Төлеби ауданының тұрғыны Фатима Хайранова «120-шы көктемімді көрсем» деп армандайды. Онысы әлі де болса күйеуінен бір хабар кеп қала ма деген үміттің үзілмегені болар…
1941-1945 жылдарды қамтыған Ұлы Отан соғысына облысымыздан 140 мың азамат аттанған. Оның 97 мыңы туған топырағына қайтып оралмады. Осыншама шаңырақ қара жамылып, қаншама әйел жесір қалды. Фатима Хайранова күйеуінен айырылған сондай жандардың бірі. Күткен үмітін «қара қағаз» үрлеп өшірсе де басынан ақ жаулығын тастамай, жарына деген адалдығын сақтап қалған Фатима апа қалған өмірін жарынан қалған 3 балаға арнады.
Фатима Хайранова — 1896 жылдың 1 қаңтарында туылған. Мына өмірде көрген қиындықтары аз болған жоқ. Бірақ, сағы сынбады. Басына түскен ауыртпалықтарға мойымай көтере білді. Соның айғағы болса керек, өмірдің түрлі соқпағын көрген Фатима апа бүгінде 118 жасқа толып, 3 баласынан тараған немере-шөпшегінің қолынан май жалап, бақытты ғұмыр кешіп отыр.
– Мен өмiрiмдi ұмытып қалдым ғой. Бар білерім уақытында қиындықты да, жоқтықты да көрдiм. Жолдасымды майданға аттандырдым. Ата-анамды, бауырларым мен балаларымды өз қолыммен жерледім. Қазiр немерелерімнің қолындамын. Науқастанғаным болмаса, жақсымын. Әлі де болса 120-шы көктемімді көрсем деген үміт те жоқ емес, – дейді бетін әжім торласа да, көңілі қартаймаған кейуана.
Фатима апа отбасында жалғыз қыз болған екен. Сондықтан да болса керек, қым-қуыт тірліктің күйін күйттеп, ата-анасына қолғабыс боламын деп жүріп тұрмысқа кеш шығыпты. Жарымен небәрі 5 жыл бірге тұрған. Осы ара-лықта 2 қыз, 1 ұл туады. Күйеуі 1939 жылы әскерге алынып, сол жақтан майдан даласына аттанғанда Фатиманың қолын-дағы кенже баласы Абдулла небәрі 6 айлық нәресте болған.
Ерін соғысқа аттандырған әйел-дің енді арқаны кеңге салар жайы жоқ еді. Белі қайысып, білегі талса да, ауыр жұмысты атқаруға міндетті болатын. Балаларын етегіне байлап жүріп, күні-түні талмай жұмыс істеп, Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Әйтсе де тағдыры оған тым қатал болды. Алдымен аңсап күткен қосағынан «қара қағаз» келіп, үміті сөнді. Ауыр қайғы жүрегіне зіл түсірді, ертеңіне деген үмітін үзді. Қайғыдан қайысып, жылай-жылай көз жасы таусылған кейіпкеріміз ұйқысыз түндерде бәрін ой елегінен өткізеді. Ел басына түскен тауқыметті өз басының қасіретінен жоғары қойып, елінің ертеңі үшін қолынан келгенше еңбек етуі керек. Қайғыны қайсарлығы жеңді. Қайта қызметке араласты. Елес болған тәтті күндерін жүрегінің түбіне ұялатып, қосағының қара қосын құлатпады. Қайтып тұрмысқа шықпай, жолдасынан қалған 3 баланы өсіп-жетілдірді.
– Бұл өмірде балаңды жер қойнына бергеннен ауыр қайғы жоқ екен. Мен бауырымның да, ата-анамның да қазасын көрдім. Құ-дай қосқан қосағымның да бұл дүние-ден өткеніне көндіктім. Алайда, ана үшін бала-ларының өлімін көргеннен ауыры жоқ. Тілерім, менің жасымды немерелерім мен шөберелеріме берсін. Алла қазір алса да ризамын, – дейді көзіне жас алған ана.
Міне, Жеңісті жақын-датуға өз үлесін қосып, бақытын соғыс тонаған жесір Фатиманың тауқыметті тағдыры осындай. Отанға, отбасына, қосағына адалдықтың үлгісін көрсеткен жанның өмір жолы кімге болса да үлгі боларлық.
Айжан Ермекқызы
«Оңтүстік Рабат», №9, 04.03.2015