Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов әскери самбодан екі дүркін әлем чемпионы атанған Арман Оспанов пен оның жаттықтырушыларын қабылдады. Өңір басшысы облысымызда түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда жеңімпаз атанған жерлестерімізді облыс халқы атынан қабылдап, ілтипат көрсету қалыптасқан дәстүр екенін айтты.
Әлемдік додада топ жарған Арманды ел мерейін асырған жеңісімен құттықтаған Асқар Исабекұлы спортшыға 1 млн. теңгенің, оның жаттықтырушысы Бауыржан Оралбековке 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті.
Облыс халқының 800 мыңдайы жас буын өкілдері екеніне назар аударған Асқар Исабекұлы жеңімпаз спортшылардың көрсеткен ерлігі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудің үздік үлгісі деп бағалады.
Кездесу барысында Арман Оспанов елімізде спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатқандығын айта отырып, талантты жастардың талабына қолдау көрсетіп жатқан облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі