Ардагерлер билік назарында

Ордабасы аудан­дық мәдениет үйінде «Ардагерім – ардағым» қайырым­дылық акциясы өтті. Шараның шымылдығын жырмен түрген айтыскер ақын Н.Есен­құлов халқымыздың табиға­тын­да бар қайы­рым­дылық жасау шарасы ойдағыдай жалға­сын табатынына сенім білдір­ді.

10-005

Аудан әкімі Самат Сапар­баев соғыс ардагер­лерін қамқорлыққа алу жолында атқарылып жат­қан іс-шараларға шолу жаса­ды. Жалпы, бүкіл еліміз­дегі­дей Ордабасыда құрметті жан­дарға жасалған, жасалмақ қамқор­лық көп-ақ. Бүгінде көрсетілер көмектердің бірқа­тары нақтыланып қойылған. Мәселен, 11 соғыс ардагерінің екеуінің үйі күрделі, қалғаны ағымдағы жөндеу көрмек екен. «Елден майданға аттанғандар­дың, тыл еңбеккер­лерінің есімдері жазылған ескерткіш тақта орнату, ардагер аналарға арнап мүйіс ашу да ойда. Ауған соғы­сы­ның арда­герлері де назардан тыс қалмайды. Орталық алаңдағы ал­лея, Батыр­лардың мүсіндері жөнделеді. Бүгінгі өтіп отырған қайырымдылық акциясы — жақсы істің басы ғана. Бұл игілікті шара жалғасын табады. Акция барысында түскен қаржы арнайы құрылған комиссияның шеші­мімен жұмсалады. Оған әкімдік аралас­пайды», — деген аудан әкімі ортаға қойылған жәшікке алғашқы болып үлестерін салды. Ол — аудан әкімі аппараты қызмет­керлерінің бір күндік жалақы қоры екен. Аудандық «Дәулеталыұлы Бегалы ата» мешітінің наиб имамы Н.Шалхарұлы сөз алып, қайырымдылық көрінісінің пайғамбар зама­нынан бастау алатынына мысал келтіріп, тағылымды әңгіме айтты. Бұдан кейін мекеме, ұйым атынан олардың басшылары, кәсіпкерлер сахнаға көтеріліп, қор­жында­ғыларын ортадағы жәшікке тастады.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

«Оңтүстік Рабат», №10, 11.03.2015