Автобус аялдамасында тұрмыз. Бірінен соң бірі келіп, кетіп жатқан автобустар тоқтай салысымен аялдама азан-қазан болады да қалады. «ТЕХ», «Гульжан», «Огонек», «Рахат», «Электрон», «Колос»… Таныс жағдай, иә? Бұл әсіресе шымкенттік тұрғындардың күн сайын бірнеше рет еститін хабарландыруы. Иә-иә, кондукторлардың жолаушы жинаудағы тың әдісі. Алайда бұл қала мәдениетіне өз нұқсанын келтіріп жатқан жоқ па?
Жолаушылар лық толғанша кейде жүргізуші автобус не шағын автобусты орнынан қозғай қоймайтын әдетті шығарған. Әсіресе таңғы және кешкі уақытта бүрсең қаққан халық үйіне емес, құдды бір соғысқа аттанып бара жатқандай кейіпте. «Бері тұр», «ары тұр» деп бір-бірін таптап кетуге дайын тұратын халықтың жүйкесі қыл үстінде болады. Оған қоса «Байтұрсынова, Баян Сұлу, Алимбетова…» деп бар дауысымен айқайлайтын кондукторды елестетіңізші. Қазақтың біртуар тұлғаларының жынысын ауыстырып, «Байтұрсыновты» — «Байтұсрынова», «Қонаевты» — «Қонаева» деп атаған кондукторлардың дөрекелігі мұнымен шектелмейді. Өзіндік дауыс ырғағына сай созыңқырап айтатын әдетіне салатын олар жолаушы «мына аялдамаға барады ма» десе, ол жерге бүкіл қаланы шарлап шықса да «барамыз-барамыз» деп салонға тықпалай беруді қанына сіңіріп алған.
Онсыз да амалдың жоқтығынан үйіне аман-есен жетіп алуды ойлап тұратын жолаушы үшін кондуктордың ащы дауысы жүйкесіне әсер етпей қоймайды. Бұл тек біздің пікіріміз емес. Бұған қатысты қала халқы да жауапты мекемеге шағымданған. Бұны қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев та растап отыр. Бірақ қолдан келер шара жоқ дейді басшы. Себебі кондукторлардың аялдама атауын дауыстап хабарлауы заңға қайшы келмейді. Демек, көнуге тура келеді-міс.
Қуатжан Жұматаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
– Конкурста аялдамаларды хабарлауға қатысты үш талап бар. Олар: кондукторлардың жанды дауыспен, автобус ішіндегі арнайы құрылғының көмегімен және аялдама атаулары жазылған диск арқылы хабарлау. Жолаушы тасымалдаушылар ережеге сәйкес осы талаптардың біреуін қолданады.
Қала тұрғыны ретінде кондукторлардың бұл әрекетіне еш қарсылығым жоқ. Бұл шеттен келген қонақтар үшін пайдасын тигізеді. Ал аялдамаларды қазіргі атауымен атау қатаң бақылауға алынған. Ол бойынша диспетчерлік қызмет орталықтарында аптаның әр сейсенбісінде жиналыс өтіп, жолаушы тасымалдаушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Айтпақшы, біздегі кондуктор-ларға жалақы төлеу көлік компаниясын-дағылардың құзырына кіреді. Оған билік араласпайды. Мақаланы жазарда қаладағы бірқатар аялдамаларды аралап шыққан едік. Біраз кондукторлармен де тілдестік. Көбі аты-жөнін айтқысы келмеді, тіпті жалақыларын да жасырды.
Жә, жолаушы тасымалдаушы компаниясындағылар ережемен жұмыс жасауда делік. Бірақ, «шумахер» жүргізуші мен «айтыскер» кондуктор да ережеде қарастырылмаған шығар?! Аялдамаға жетіп тоқталмастан халықты түсіру, жүріп бара жатып жолаушыны ала кету ше?
