Бірлікке бір мектеп керек

8-015

Облыста жыл сайын бірнеше ондаған мектеп пайдалануға беріліп жатса да білім ұясынан таршылық көріп келе жатқан елдімекендер азаяр емес. Осының дәлелі ретінде Ордабасы ауданы, Бірлік ауылындағы жағдайды айтуға болады.

8-014

Аталмыш ауылдың төменгі сыныптағылардан өзге оқушылары көрші Жамбыл ауылындағы мектепте білім алуға мәжбүр. Оның үстіне жаяу қатынайды. Бірліктегі жалғыз мектеп тек бастауыш сыныпта оқитын балаларға арналған екен. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған. Қабырғасы жарылып, іргесі үгітіліп кеткен. Сылағы мен екі ортасы күйреп, құлайын деп тұр. Төбесіндегі жабындылары да жарамсыз жағдайға жеткен. Талайдан бері күрделі жөндеу жүргізілмегені көрініп тұр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=eTvuSQos0Ls[/youtube]

Балаларының шаршағанын айтқан жұрт жергілікті биліктен жаңа білім ұясының салынуын сұрап отыр. Бірнеше рет аудан басшысына хат та жазыпты. Әкімнің қабылдауында болып, мәселенің шешілуіне ықпал етуін сұранған. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ. Аудан билігі жуық арада Бірлік ауылында жаңа мектеп салынбайды депті. Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Әлдібек Сәдірмектің айтуынша 2017 жылға қарай мектеп құрылысы басталып қалуы мүмкін.

8-013

Жанға бататыны екі ауылдың арасы талай жер. Оқушылар мектепке барып келу үшін алты шақырымды артқа тастайды. Ауылдың ішінен өтетін күре жолмен жүйткіген көліктер оқушы түгілі үлкендердің өзін басып кете жаздайды. Ата-аналардың алаңдап отырғаны да осы. Бір шетінен өз ауылдарында мектеп болғанын кім қаламайды дейсіз.

8-016

Қынжылтатын тағы бір мәселе – тасжолдың бойында оқушылар жүретін аяқжол жоқ болып шықты. «Желдей жүйткіген көліктер соғып кете ме деп қорқамыз», – дейді оқушылар. Ал, ауылдың төменгі жағындағы жасөспірімдер төте жолды таңдап алса керек. Бөржар өзенінен өтіп, сабаққа төтесінен тартады екен. Көпір де жалғыз. Өзен суы көбейгенде көпірді су басып, арғы бетке өту одан сайын қиындай түседі.

Сосын амал жоқ, айналып, үлкен жолдың бойымен жүруге тура келеді. Мұндай жағдай, әсіресе, көктем мен күз, қыс мезгілдерінде аса қиындық туғызады. Мектепке барар жолда айнала қаулап өскен қамыс арасы оқушылардың үрейін ұшырады. Бұл маңайда қаңғыған ит те, аң-құс та көп екен.

8-012

Ұзын сөздің қысқасы, Бірлік ауылы жаңа мектепке зәру. Қатынап оқудың азабын тартқан оқушылар әбден қалжырап қалыпты. Күнде 6 шақырым жол жүру оңай дейсіз бе?! Билік өкілдері болса жоғарыда айтқанымыздай әлі бірнеше жыл осылай сандала тұрасыңдар дегенді меңзеуде. Қалай болғанда да Бірлікке бір мектеп керек. 6 шақырым түгілі 600 метр жаяу жүруге ерінетін атқарушы биліктің құлағына ауылдықтардың осы арманын жеткізгіміз келді.

Дәурен Әбдіраманов

«Оңтүстік Рабат», №8, 25.02.2015