Енді көшелерге кісі есімін беруге тыйым салынды, ал бұған дейінгі атаулар толығымен өзгертіледі. Бұл жөнінде облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшылығы мәлімдеді. Өзекті шарада ономостикалық комиссияның мүшелері жекенің меншігіндегі мекемелердің маңдайша жазулары талапқа сай келмейтінін де көтерді. Айтуларынша, қызметін енді ғана бастаған кәсіпорындар мен шағын мекемелердің басшылығы атауды шет тілінде қоюды сәнге айналдырған.
Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшылығы кеңесті алдымен атқарған жұмыстарын тізбектеуден бастады. Жуырда ғана қала аумағында пайда болған Қаратау ауданындағы көшелерге берілген реттік нөмірлерді де мақтана жеткізді. Дегенмен, Сайрам ауданындағы кемшіліктер де алғашқы мәселелердің бірі болып көтерілді.
Болат Жанәбіл, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Сайрам ауданында «Фабричная», «Прохладная», «Васильковая», «Гүзаль» деген мән-мағынасыз көшелер бар. Сонымен қатар, «Жазан ата», «Гүзаль ата», «Исуф ата», «Шахат ата» деген сияқты көше атаулары кездеседі. Және «Әбдилабат-1», «Әбдилабат-2», «Әбдилабат-3», «Әбдилабат-4″ деген сияқты жалғасып кете беретін атаулар былтырғы комиссия отырысында айтылған еді. Ол ескерусіз, назардан тыс қалып қойған. Осыған аудан басшылығы назар аударса дұрыс болар еді.»
Осындай келеңсіздік бойынша бүгінде Сайрам ауданы көш басында тұр. Мұнда 450-ге тарта көше адам атымен аталады. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшылығының сөзіне сенсек, атау елдімекендердің көпұлтты болуымен байланысты. Енді тұрғындардың реніш-өкпесі туындаумауы үшін жаңа шешім табылған сыңайлы.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=NkHxvV4HQmI[/youtube]
Сейдуәлі Темірбаев, Сайрам аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: «2015 жылдың соңына дейін көшелердегі адам аттарын өзгертіп, табиғи атауларын қойсақ деген жоспарымыз бар. Қазіргі уақытта маниторинг жарияланып отыр ғой. 2016 жылдың қаңтарына дейін біз осындай мәселелерді қарап, жұмыстар жасап, барлығын таразартуымыз керек. Тиісінше жер-су аттарын қоятын боламыз.»
Кеңесті қолға алған басқарма басшылығы енді көшелерге кісі есімін беруге тыйым салынды, ал бұған дейінгі атаулар толығымен өзгертіледі деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановтың алдында аудан-қаланың ономастастика бөлімінің мамандары жекенің меншігіндегі мекемелердің маңдайша жазулары талапқа сай келмейтін тағы да көтерді.
Айтуларынша, қызметін енді ғана бастаған кәсіпорындар мен шағын мекемелердің басшылығы да атауды шет тілінде қоюды сәнге айналдырған. Кеңесте бұл мәселелерді қоспағанда, тағы 11 бірдей елдімекеннің атауы өзгертілетіні айтылды.
Ерлан Айтаханов, облыс әкімінің орынбасары: «Мысалы, Арыс ауданындағы ауылдық округтерде мектептердің атауы бар, ол атам заманнан қалып кеткен. «Лесхоз» дейді, ол не атау?! «МТФ» дейді, ол не тағы?! Орысша «Молочная товарная фирма» деген сөз, ия, оны білмейміз көпшілігіміз. Кезінде қалыптасып кеткен, сөйтіп қалды. Енді ол бұрын керемет сүт фермасы болған шығар, бірақ қазіргі қоғамға сәйкес келмейтін мұндай атаулар көп, оларды ресми түрде ауыстыру қажет».