«Арақ-шарап» қылмыстық тобының мүшелері сотталды

343

Шымкенттегі ауданаралық мамандандырылған сот «Винхаус» зауытының директоры, Орал қаласының жеке кәсіпкері, шымкенттегі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есепшісі және Сайрам аудандық салық инспекциясының бірқатар қызметкерлерінен құрылған қылмыстық топқа қатысты үкім шығарды. Бұл қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы «Винхаус» зауытында жалған жолмен арақ-шарап жасап, ел аумағында сатқан. Сотта алкогольді тауардың құны 130 млн. теңге екені дәлелденді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Ti6UejuQpOA[/youtube]

«Винхаус» зауытының бұрынғы басшысы және серіктестік есепшісі, сондай-ақ, Орал қаласының кәсіпкері 8,5 жылдан 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылды. Ал салық қызметкерлері 1 жылға түрмеге қамалды.

2013 жылы қаржы полицясының шұғыл тергеуі барысында «Винхаус» және «Тұтынушы» зауыттарында жалған акциздер жабыстырылған 20 мың шөлмек тәркіленген болатын. Сондай-ақ, полицейлер арақ-шарап зауытының лицензиясыз шарап шығаратын өндірістік желісін анықтаған болатын. Алкогольді өнімдер барлық талаптарға сай болған, алайда жалған акциздермен жүзеге асырылған. Өнім пысықай ұйымдастырушыларға қомақты табыс әкелген.

Серікжан Мырзалы, ОҚО ЭЖКД басшысының орынбасары: «Тұтынушы зауытында акциздері бірдей бірнеше мың бөтелке табылды. Ал, сауда орындарында есепке алынбаған 360 мыңға жуық өнім тәркіленді.»

Жалған акциздер жапсырылған арақ бүкіл ел аумағында сатылымға шығарылған. Ал ресми жүк құжаты бойынша жеміс шырындары болып жазылыпты.

Әбинұр Қарабаев, қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы: «Винхаус» зауытының директоры Дмитрий Китеров ең ұзақ мерзімге, яғни, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылып, жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Қылмыстық топтың бірнеше мүшесі қамалғаннан кейін тергеуге белсенді қатысқан. Тергеу мен сот олардың белсенділігін ескеріп, қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Сонымен қатар өнімді таратуға атсалысқан Орал қаласының жеке кәсіпкері мен жергілікті фирманың есепшісі сотталды.»

Ал алкогольді өндірісті бақылап, есепке алатын салық инспекциясының 7 қызметкері өздерінің қызметтеріне немқұрайлы қарағандары үшін бірнеше бап бойынша айыпталып отыр. Алайда, өкініш білдіріп, тергеуге белсенді көмектескендері үшін сот оларды 1 жылға бас бостандығын айырды. Айыптылардың төртеуінің тергеу барысында қамауда отырғандары ескеріліп, сот залынан босатылды. Бұл үкім 15 тәуліктен соң күшіне енеді.