Қарлығаш Омарбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Кондукторлардың жұмы-сына көңілім толмайды. Салонға адамды барынша толтырып алады. Кейде іште тұрып адамның көптігінен аялдамамыздан өтіп кеткен кездеріміз де болған. Жолаушыны есепсіз жинай беретініне таңмын. Ол аз дегендей шаршап, автобус күтіп тұрғаныңда құлаққа түрпідей тиетін бақырық дауысты қосыңыз. Қала тұрғыны ретінде бұған қарсымын. Біз далада емес, әжептеуір мегаполис атанғалы отырған қалада тұрып жатырмыз ғой. Көршілес қалаларға қарасаң қызығасың. Ал бізде ше? Мәдениет қоғамдық орыннан басталады емес пе? Меніңше, кондукторларды арнайы курстан өткізіп, жұмысқа қабылдау керек.
Салонына адамды лық толтырып, құдды бір «финиш» белгісіне асыққан жүргізушілердей бір-біріне жол бермейтіндер туралы не айтамыз? Бұл кезде жолаушы тасымалдаушы сүйекке сіңген өз заңын алға тартып шыға келеді. Дөрекілік танытып, өзім білермендікке салынады. Әрине, бәрі емес, бірақ арасынан табу қиынға соқпайды.
Шын қаласа, тауды бұзып, тасты да қопаруға болады емес пе? Естеріңізде ме, осыдан бірнеше жыл бұрын сонау Астанаға хат жолданып, қала әкіміне тағы бір орынбасар штатын қарастыру туралы ұсыныс берілген болатын. Көп уақыт өтпей ұсыныс қолдау тапқан да еді. Бүгінде шаһар басшысының төрт, ал өзге аудан, қалаларда әкімнің үш орынбасары бар. Демек, ережені өзгертуге шын ниеттілер табылса, ол үлкен проблема бола қоймас. Есесіне үшінші қала атанғалы отырған шаһарымыз үшін пайдасы тиер еді.
Қарлығаш Омарбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Кондукторлардың жұмы-сына көңілім толмайды. Салонға адамды барынша толтырып алады. Кейде іште тұрып адамның көптігінен аялдамамыздан өтіп кеткен кездеріміз де болған. Жолаушыны есепсіз жинай беретініне таңмын. Ол аз дегендей шаршап, автобус күтіп тұрғаныңда құлаққа түрпідей тиетін бақырық дауысты қосыңыз. Қала тұрғыны ретінде бұған қарсымын. Біз далада емес, әжептеуір мегаполис атанғалы отырған қалада тұрып жатырмыз ғой. Көршілес қалаларға қарасаң қызығасың. Ал бізде ше? Мәдениет қоғамдық орыннан басталады емес пе? Меніңше, кондукторларды арнайы курстан өткізіп, жұмысқа қабылдау керек.
Аялдамада автобус күтіп тұрған немесе аяқжолда өтіп бара жатқан сіз үшін бақырып жолаушы жинау, ақшаны молынан қарпу әдептілік болып санала ма? Біздіңше, бұл — жабайылықтың, мәдениетсіздіктің белгісі. Онсыз да республиканың өзге аймақтарындағылар біздің қоғамдық көліктерде орын алатын оқиғаларды талқыға салып, күлкіге айналдырып жүргені аз емес қой. Бәлкім бұл қоғамдық автобус күтпек түгілі, қай жерде қандай аялдама орналасқанынан хабарсыз қымбат көлік мінгендер үшін қияли әңгіме болып көрінуі мүмкін. Бірақ, шындығы сол.
Әрине, қоғамдық көліктерге қатысты бұдан да өзге «әттегенайлар» аз емес. Бірақ, ашу-ызаны тудыратыны неге Алматы мен астаналық кондукторлар «клиент» жинауда бұл тәсілді қолданбайды? Әлде шымкенттіктердің ой-өрісі олардікінен төмен бе? Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Жансая Тәуекелқызы
«Оңтүстік Рабат», №9, 04.03.2015