беріледі. Ипотекалық компания салған бұл үйлердің 1 ш.м. жалдау құны шамамен 800-900 теңгеден аспайды.

1 бөлмелі пәтерге — 25 000 теңге,

2 бөлмеліге – 43 500 теңге,

3 бөлмеліге – 59 000 теңге төлеп отырады.

Ай сайынғы төлемдер пәтердің жалпы құнын жабуға жұмсалады. Айтпақшы, пәтерді мерзімінен бұрын сатып алуға да болады, бірақ, ол үшін кемінде 5 жыл өтуі керек. Ескеретін тағы бір нәрсе, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жалдау шартының мерзімі 30 жылға дейін ұзартылады.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №11, 18.03.2015