Көктемнің ерте келуіне үйренген жерлестеріміз наурыздың соңындағы суық күн райынан әбігерге түсті. Синоптиктердің болжамы расталып, жексенбіде қар толассыз жауды. Бәрінен бұрын жер еміп өскен ағайынның уайымы еселене түсті. Есік алдындағы өрік, шие талдарының гүлін қар басып, жайқалған жасылға қауіп төнді.
Бәйдібек ауданынан қалаға қонаққа келген Оразкүл Уызбаева ауылына кері қайта алмай әлек. Жексенбіде жауған қар барлық жоспарымды өзгертті дейді. Қаладағы көріністі көріп, ауылдағы есік алдында гүлдеген жемістің жағдайын уайымдап отыр.
Гүлдеген жеміс ағаштарына ауа райының кері әсері болғанын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары да растап отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Сарыағаш ауданында 127 гектарға егілген өрік, 15 гектардағы шие, Сайрамдағы 75 гектардағы өрік ағаштары мен 60 гектардағы шие, Түлкібастағы 60 гектардағы шие мен 40 гектар жерде өсіп тұрған өрік ағаштарын үсік шалған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=sdWk7kJfXKc[/youtube]
Бір жұбанарлығы, өңірдегі 114 мың гектар жерге егілген күздік астыққа, биылға межелеген 75 мың 600 гектар жердің 27 мыңнан астам гектарына егілген жаздық масақты дәнді дақылдарға жауған қардың аса әсері болмауы керек.
Ауа райының тосын мінезі Шымкенттегі демалыс аумағында жақында отырғызылған гүлдерге де әсерін тигізбей қоймады. Сарығаштан жеткізілген, әр данасы 40 теңгелік 34 мыңға жуық гүл жетілмесе, орнына қайта отырғызылады.