Қалыптасқан дәстүрге сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы биыл да Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы ерекше жағдайда атап өтпек. Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртуға бағытталған мерекелік шаралар өңірімізде Алас күні айдарымен бастау алды.
«Алас» ұғымының астарында тазалану, тазару деген мағына жатыр. Ұлыстың ұлы күні келер шақта тазалану табиғатқа да тән. Бұл күн аптаның сенбі күніне сәйкес келгендіктен, облыс көлемінде жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды.
Мерекеге орай Шымкентте сенбілік өткізіліп, қала тұрғындарының күшімен 150 көше мен 900-ге жуық көпқабатты тұрғын үй аулаларында санитарлық тазалық жұмыстары атқарылды.
Бұл шараға облыс орталығында орналасқан облыстық басқармалар мен орталық мемлекеттік органдардың құрылымдық департаменттерінің қызметкерлері де белсене атсалысып, өз үлестерін қосты.
Ал Абай саябағындағы Ұлы Отан соғысы жылдары қаза тапқан 165 мың оңтүстікқазақстандықтың есімдері таңбаланған «Даңқ» мемориалының аллеясында облыс әкімі Асқар Мырзахметов соғыс ардагерлерімен бірлесе ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл бүгінгі ұрпақтың ел амандығы мен бейбітшілігі үшін жанын қиған жеңіс жауынгерлеріне деген сый-құрметтің белгісі болып қалмақ.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі